«Отбасым – Отанымның тірегі» Избранное

Среда, 17 Май 2023 04:58 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1040 раз

Шымкент қаласында халықаралық отбасы күні мерекесіне орай «Отбасым – Отанымның тірегі» атты форум өтті. Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, отбасы құндылықтарының маңызы жайлы ойымен бөлісті.

95

 

–Отбасы құндылықтары кез келген қоғам үшін шын мәнінде айрықша мәнге ие. Халқымыз «Отан отбасынан басталады» деген сөзді текке айтпаған. Әрбір отбасының тіршілігі баянды, іргесі берік болып тұрса, бұл мемлекеттің де еңсесінің тік, шаңырағының биік болуына себепші екені аян. Осы орайда Шымкент қаласында алғаш рет ұйымдастырылып отырған отбасы форумының маңызы ерекше. Бұл форум қоғамда отбасы құндылықтарын насихаттау және отбасы институтын қолдау мен нығайтуда үлкен рөл атқарады деп сенеміз, - деді Мұрат
Дүйсенбекұлы.
Шаһар басшысының айтуынша, форум – отбасы институтына қатысты проблемаларды ашық талқылайтын, аға буынның үлгі-өнегесі мен жастардың тәрбиесіне қатысты құнды пікірлер мен салиқалы ойлар ортаға салынатын қоғамдық диалог алаңына айнала алады.
М.Әйтенов осыдан бірнеше жыл бұрын біз республикада алғашқы болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жобаны бастағанын, сол жоба сәтті жүзеге асып, мектеп оқушыларының, мұғалімдер мен ата-аналардың үлкен қолдауына ие болғанын, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан турнир арқылы жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығы артқанын атап өтті.

– Осы форум да сондай қоғамдық қолдауға ие болып, отбасы құндылықтарына бүкіл қоғамның назарын аударады деген ойдамыз. Форум аясындағы жұмыс жалғасын тауып, жылдың соңына қарай Шымкенттің үздік отбасыларын анықтап, оларды «Үздік отбасы» премиясымен марапаттаймыз. Бұл бастама жастарды өнегелі отбасы құруға ынталандырады деген ойдамыз, - деді М.Әйтенов.
Қала әкімі отбасы институтын нығайту бағытында нақты іс-шаралар атқарылып жатқанына тоқталып өтті.

99


–Қазақ — отбасына ерекше мән берген, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халық. Әсіресе, ата-ананы қадірлеу, оларға қызмет етуді әрбір азамат перзенттік парызым деп білген. Өкінішке қарай, соңғы кездері осы дәстүрімізді жалғай алмай қалып жатқан кездеріміз де бар. Мәселен, Шымкент қаласында балаларының қамқорлығынсыз қалған, жалғызілікті 500-ден астам қария бар екен. Осындай кісілер паналайтын арнайы мекемелер Түркістан облысының балансында кеткен. Сондықтан биыл 50 орынды осындай орталық салуға мәжбүр болып отырмыз. Мемлекет мұндай қарияларды қамқорлықсыз қалдырмайды. Бірақ, ұлттық дәстүріміз жақсы сақталған, қазақы тәрбиенің ортасы саналатын Шымкентте мұндай жағдайдың орын алып жатқаны өте өкінішті. Бұл біздің рухани тұрғыда жұтаңданып, адамгершілік қасиеттерімізден ажырап бара жатқанымыздың көрсеткіші емес пе деген сауал бәрімізді ойландырады. Болашақта мұндай жағдай болмағаны жөн. Әрбір перзент өзінің ата-анасына қамқорлық жасап, қолынан келгенше қарияларға қызмет етуі тиіс, - деді Мұрат
Дүйсенбекұлы.
М.Әйтенов отбасының беріктігі оның әлеуметтік жағдайымен ғана өлшенбейтініне тоқталып өтті Сондықтан отбасы институтын қолдау тек мемлекеттің, мемлекеттік органдардың міндеті деп қарауға болмайды. Әрбір отбасының шаңырағы шайқалмауы үшін бүкіл қоғам болып күресуіміз керек. Әкімнің пікірінше, барлық қоғамдық ұйымдар, бүкіл зиялы қауым, қоғамдық пікірдің көшбасшылары, мәдениет қайраткерлері, ақпарат құралдары мен идеологиялық ұйымдар да отбасы құндылықтарын насихаттауға қызмет еткені жөн.
Айта кетейік, «Отбасым – Отанымның тірегі» атты форумда мемлекет және қоғам қайраткерлері, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаттары, «Алтын алқамен» марапатталған аналар және мәдениет саласының майталмандары сөз алып, отбасы жарасымдылығын сақтау, ажырасудың алдын алу және жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру жөніндегі құнды ойлары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Шымкент қаласының әкімдігі осындай форумды алдағы уақытта тұрақты түрде ұйымдастыруды жоспарлап отыр.