Фабрика жылына 120 мың жұп аяқ киім және 150 мың жұп резеңке табанын дайындауға қауқарлы. Аяқ киім өндірісіне маманданған кәсіпорын 2018 жылдың тамызында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жұмысын бастаған. Жобаның инвестиция лық құны – 693 миллион теңге. Фабрикада 45 адам жұмыс істейді.
Аяқ киімнің барлық түрлері таза былғарыдан жасалған және сапалылығымен ерекшеленеді. Арнайы экономикалық аймақтың дайын инфрақұрылым, жер және мүлік салығынан, корпоративтік табыс салығынан босату сынды жеңілдіктері кәсіпорынның тұрақты дамуына және нарықты отандық өніммен қамтуға мүмкіндік береді.
Атап өтсек, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвестиция көлемі 58,4 млрд. теңге тұратын 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылған. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері бюджетке 8,2 млрд. теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасалған. Қарқынды жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақта жаңа жобаларды қолға алу жылдам жүріп жатқандықтан аумағы 867 гектарлық қосымша 5 жаңа өнеркәсіптік алаң құрылуда. Нәтижесінде инвестиция көлемі 398 млрд. теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады.