Зообақ қайта түледі Избранное

Пятница, 23 Июнь 2023 04:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 893 раз

  zoo

Қазақстандағы ең үлкен зообақтың бірі Шымкентте орналасқан. Бүгінде зоологиялық бақта 295 түрлі жан-жануардың 2873 басы бар. Осынша аң мен құстарды тамашалау үшін әсіресе жаз айларында мұнда дүйім жұрт ағылып жатады. Келбеті өзгерген хайуанаттар бағының тыныс-тіршілігімен арнайы танысып қайттық.

Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағы десе, Оңтүстікті өркендетіп, Шымкенттің шырайын ашқан, білікті басшы, алаш азаматы Асанбай Асқаровтың есімі қоса айтылады. Зообақтың ресми түрде ашылуы 1980 жылы 29 сәуірде салтанатты түрде өтті. Қаланың елсіз жатқан шеті көпшіліктің жігерлі еңбегінің арқасында, аз уақыт ішінде жануарлар мекеніне айналды. Тарихи деректерге сүйенсек, нысанның құрылыс жұмысына 54 мекеме мен кәсіпорындар қатысқан. Саябақтың бүгінгі келбеті ерекше. Мұнда қазір 138 қызметкер жұмыс істейді. Зообақтың ғылыми-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Бақыт Оразбаева тарихқа аз-кем тоқталды.

– Алғашқы кезде зообақ коллекциясында 75 аңның түрінен 350 бас жан-жануар болды. Содан бері жылда мекеме жаңа аңдармен толықтырылып, коллекция көбейе түсті. Мұнда, жыртқыш аңдар, аквариум, террариум, тұяқтылар, орнитология, примат, виварий бөлімі қарастырылған. Әр бөлімнің жұмысшыларының өз міндеттері бар. Қазақстанда жануарлар әлеміне саяхат жасауға мүмкіндік беретін зообақ Алматы, Қарағанды мен Шымкент қаласында орналасқан. Қаламыздағы зообақ 32 гектар аумақты алады. Биыл Ресейден Қиыр Шығыс барысын, Ақтау қаласынан сурикат, кенгуру беннета, жайра тұқымдасын, одан бөлек жаннат-су шайқағыш, мини-пиг, пума, сілеусін жануарын алып келдік. Жақсы бір жаңалығымыз, қоян жылында қызыл қасқыр, ергежейлі қой, пони, бұранда мүйізді ешкі, каролинка төлдеп, тауыс құсы, қырғауылдардың басы көбейді, – дейді Бақыт ханым.

Тарихқа шегініс жасасақ, ең алғашқы зообақ 4000 жыл бұрын Египетте, одан кейін Ежелгі Римде пайда болған екен. 2009 жылы Нехендегі археологиялық қазбалар біздің дәуірімізге дейінгі 3500 жылдарға жататын ежелгі хайуанаттар бағының дәлелдерін тапқан. Онда су сиыр, піл, конго, бабун мен жабайы мысықтар мекендеген деседі.

zhiraf

«Аңдардың өз азығы бар»

Зообақты аралап шығып, экскурссияда қоршаудағы аңдарды, тордағы маймылдар, аквариумдар мен террариумдегі алуан түрлі балық, жылан, тасбақаларды көрдік. Оларды тамашалауға келген қонақтардың қолындағы мақта тәттісінің таяқшасын құстарға беріп жатқанын байқадық. Бұл туралы Бақыт ханым келушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

–Келушілердің көбі құстарға қолындағы тәттілерін ұсынады. Құстар әлбетте тамақ талғамайтыны анық. Кейде пайдасыз тәттілерден жан-жануарлар зардап шегіп жатады. Олардың арнайы жейтін азығы болады. Сондықтан тордың тұсындағы тақтайшаларға жануарлардың жейтін қорегі жазылған, – деді.

 raisa Хайуанаттар саябағында 36 жылдық еңбегі бар Райса Долгова 22 жасында «Орнитология» бөлімінде зоотехник болып жұмысқа қабылданған. 1998 жылдан бері маман «Террариум» бөлімінің меңгеруші қызметін атқарып келеді. Оның міндеті – жануарларды күнделікті тексерістен өткізіп, ауруға шалдыққандарын ветеринарлық дәрігермен бірге емдеу шараларын жүргізеді. Одан бөлек, жануарлардың күнделікті азықтарын қадағалап, беріп отырады.

–«Террариум» бөлімінде жұмыс істеу қауіпті әрі қызық. Жануарлармен тілдесіп, оларға қараған өзіме қатты ұнайды. Олар тіпті алақанның жылулығын сезеді. Осында 36 жыл уақытымды арнағаныма өкінбеймін, – дейді «Террариум» бөлімінің меңгерушісі.

Әр жануардың күтімі мен жейтін азықтары бөлек, дейді мамандар. Мәселен, ірі жыландарға аптасына бір рет тірі қоян азығы берілсе, ұсақ жыландар егеуқұйрық, теңіз шошқасы, тышқан етін жейді. Ал тұяқтылар бөліміндегі теңбіл бұғы, ақ түйе, пони, су сиырына күніне екі мезгіл жем-шөбі мен су беріліп отырады. Қазір күннің ыстығына байланысты тұяқтылар күнделікті үш-төрт мезгіл су ішеді екен.

Мұнда келушілердің арасында зообақты «жануарлар түрмесі» деген пікірдегі адамдар кездеседі екен. Тіпті осындағы қызметкерлерді «жауыз адамдар» деп балағаттайтын көрінеді.

– Қарапайым келушілер хайуанаттар бағының жұмысы туралы көп нәрсені білмейді. Жақында ғана бір келіншек аңдардың тірі азықты жеп жатқанын көріп «жауыздар» деп дау шығарды. Ол кісіні әрең сабырға шақырып, жануарлардың қорегі туралы түсіндіріп бердік.Аңдар жыртыш болғандықтан, олар етсіз өмір сүре алмайды. Сондықтан олар тірі азықпен қоректенеді, – дейді маман.

Осы сөзден кейін тірі азықты сақтайтын «Виварий» бөлімінің жұмысымен таныстық. Мұнда теңіз шошқасы мен қояндарды баптайды екен.

–Теңіз шошқасы мен қояндар – «Террариум» бөліміндегі жыландарға, жыртқыш аңдар мен құстарға тірі азық ретінде беріледі. Кейде жануарларымыз ауырып қалған жағдайда мал дәрігерлері тексеріп, емдейді, – деп түсіндірді маман.

Бір қызығы осындағы жануарлардың лақап аттары бар. Астана – бұл керікке еркелетіп қойылған есім. «Астана күні» мерекесінде дүниеге келген соң, солай атапты. Керік өзіне қойылған есімін естігенде жалт қарап, келушілерді таң қалдырды.

Мұндағы әрбір жануарды өз баламыздай көреміз. Сүйкімділігіне тамсанып, лақап атты қою сол жерде туындайды. Бізге жақында ғана Комсомол-на-Амур қаласындағы «Питон» зоологиялық орталығынан Қиыр Шығыстық барыс әкелінді. Мәулен 2022 жылы дүниеге келген. Оған «Амур» деген ат қойдық, - деді әңгіме барысында.

Зообақта қыстық және жаздық вольер қарастырылған. Күн жылысымен аңдар жазғы вольерге ауыстырылып, көрермендердің көзаймына айналып отырады. Бұл жақта 7 гектарға созылған «Африка» аумағы бар. Онда африкандық зебра, су сиыры, гемсбок, түйе, түйе құс жануарлары мекен етеді.

Зообақтағы экскурсиямызда балалармен де тілдестік.

kun shyak

– Біз Түлкібас ауданындағы «Күншуақ» лагерінен келдік. Балаларға ұнады. Табиғат пен жан-жануарларды қызықтаудамыз, – дейді жетекшілері Әйгерім Төребекова.

Мегополистің көркіне айналған зообақтың балаларға берері таусылмасын. Мұнда барлық жануар қызметкерлердің күнделікті жіті бақылауында, сондықтан келушілерге еш қауіп жоқ екенін тағы ескерте кеткен жөн.

Последнее изменение Пятница, 23 Июнь 2023 09:34