ЖАҚЫН КҮНДЕ – ЖАЙЛЫ ҚОНЫС Избранное

Среда, 13 Сентябрь 2023 04:38 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 255 раз

«Qamqor» бағдарламасына қатысуға өтініштер 25 қыркүйекке дейін қабылданады

Мегаполис аумағы кеңейіп, қала қарқынды дамыған сайын Шымкент тұрғындарының саны да жылдан-жылға өсіп келеді. Осы орайда мемлекеттік бағдарлама аясында пәтерлі болған отбасылар саны да жыл сайын артып отыр. Мәселен, шаһарда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспана кезегінде тұрған 140 отбасы жалға берілетін пәтермен қамтылды. Оның ішінде 35 пәтер көпбалалы аналарға, 52 пәтер әлеуметтік осал топтарға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 16 отбасына, мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерге 37 пәтердің кілті бұйырды.

309

 

Жаңа пәтерлер Тұран шағынауданында орналасқан. Жыл соңына дейін қалада 324 пәтерді жалға беру жоспарлануда. Арендалық пәтерлерге жоғарыда айтып өткен санатқа кіретін отбасылар ие бола алады.
«Отбасы банктың» хабарлауынша, «5-10-20» бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. 9 қабатты 3-ші жайлылық санатындағы пәтерлер Тұран шағынауданында орналасқан. Толық әрлеуден өткен пәтер құны жеңілдетілген бағдарлама бойынша шаршы метрі 200 мың теңгені құрайды. Жеңілдетілген бағдарламаның нәтижесінде үй кезегіне тұрған 540 отбасы пәтерлі болмақ.
Сондай-ақ, тамыз айында өңірлік «Qamqor» бағдарламасына құжат қабылдау басталған болатын. Бағдарламаға дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, мұғалімдер, тәрбиешілер, күтушілер, жоғары оқу орындары мен колледждердің оқытушылары, ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметкерлері, мәдениет, спорт қызметкерлері, шығармашылық одақтардың мүшелері, журналистер, мемлекеттік мекемелер мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері, энергетика саласының өкілдері қатыса алады. «Qamqor» бағдарламасының қатысушылары порталдағы жеке кабинеттерінде жинаған ұпай санын өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған соң келесі күні көре алады. Қатысушылардың төлем қабілеттілігі тексеріліп, 20 млн теңгеге дейін тұрғын үй алу үшін несие беріледі.
Бағдарламаға құжат қабылдау басталғалы бері конкурсқа қатысушылардың бірқатарының құжаты кері қайтарылған. Мұның себебін «Отбасы банк» филиалының Шымкент қаласындағы басшысы Дәурен Саудабаев түсіндірді.
– Шымкент қалалық мәслихатының шешімімен бағдарламаға қатысушыларға жас шектеуі қойылмайды. Бірақ бағдарламаның өзіндік талаптары бар. Бұл өңірлік бағдарлама болғандықтан конкурсқа қатысушылар Шымкент қаласында тұруы және жұмыс істеуі шарт. Сондай-ақ республика аумағында атында жылжымайтын мүлік болмауы тиіс. Бұл талаптарға сай келмеген жағдайда бағдарлама автоматты түрде құжатты қабылдаудан өткізбейді. Яғни мұндай мәселелерге Тұрғын үй басқармасының қатысы жоқ. Шарттары мен талаптары бағдарламада толық жазылған. Шымкент қаласының тұрғындарынан «Qamqor» жаңа өңірлік бағдарламасына қатысу туралы өтінімдер 25 қыркүйекке дейін қабылданады. «Отбасы банк» жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдап, ұпайларды санап, әлеуетті қарыз алушылардың тізімін қалыптастырады. Банк бұл процесті «Баспана маркет» порталында цифрландырады. Яғни, бағдарламаға қатысушылар туралы барлық деректер автоматтандырылған жүйе арқылы тексеріледі. Бұл бағдарлама қатысушыларының пулын қалыптастырудағы адами факторды жойып, ұпай санау уақытын қысқартады. Өтінім қалдыру үшін бағдарламаға қатысушылардың «Отбасы банкінде» шоты болуы шарт. Жеңілдетілген несиелендіруге үміткерлер пулына көп ұпай жинаған азаматтар енетін болады. Ұпайлар санына некеде тұрған жылдар саны, балалардың саны, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы және «Отбасы банкінде» үміткердің депозиті бар-жоқтығы ескеріледі,–деді Д.Саудабаев.
Өңірлік бағдарлама биыл алғаш рет бастау алып отыр. Сондықтан да мамандар бағдарламаның шикіліктері болады деген пікірде. Конкурсқа қатысушылар тарапынан 20 млн заем сомасы аз, ал нарықтағы үй бағасы қымбат деген пікірлерде айтылуда. Әйткенмен конкурсқа құрылыс компаниялары да «Qamqor» бағдарламасының талаптары мен бағасына сай келетін пәтерлерді ұсынып отыр.
Айта кетейік, өңірлік жобаға 3 млрд теңге қаржы қаралған. Яғни бағдарлама аясында 150 отбасы пәтерлі болмақ.

Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.