САҚ АДАМ САНДЫҒЫН БЕКІТЕДІ Избранное

Пятница, 01 Декабрь 2023 04:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 157 раз

Тұрғындардан төтеншеліктерге жыл басынан бері 3 070 шұғыл қоңырау түсіп, құтқарушылардың жедел әрекетінің нәтижесінде 290 адам құтқарылған. Оның 185-і кәмелетке толмаған бала. Сондай-ақ, 12 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланған. Кезек күттірмейтін авариялық құтқару және өрт сөндіру кезінде мамандар 2 млрд. 17 млн. теңгеден астам материалдық мүлікті қорғап қалды. Бұл туралы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Еркін Отарғалымұлы мәлімдеді.

805

 

— Жалпы орын алған оқиғалар үшін 193 факті өрт есебінде тіркеуге алынып, 12 адам зардап шеккен. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрт жағдайы 2,1 пайызға өскен. Осыған байланысты қала аумағында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің тапсырмасына сәйкес, биыл 13-17 қараша аралығында «Жатақхана» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Іс-шара барысында шағын отбасылық жатаханалардың өртке қарсы жағдайын шолып, тұрғындар арасында төтенше жағдай туындаған кезде дұрыс әрекет ету тәртібі қадағаланды, – деді Е.Отарғалымұлы.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, қала аумағында 29 шағын отбасылық жатақхана бар. Нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдары, газтехникалық инспекция, аудан әкімдіктері, «ҚазТрансГаз» АҚ мамандары мен волонтерлік ұйымдар өз құзырлығы бойынша рейдтік іс-шараға қатыстырылған. Мамандар, өкінішке орай, қала аумағындағы жатаханалардың өртке қарсы жағдайы сын көтермейтінін атап өтті.
– Мүлік иелерінің бірлестіктері мен қарапайым серіктестіктің құрылмауына байланысты жатақханаларға өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау жүргізілмеген. Рейдтік іс-шара барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша 29 жиын ұйымдастырылып, 1500-ге жуық жатақхана тұрғынына электр жабдықтарды, жылыту пештері мен газ қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы түсіндірме жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ, өрт туындаған жағдайда орындалуы тиіс іс-әрекет алгоритмі баяндалып, жадынама парақтары таратылды, – деді Еркін Отарғалымұлы.
Бұдан бөлек, тұрғындардың қауіпсіздігі үшін әлеуметтік осал топтағы 15 отбасына газ дабылқаққыш қондырғысы орнатылған. Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған 370-ке жуық меншік иесіне департамент тарапынан ұсыныс беріліп, мүдделі мекемелерге хаттар жолданыпты.
–29 жатахананың 14-і орталықтандырылған газ жүйесіне қосылмаған. Яғни, тұрғындар Иранда өндірілген жылыту пештерін, қолдан жасалған қазандықтарды, газ баллондарды пайдаланып келеді. Салдарынан оқыс оқиғалар азаймай, қайғылы жағдайлар орын алуда. Баллондағы газды пайдалану қолданыстағы құжаттарға сәйкес, екі қабаттан жоғары ғимараттарда пайдалануға тыйым салынған. Қала тұрғындары арасында әлеуеметтік сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде азаматтардың басым бөлігі өрт қауіпсіздігі талаптарына аса мән бермейтіні және оны сақтамайтыны, өрт орын алған жағдайда іс-шаралар кешенін білмейтіні анықталды, – деді спикер.
Төтенше саласының мамандары халыққа өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында кеңестерін ұсынады. Өрт ошағын байқаған сәтте, дереу «101» және «112» құтқару қызметіне хабарласып, мейлінше толыққанды ақпарат беру керек. Үйде орналасқан ақаулы немесе қолдан жасалған электр құрылғыларын пайдалануға болмайды және қосулы электр құрылғыларын қараусыз қалдырмаған абзал. Кемінде үш айда бір рет мұржалар мен пештерді күйеден тазартып тұру, пешті шамадан тыс қыздырмау, пештегі саңылауларды бітеу, жылыту пештері мен газ қондырғыларына тек арнайы мамандардың көмегімен жөндеу қажет екенін ескертті.