«САНДЫҚ» – БАСПАНАҒА ЖАҢА МҮМКІНДІК Избранное

Пятница, 16 Февраль 2024 09:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 414 раз

«Отбасы банк» АҚ-да 15 ақпаннан бастап «Сандық» жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылды. Осыған орай, аталған банк пен OKS Group құрылыс компаниясының директорлары меморандумға қол қойды. «Отбасы банк» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев жаңа бағдарламаның шарттарын түсіндірді.

akpar11

 

– «Сандық» – «Отбасы банк» салымшыларының пәтер алуына мүмкіндік беретін тағы бір бағдарламасы. Өткен жылдың 15 мамырынан бастап банк аралық заемның 50/50 бағдарламасында пайыздық мөлшерлемесін төмендете отырып, келісімшарттағы соманың 50 пайыз бастапқы жарнасы құйылса, бұрынғыша бағалау көрсеткішісі 0 болып тұрса да бірден баспана сатып алуға рұқсат беретін талапты өзгертіп, 3 айда 2,5-ға жеткізу туралы талап енгізген. Ал, осы жылғы 15 ақпаннан бастап бағалау көрсеткішін 5-ке өсіріп отыр. Шымкент тұрғындары осындай мүмкіндікпен бүгінде OKS Group компаниясы салып жатқан үйлерден өздеріне қолайлы пәтер таңдай алады. Алдын-ала төлем қабілеттілігін растаса, «Отбасы банктегі» депозитін толықтырып, пәтер таңдап, оның құнын 7 айға дейін өзгермейтіндей етіп бекітіп, броньдай алады, – деді Дәурен Саудабаев.
OKS Group құрылыс компаниясының директоры Асылжан Құртаевтың айтуынша, олар салып жатқан барлық тұрғын үй кешендерінде мемлекеттің кепілдемесі бар. Сондықтан, банк салымшыларында компанияға тиесілі үйлердің ішінен біткенін де, бітпеген де алуға мүмкіндік бар.
– Біздің компания бес тұрғын үй кешенін салып жатыр. Оның көбі Шымсити шағынауданында орналасқан. Олар: «Asar House Plus», KHANZADA, «Modern City», «Prime Park», «Престиж» тұрғын үй кешендері. «Сандық» бағдарламасы бойынша «Modern City», екінші кезекте «Asar House Plus» тұрғын үй кешендерінен пәтерлерді броньдауға мүмкіндік береміз. Біз салып жатқан барлық тұрғын үй кешендерінде Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдемесі бар. «Modern City» кешені қазан айына дейін, «Asar House Plus» осы жылдың мамыр айында бітеді. Аталған кешендердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр, – деді А.Құртаев.
Тағы бір айта кететін жайт, үйдің біткенін жарты жыл күткісі келмейтіндер OKS Group компаниясының тұрғын үй кешендерін осы бастан броньдап, жарты жыл ішінде табысын растап, баспана ала алады.
– Алты ай уақытты күткісі келмейтін біздің клиенттеріміз OKS Group компаниясынан бөлек, басқа да кез келген қаладағы тұрғын үй кешенінен «Отбасы банктің» «Сандық» бағдарламасы арқылы алдын-ала баспананың 50 пайыз жарнасын құйып, айлығы жетпесе кепілдеме қосып, табысын тексертуге мүмкіндігі бар. Біз клиентке рұқсат берсек, ол сол кездегі бағамен алады. Ал, үй біткен кезде қымбаттап кететінін білесіздер. Біздің салымшылар үй біткеннен кейін қымбаттап кеткен болса да, сол 6 ай алдын броньдаған бағамен алады, – деді «Отбасы банктің» маманы Бағлан Жапаров.
Айта кетейік, OKS Group компаниясының тұрғын үй кешендері әрленбеген күйде беріледі және шаршы метрі 350 мың теңге жобасында болады. Сондай-ақ банк маманы 2006 жылдан бері қарай дүниеге келген балаларға Ұлттық қордан түскен қаржыны «Отбасы банктің» «AQYL» депозиті арқылы шешіп алуға болатынын да айта кетті.

Жансая АЙТУҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.