Қазақтың қолөнерiн «EXPO»-да танытқысы келедi

Пятница, 20 Март 2015 08:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5024 раз

Шымкентте Бейсбековтердің жеке көркемсурет галереясы бірегей өнер ордасы саналады. Отбасы мүшелері қазақтың ұлттық қолөнерін дәріптеп, дамуына үлес қосып келеді. Мұнда суретшілер мен қолөнер иелері жиі бас қосады. Қас шеберлердің дәрістері де өткізіліп тұрады. Жеке көркемсурет галереясы 5 жылдан бері жұмыс істейді.

DSC 0040Ассамблеяның 20 жылдығына орай «Ынтымақ» этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен ОҚО қолөнершілерінің көрмесі Бейсбековтердің галереясында өтті. Әдеттегідей жәрмеңкеде шеберлердің туындылары мен еңбектері қойылды.
Олардың арасында Бейсбековтердің қолынан шыққан дүниелер де бар.
Шымкентте Бейсбековтердің отбасы аймаққа ғана емес елімізге кеңінен таныс. Отбасы мүшелері қолданбалы қолөнермен шұғылданады. Танымал суретші Болатбек Бейсбеков кескіндеме өнерімен айналысса, ұлы Берік былғарыны көркемдеп өңдейді. Отбасының ұйтқысы Күләш Айдарбекова да он саусағынан өнер тамған жан. Ұлттық өнердің қыр-сырын меңгерген. Шебердің «Күнбағыс», «Әжемнің портреті» атты шығармалары Оңтүстік жұртшылығына кеңінен танымал. Қызы Венера да тоқыма тоқудан алдына жан салмайды. Оның «Үш ару» және «Киелі орынға сапар» атты төл туындысы сәтті шығарма саналады. Келіні Мадина да кілем мен гобелен тоқудың хас шебері. Қолданбалы өнерді жаңғыртушы отбасы шығармашылығына табиғатты да, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды арқау етіп келеді. Бейсбековтердің көркемсурет галереясына енгеннен-ақ ұлттық киімдер еріксіз көз тартады. Әсіресе, киізден жасалған бұйымдардың түр-түрі бар. Күләш Өсерқызының текеметтерінің ою-өрнегі өзінше бір әлем. Жан-дүниесінен шыққан иірім мен ырғаққа толы гобелендері адамды баурап алады. Қолөнер шеберінің айтуынша, төл өнеріміз қолданыстан шықпаған. Қайта заманауи келбетке көшкен. Киізден бұрынғыдай төсеніштер қана дайындалмайды. Ұлттық киімдерден бөлек, бас киімдер мен аяқ-киімдер тігуге болады. Сондай-ақ түрлі кәдесыйлар мен ойыншықтар, сөмкелер, әшекей бұйымдарын жасау сәнге айналған.
galeriei-1– Бұл бұйымдарды сыйлық ретінде алады. Кейде тапсырыспен тігеміз. Қолдан жасалған дүние қашан да бағалы ғой. Көрмемізге басқа облыстардан, алыс-жақын шетелдерден келетіндер де бар. Біз оларға мәдениетіміз бен тарихымызды қолөнеріміз арқылы танытамыз, – дейді ол.
Мұнан бөлек, отбасы мүшелерінің жүн мен жіптен тоқылған еңбектері адам қабілеті мен қиялында шек жоқ екеніне көз жеткізеді. Венера мен Мадина ұлттық нақышпен кескіндемелерді шебер бейнелепті. Сондай-ақ ер-тұрман әбзелдері де көрменің төрінен табылды. Бір кезде қазақ халқының мақтан тұтар бұйымына айналған қолөнер қазір де өміршеңдігін жойған жоқ. Күміспен қапталған әбзелдер ұлттық нақыштармен безендірілген.
– Нарықтың қысылтаяң шағында әріптестерім өнерді тастап, басқа салаға ауысып жатты. Зайыбым Күләш екеуміз талай ұлттық туындыны бірге жасадық. Өзгелер жеміс-жидек, азық-түлік сатса, біз сый-кәдеге жарайтын бұйымдарымызды саттық. Келешек жастардың бойына ұлттық салт-дәстүрімізді сіңіру үшін төл өнерімізді насихаттап келеміз. Біздің галереямызға шетелдік қонақтар жиі келеді. Оларға қонақжайлылығымызды танытып, ұлттық ойындарымызды көрсетеміз, – дейді суретші Болатбек Бейсбеков.
Қиындыққа қарамастан Бейсбековтер отбасы инемен құдық қазғандай өнердің тасын өрге домалатып келеді. Табыстары да жоқ емес. Бұған дейін Бейсбековтер отбасы Германия, Түркия, Үндістанда, Ресейдің Қазан қалаларындағы халықаралық көрмелерге қатысыпты. Шымкенттік суретшілер ұлттық көрмелерде қазақтың қолөнерінің абыройын асқақтатып, ерекше бояу, тамаша талғаммен көрініп жүр. Ендігі мақсат-Астанада 2017 жылы өтетін «ЭКСПО» халықаралық көрмесінде ұлттық туындыларымызбен әлем назарын аудару.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.