Қазақстан сұранысын қамтамасыз етеді

Пятница, 15 Май 2015 02:48 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 3553 раз

Шымкентте керамогранит
шығаратын «Азия Керамик» ЖШС-і қайта ашылды

Зауыттың ашылуына байланысты ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдос Бекбосынов және ОҚО кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы Бауыржан Омарбеков қатысты.


 MG 8780

Зауыт MK Ceramics брендімен жылтыр және күңгірт керамогранит өндіреді. 30х30 см, 40х40 см, 60х60 см, 60х90 см көлемді түрлерінен жылына 2 млн. шаршы метр өнім шығарылады деп күтілуде.

«Бұл зауыт бұған дейін проблемалық жобалардың қатарында тұр еді. Өйткені, шетелдік инвестор мен банк арасындағы келіспеушіліктің салдарынан зауыт тоқтап қалған болатын. Сосын Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі «Бәйтерек» холдингінің қолдауымен инвесторды іздестіру бойынша жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде жобаға инвестор ретінде фармацевтика, құрылыс және логистика бизнесінде тәжірибесі бар «Зерде» компаниясы тартылды. Қараша айында зауытты іске қосу жұмыстары басталып, сәуір айының басынан бастап өнім шығаруда. Бүгінгі күнге дейін 20 мың шаршы метрден астам өнім өндірiлді. Керамогранит  құрылыс нарығында сұранысқа ие. Сапасы да жоғары. Қытайдан келіп жатқан керамограниттің қалыңдығы – 6,5 мм болатын болса, біздің шығарып жатқанымыз – 8, 5 мм. Стандартқа сай. Итальяндық құрал-жабдықтар орнатылған. Бағасы да сырттан келетін тауармен салыстырғанда 15-20 пайызға төмен. Өйткені, шикізаттың барлығын өзімізден алып жатырмыз», – дейді облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев.

 MG 8841Бүгінде зауытта 100-ден астам адам еңбек етуде. Мамырдың соңына дейін тағы 70 адам жұмыспен қамтылмақ. Индустриаландыру картасы аясында іске қосылған зауыт елімізде керамика шығаратын жалғыз кәсіпорын. Қазақстан жыл сайын шетелден 40-50 млн. АҚШ доллорына керамогранит сатып алса зауыт осы қажеттілікті қамтамасыз ететін болады.

«Бұл зауытқа жұмысқа орналасқаныма бір айдан асты. Менің міндетім – керамогранитті сұрыптау. Бояуының жылтырлығына байланысты үш сұрыпқа іріктеп отырамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Айтарлықтай қиындығы жоқ», – дейді зауыт қызметкері Жадыра Жақыпова.  
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстанда соңғы бес жылда 137 индустриалды жоба іске қосылып, 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл тағы 45-50 жоба ашылады деп жоспарлануда.

Әйгерім БЕГІМБЕТ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.