ЕРЛІК – ЕЛГЕ МҰРА, ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ Избранное

Среда, 10 Апрель 2024 05:32 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 200 раз

Отан үшін жанын қиған жауынгерлер ерлігі ұмытылмақ емес. Осыдан 29 жыл бұрын 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында қазақстандық 17 жауынгер ерлікпен қаза тапқан еді. Шабуыл жасаған содырларға қарсы тұрып, қазақ батальонының намысын қорғаған ерлердің есімі ел есінде.

erlok

 

Осыған орай, Шымкенттегі Абай саябағында тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан сарбаздарды еске алу шарасы өтті. Жыл сайын осы күні қаза тапқан батырлардың құрметіне орнатылған обелисктердің жанында аза тұту митингілері өтіп, гүл шоқтары қойылады. Шайқас алаңында қаза тапқан жауынгерлерге Ішкі әскердің ардагерлері, Шекара қызметінің мамандары, жауынгерлер және ҚР Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің жеке құрамы құрмет көрсетуге келді.
– Кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан үшін 7 сәуір ұмытылмас қаралы күн. 1995 жылы дәл осы күні қазақстандық Ішкі әскердің жауынгерлері тәжік-ауған шекарасында қайтпас қайсарлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен болатын. Амал қанша, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен сол шайқаста 17 жауынгер оққа ұшып, 34-і жарақат алды. Оларды ұмытпау, ерліктерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу − біздің басты мақсатымыз,– дейді Ұлттық Ұлан әскери бөлімдерінің ардагерлер кеңісінің төрағасы, запастағы полковник Мәжит Нұртазаұлы.
Сондай-ақ, іс-шара барысында қаза тапқан жауынгер Бақбаев Қалмақанның анасы Ұрқия апа сөз сөйлеп, ұлының есімін ұмытпай, насихаттап жүрген замандастарына рахметін айтты. Батырдың анасына сый-сияпат табысталды.
Еске алуға жиналғандар ерлікпен қаза тапқан батырлардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.