ЗАЙЫРЛЫ ЕЛДЕ АДАМ ҚҰҚЫҒЫ ЗАҢМЕН ҚОРҒАЛАДЫ Избранное

Среда, 17 Апрель 2024 05:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 324 раз

Адам құқығы мен бостандығы заңмен қорғалуы тиіс. Бүгінде бұл іспен, яғни оны қорғаумен арнайы комиссия айналысады. Мемлекет басшысы жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия өкілдері Шымкент қаласында осы тақырыпта семинар-тренинг өткізді.

zair

 

Қала әкімдігінің мәжіліс залында «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбында өткен семинарға Астанадағы Еуропа қауымдастығы мен ынтымақтастығы ұйымының бағдарламалар офисінің басшысы, елші Фолькер Фробарт, Winrock International ұйымының Орталық Азиядағы көші-қон жөніндегі жобасының жетекшісі Валентайн Элеонор Джудит, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев қатысты. Семинар-тренинг жұмысын қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек ашып беріп, жиынның маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Зайырлы елде адам құқығы заңмен қорғалып, оның өміріне қол сұғушылыққа жол берілмейді. Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында осыған ерекше көңіл бөліп, саяси жаңғыру мен адам құқықтарын қорғауға айырықша басымдық беріп келеді. Соңғы жылдары адам құқықтарын қорғау саласында едәуір өзгерістер енгізіліп, осы бағыттағы жұмыстарды біршама ілгерілете түскені анық. Бүгінгі комиссия жиыны да соның айқын дәлелі, – деді С. Құранбек.
Сондай-ақ, семинарда Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесі зерделенді. Әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстан Республикасы азаматтарының, Қазақстан аумағында тұрақты немесе уақытша тұрып жатқан өзге адамдардың еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелері қаралды. Тыңдаушылар қоғамдағы еңбек және әлеуметтік жанжалдардың алдын алу және оларды шешу тетіктерімен танысты. Комиссия мүшелері қатысушыларға нақты мысалдармен құқықтар мен бостандықтар туралы ғана емес, азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттері туралы да айтып берді.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.