Биыл 144 көше жөнделеді

Пятница, 19 Апрель 2024 05:24 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 220 раз

114-koshe-jondeldi

Бүгінде қалада жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл жол-көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту, жолдардың сапасын арттырып, апатты жағдайлардың азаюына және көшелердегі кептелістерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Қонаев даңғылының жалғасы 7 кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталып, 1, 3 және 4-кезеңдері пайдалануға берілді. Ал, 2 және 5-кезеңдері бойынша құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Өтегенов көшесі ұзартылып, 1,2 кезеңдері бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биыл Қонаев даңғылының 2-кезеңін, ал Өтегенов көшесінің 1,2-кезеңін аяқтау жоспарланып отыр.

Бұл ретте қала әкімдігі қалаішілік жолдарға ғана емес, тұрғындар үшін де, көршілес аудан, қала тұрғындары үшін де маңызды айналма жолдарға да ден қойып отыр. А-2 айналма жолын қайта жөндеу жұмыстары мегаполис басшысының тікелей бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар 8 кезеңнен тұрады, оның 1, 2 және 3-інші аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілді. Ал, 4, 7 және 8-кезеңдерін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ал 5 және 6 келесі жылы қолданысқа беріледі.

Сонымен қатар, Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту үшін биыл  Алтынсарин көшесін қайта жөндеу жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Қалада Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа Қоныс, Ізенді көшелерінде де күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалаішілік көшелерді орташа жөндеуден өткізу мақсатында биыл ұзындығы 92,6 шақырымды құрайтын 144 көше жөнделеді.

Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес, қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында магистральді және орамішілік көшелерде шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізу, сол арқылы 420 000 шаршы метр аумақты қалпына келтіру жоспарланған.

Айта кетейік, жөндеу жұмыстары кезінде қаланың 10 көшесінде жол бөлігінің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қайта өңдеу технологиясы қолданылады. Негізгі 8 көшеге микросерфейсинг технологиясы енгізіледі. Бұл әдіс жұмысты күн суығанда да жүргізуге мүмкіндік береді, жол құрылысы маусымын ұзартады. Сонымен қатар, қаланың орталық көшелеріне «қалқымалы» қақпақтар орнатылады. Бұл кәріз қақпақтарының істен шығуына және көлік жүктемесіне байланысты олардың бұзылуына жол бермейді.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.