«ЖАСТАР ТӘРБИЕСІ САЛҒЫРТТЫҚТЫ КЕШІРМЕЙДІ» Избранное

Среда, 22 Май 2024 05:06 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 346 раз

Қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де 2023 жылғы іс-шаралар жоспары аясында 12 бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп, оған 360 мың жас қамтылған. Қалада мемлекеттік жастар саясатын жүргізуде тиісті жұмыстар қолға алынған. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де бар. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бағыты аясындағы алқа отырысында жастар саясаты мәселелері талқыға түсті.

Jastar-2

 

Жиында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда басым бағыттарды атап беріп, өз ойларын ортаға салды. Алқа мәжілісіне қала жастары, белсенді азаматтар, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының шәкірттері қатысты.
Алдымен қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Мөлдір Кеуенова қалада жастар ресурстық орталықтары 5 негізгі бағыт бойынша іс-шаралар атқарып жатқанын атап өтіп, жыл басынан бері жүзеге асқан жұмыстарды баяндады. Өткен жылғы жұмыстарды қорытындылады. Басқарманың мәліметінше, бүгінде қалада 390 мыңға жуық жас бар.
Жастар ресурстық орталығы тарапынан шығармашылық бастамаларды қолдау, жастарға мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға қолдау көрсету, жас кәсіпкерлерді қолдау, жастарды жұмыспен қамтуды үйлестіру, тұрғын үймен қамту бойынша көмек көрсету, коворкинг орталығы, шағын кітапхана, психологиялық кеңес беру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.
Атап айтқанда, былтыр қолжетімді және сапалы білім беруді қамтамасыз ету, ғылыми-техникалық бағытта жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау жұмыстары шеңберінде 671 іс-шара ұйымдастырылып, оған 120 мың жас қамтылған. Денсаулық сақтау, саламатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту бағытында 402 іс-шара ұйымдастырылып, оған 39 мыңға жуық жас қатысқан. Жастар арасында психо-профилактикалық насихат жұмыстарын жүргізу бағытында 53 іс-шара өткен.
Құқықтық мәдениет деңгейін арттыру, сыбайлас жемқорлық көріністеріне төзбеушілікке тәрбиелеуде 20 іс-шара (2 220 жуық), деструктивті діни ағымдар жайлы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бойынша 50 іс-шара (5 570 жас) өткізілген. Жастарды жұмысқа ынталандыру, жұмыспен қамту және жастарды жұмысқа орналастыруға жағдай жасау мақсатында мобильді топпен жүйелі іс-шаралар атқарылды.
– Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда биылғы жоспарлар да ауқымды. Жыл басынан бері іс-шаралар жоспарына сәйкес, нашақорлық пен маскүнемдіктің алдын-алу бойынша жоғары оқу орындарында 28 кездесу өтті. Қазіргі таңда қала аумағындағы ЖОО-да суицидтің алдын алу, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі және лудоманияның зияндылығын насихаттау мақсатында қалалық Полиция департаменті, қалалық Ардагерлер кеңесі, «Сана-сезім» әйелдер бастамаларының орталығымен бірлескен кездесулер ұйымдастырылуда. Маусым айына дейін жоғары оқу орындарын түгел қамтуды жоспарлап отырмыз, – деді Мөлдір Тұрсынбекқызы.

Jastar-1


Алқа мәжілісінде лудомания, есірткі қылмысының алдын алу, жастар денсаулығын қорғау және басқа да мәселелер қозғалып, ұсыныстар айтылды. Қала әкімінің орынбасары аталған мәселелер тиісті басқармалар тарапынан жан-жақты зерделеніп, ақпараттық-насихаттық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
– Жастар – ұлттың болашағы. Сондықтан жастар тәрбиесі салғырттықты кешірмейді. Азаматтардың денсаулығын қорғауда Жастар ресурстық орталығы, денсаулық сақтау басқармасы кешенді жұмыстарды қолға алуы керек. Профилактикалық, скринингтік тексеру бойынша ақпараттандыру жұмыстарын күшейту қажет. Қазіргі таңда суицид мәселесі де алаңдатып отыр. Бұл – өте күрделі мәселе. Жастармен ақылдаса отырып, алда ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандыру бойынша телеграм және ютуб канал ашуды да ойластырып көреміз, – деді Сәрсен Абайұлы.
«Студенттік емхана» ЖШС бас дәрігерінің орынбасары Тимур Байдуллаев жастарға МӘМС туралы көбірек насихат жүргізудің маңызды екенін алға тартып, жастарды өз денсаулықтарына немқұрайлы қарамауға шақырды. Сондай-ақ, жиында қоғамдық ұйым өкілдері тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.