ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ АЛҒАНДАРДЫҢ КӘСІБІ ӨРГЕ БАСУДА Избранное

Пятница, 19 Июль 2024 07:22 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 794 раз

Елімізде өз ісін жаңадан бастап, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз еткісі келетін азаматтарға мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар берілетіні белгілі. Бүгінде дәл осы «Бастау бизнес» жобасының аясында берілетін өтеусіз гранттар шағын кәсіпкерлікті дамытудың және халықты жұмыспен қамтудың тиімді тетіктерінің біріне айналып отыр.

Detii

 

Биыл алғашқы лекте республика бойынша 4 500 адамға грант берілді. Оның нысаналы мақсаты – жаңа бизнесті бастау және дамыту. Грант көлемі 400 айлық есептік көрсеткішті (1 476 800 теңге) құрайды. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады.
Грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шымкент қаласында өткен жылы бизнес идеяларын жүзеге асыру үшін 452 азаматқа қайтарымсыз грант берілген. Олардың қатарында – мүгедектігі бар азаматтар, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшесі, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар бар.
Осы ретте, қайтарымсыз грантпен қосымша білім беру орталығын ашып, кәсібін нәсібіне айналдырып отырған мекеменің жұмысымен таныстық. «Business Kids» орталығы 2022 жылы өз жұмысын бастаған. Бүгінде ауқымы кеңейген мекемеде ерекше балалармен жұмыс жасайтын «Асыл бала» атты орталық іске қосылыпты. Жалпы, бір мезетте 300 балаға қосымша білім бере алатын орталықта психикалық арифметика, кәсіпкерлік негіздері, бағдарламалау тілдерінің негіздерін меңгеру, дебат, STEAM бойынша тереңдетілген білім алады. Ал, ерекше балаларға дефектолог, логопед, психологтар, ЕДШ, АВА мамандары көмектеседі.
Жалпы 25 адамды жұмыспен қамтып отырған мекеме құрылтайшысы Гүлнара Кәрімқызының айтуынша, орталыққа келген балалар аз ғана уақытта жоғары нәтижеге жеткен көрінеді.
- Дарында балалар арасында өтетін әлемдік додаға Шымкент қаласынан «Business Kids» орталығының оқушылары барады. Үндістан мемлекетінде өтетін сайысқа жалпы әлемнің 87 елінен қатысушылар келеді. Бұл жерге шақырту алып, қатысудың өзі үлкен жеңіс. Алдағы уақытта, ата-аналармен тығыз жұмыс жасау жоспарлануда. Басты мақсатымыз ерекше балалар мен дарынды балалардың қоғамда орны бір екенін көрсету. Ата-аналар орталыққа келетін болса, қандай құжаттар керек және не істеу керек екендігін мамандар толық түсіндіріп береді, – дейді Гүлнара Кәрімқызы.
Айта кету керек, қосымша білім беру орталығы жыл бойына жұмыс жасайды.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.