Мәрмәр жасайтын алғашқы кәсіпорын

Пятница, 15 Май 2015 03:01 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 5963 раз

Шымкентік кәсіпкер Серiк Дәрiбаев құймалы мәрмәрдан зат жасайтын ең алғашқы кәсiпорынның иесі. «Дар-сер» ЖШС-ін құрған ол бүгінде осы кәсіптің арқасында ел алғысына бөленіп, отбасын асырап отыр.


 MG 5550Бұдан бірер жыл бұрын ол Атыраудағы құрылыс компанияларының бірінде қызмет істейді. Бір күні оған түркиялық әріптесі «Неге сіздер мәрмәрді сырттан тасисыздар? Оны жасап шығаруға өз күштеріңіз, білімдеріңіз жетеді ғой» деп ой тастайды. Сосын ғаламтор бетін ақтарып, мәрмәрдан қандай бұйым жасауға болатынын, оның құрамын зерттей бастайды. Түрік, ағылшын тілін жетік білгені мұндай жақсы болар ма?!
– Мен мәрмәрді зерттеуге екі жылдай уақытымды арнадым. Іздеген мәліметтерді тапқанымен, құрамының құпиясын аша алмай жүрдім. Осы кәсіптің қыр-сырын игерген түркиялық мамандар тәжірибесімен бөлісуге даяр. Бірақ құрамын жасырын ұстайды. Кейде бәрін тастап, осы істі қоя салғым келетін. Бір-екі күн өтпей жатып, қайтадан қағаздарыма шұқшиямын, зерттеуге кірісемін. Сөйтіп жүріп екі жылдың қалай өтіп кеткенін білмей қалдым, – дейді Серік аға.

Сосын Қаратаудың іргесінен мәрмәр тасын тауып, оны сондағы Кеңес кезінен жұмыс істеп келе жатқан зауытқа үгітіп көрмекші болады. Таудан тиеп әкелген тасты зауыт қызметкерлері ірі, ұсақ, өте ұсақ, құм секілді етіп ұсақтап береді. Сөйтіп Шымкентке келіп, әрбір түйіршікті қалыпқа салып, ішінен қажеттісін тауып алады. Осы жобасын ол  «Шымкент инновация» мекемесiне ұсынып көреді. Отыз шақты жобаның ішінен үздік шығып, оған «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 6 миллион теңге грант беріледi. «Шымкент инновация» ЖШС-ның мамандары тиiстi құжаттарды жинап, бизнес-жоспар құруға көп көмектеседі. Көп өтпей Серік Дәрібаев Түркиядан мәрмәр құятын арнайы қалыптар сатып алып, маманын Шымкентке арнайы шақырады.  

 MG 5716– Мәрмәр құятын ұстаны ғаламторды шарлап, әрең іздеп таптым. Ол Эфиопия елінен келген түрік маманы. Әлемнің әр түкпірінде мәрмәр құюмен айналысқан. Білікті. Тәжірибесі мол. Сегіз айға біздің елге келіп, үйретуге келісті. Қасында қап арқалап, қалып құйып, шебердің айтқанын екі етпей орындап жүріп, өзім де көп нәрсені үйреніп алдым. Кейін Измирге барып, тәжірибемді арттырдым. Ол жақтағы әрбір екінші үй мәрмәр құю кәсібін дөңгелетіп отыр. Жиһаздар мен үй ішілік интерьерге, сыртқы фасадқа тұтас табиғи мәрмәр тасын қолданады, біз секілді ағаш, пластик, ламинат қоймайды екен. Келген соң қызу жұмысқа кірістім, – дейді кәсіпкер.

Бүгінде Серік Дәрібаев тоғыз адамды жұмыспен қамтып отыр. Қонақүй, мейрамхана, жеке үй иелерінен де тапсырыс көп түседі. Олардың мәрмәрдан жасалған ас үстелдері, ыдыс-аяқ жуатын шұңғымалары, терезе алдына төсейтін тақтатастары қаладағы «Мизам», «Стамбул» мейрамханасы, медреселер мен асханалардың, жеке үйлердің көркін келтіріп тұр.

«Бұл кәсіпті бастап, аяқтан тұрып кетуге бас-аяғы сегіз миллион теңге жұмсадым. Оның алты миллионын мемлекет бөлді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасына, Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығына, Кәсіпкерлік палатасына, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорына, «Шымкент инновация» мекемесiне алғысым шексіз. Кәсіпкерлікке арналған форум, конференциялардан мүмкіндігінше қалмаған дұрыс. Кәсіп бастағың келсе қорықпай аталған басқармаларға барыңыз. Егер маған осы кәсіптің қыр-сырын үйреніп, мәрмәр құятын цех ашқым келеді деген арман-мақсатпен адамдар келсе, бар білгеніммен бөлісуге даярмын. Өйткені бұл салада бәсекелес болатындар жоқтың қасы. Нарық бос тұр. Үйренсін, ары қарай жүргізіп алып кетсін. Қазақ байысын. Менің мақсатым – баю емес, ерекше тауар түрін ойлап тауып, оны халық игілігіне ұсыну болатын. Біртіндеп жүзеге асырып келемін», – дейді Серік аға.

Айтқандай екі жыл бұрын Серік ағаны Талдықорғаннан жұмыссыз жүрген баласын жетелеп бір әже іздеп келіпті. Теледидардан жаңалық қарап отырып көзі шалып қалса керек. Ұлы да осы кәсіпті үйренгісі келетінін жеткізіпті. Сосын Шымкентке келіп, күні бойы Серік ағаның жанында жүріп, бүге-шүгесіне дейін біліп, алғысын жаудырып кетіпті.

Мәрмәрдан жасалған бұйымдар сынбайды, сырылмайды, мүжілмейді. Ыстық-суыққа төзімді. Ұрпақтан-ұрпаққа сыры кетпей сақталады. Сондықтан алдына мақсат қойып, оны орындап, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген Серік ағаға, ұжымына сәттілік тіледік.

Ә. БЕГІМБЕТ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.