Қайырлы іспен үлгі болсақ...

Среда, 06 Декабрь 2017 06:34

Еліміз Тұңғыш Президент күнін атап өтті. Мерекеге орай «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы қамқорлық шарасына ұйытқы болды.

DSC 0822

Қарауында мүгедек балалары бар 30 анаға «нұротандықтар» «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында сый-сыяпат жасап, құрмет көрсетті.

– Елдегі экономикалық-әлеуметтік және саяси реформалар, халықаралық және өңірлік бастамалар, жаһандық жасампаз істердің барлығы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнін атап өту, оны халықтық мерекеге айналдыру ұлттың мерейін өсіреді. Бұл жаңғырудың, жаңашылдықтың белгісі ғана емес, өткеннің өнегесі, ұлының ұлағаты, – деді «Нұр Отан» партиясы ОҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов.

Мүмкіндігі шектеулі балаларын бағып-қағып отырған ардақты аналарға зор денсаулық, таусылмас күш-қуат тіледі. Маңыздысы, мерекелік жиынға келген аналар дөңгелек үстел басында Н.Жолдасовқа әлеуметтік көмек тағайындау, қоғамдық көліктегі жеңілдіктер, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша сұрақтарын қойды. Партиялықтар толыққанды жауап беріп, ұсыныс-тілектерін қабылдады.

Шымкент қаласындағы 76 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Бұл – 302 мың шаршы метрді құрайтын 4833 пәтер. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген 76 үйдің 44-і биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Яғни, жыл соңына дейін «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» (ҚТҮҚЖБ), «Бәйтерек Деволопмент» АҚ, «Самұрық-қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ және Жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) тұрғындарға 2200-ден астам пәтерді үлестірмек. 44 үйдің 11-і коммуналдық бағытта жалға беріледі.

20171120 103807

1314 пәтер жалға беріледі

Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Әбілсейіт Рабаев БАҚ өкілдеріне мердігерлер тұрғын үй құрылысын аяқтап, нысандарды тапсыру жұмыстары қолға алынғанын мәлімдеді.

20171120 112531– Әзірге құрылыс алаңынан 90 мың шаршы метрді құрайтын 27 үй дайын. Бұл – 1710 пәтер. «Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, баспанамен қамту шаралары 5 санат бойынша және банктік несиелендіру негізінде жүзеге асады. Мемлекеттік бағдарлама аясында пилоттық жобалар да қаралған. Жер учаскесіне кезекке тұрғандар өте көп. Ал жер телімінің саны шектеулі. Сондықтан, қазір «Бозарық», «Бозарық-2» шағынауданынан екіқабатты бірыңғай жер үйлер салу жоспары қаралуда, – дейді құрылыс бөлімінің басшысы.

Әкімшілік-іскерлік орталығында салынған 19 үйдің 11-і «ҚТҮҚЖ» банкінің ипотекалық несие есебінен, ал 8-і ЖАО арқылы коммуналдық жалға берілетін көпқабатты үйлер. Шымкентте ЖАО арқылы кезекке тұрғандар саны 33 мыңнан асқан. Бұл туралы қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров хабарлады.

2017 жылы «ҚТҮҚЖ» банкі – 558, «Самұрық» – 321, «Бәйтерек Деволопмент» – 549 пәтердің кілтін тапсырады. Ал ЖАО арқылы Әкімшілік-іскерлік орталығынан (ӘІО) 8 үй, «Тұран» шағынауданынан 3 үй, барлығы 1314 пәтер коммуналдық бағытта жалға берілмек

20171120 115312

20171120 112609– Азаматтар тұрғын үйге 5 санат бойынша кезекке тіркелген. Олар – Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетімдер, әлеуметтік жағынан әлсіз топтар, мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері және соңғысы үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар. 2017 жылы «ҚТҮҚЖ» банкі – 558, «Самұрық» – 321, «Бәйтерек Деволопмент» – 549 пәтердің кілтін тапсырады. Ал ЖАО арқылы Әкімшілік-іскерлік орталығынан (ӘІО) 8 үй, «Тұран» шағынауданынан 3 үй, барлығы 1314 пәтер коммуналдық бағытта жалға берілмек, – дейді М.Әбдінұров.

 

290 салымшы төлем қабілетін растауға кірісті

ӘІО-дағы 9 қабатты 11 үйдің тұрғындары жақын күндері қоныс тойын тойлайды. 1 шаршы метрі – 140 мың теңгеге бағаланған бұл үйлер мемлекеттік субсидилау нәтижесінде арзанға түсіп отыр дейді «ҚТҮҚЖ» банкі басшысының орынбасары Ақылбек Қоспанов.

– ӘІО-дағы үйлер 3 сыныпты сапамен салынды. 1 шаршы метрдің негізгі құны – 160 мың теңгеге тең. Бірақ, мемлекеттік субсидиялау нәтижесінде тұрғындарға 1 ш/м – 140 мың теңгеден беріледі. Сонда, 3 бөлмелі (көлемі – 73,66 шаршы метр) пәтер құны – 10 312 400 теңге. 2 бөлмелі (58,81 ш/м) пәтер –8 233 400 теңге. Ал 1 бөлмелі (37,59 ш/м) пәтер – 5 262 600 теңге, – дейді ол.

20171120 115237

«ҚТҮҚЖ» банкі 2005 жылдан бері облыс аумағында 3,5 мыңға жуық пәтерді мемлекеттік бағдарлама аясында үлестірді. Бүгінде 57 мың салымшысы бар банктің жалпы жинақ қоры 27 миллиард теңгеден асқан. 

– Биыл 558 пәтер кілтін тапсыруды жоспарланғанбыз. Оның 142-сі конкурс нәтижесінде анықталып бүгінде жаңа пәтерінің кілтін алуға дайын отыр. Сондай-ақ, жексенбі күні конкурстың екінші кезеңі аяқталды. 290 пәтердің иелері енді төлем қабілетін растауға кіріседі, – дейді А.Қоспанов.

Еске сала кетейік, «ҚТҮҚЖБ» ішкі ережесіне сәйкес, салымшы үйдің 30% құнын жинауы шарт. Ал конкурс сол 30% қор жинаған салымшылардың ұпай санын анықтайды. Жиған қорын банкте көбірек сақтаған салымшының ұпайы жоғары болады. Баспанаға қажетті қалған 70%-ды 5%-дық үстемемен банк несиеге береді.

Банк мемлекеттік бағдарламадан тыс, жеке инвесторлардың демеушілігімен және «Өз үйім» бағдарламасы аясында да салымшыларына жаңа пәтер кілтін табыстайтын болады.

turgin-ui-93

Баспанамен түгел қамтыла ма?

Көпқабатты тұрғын үйлер бүгінде «Тұран» шағынауданы мен «Шымкент сити» қалашығында да бой көтерді. «Бәйтерек Деволопмент» АҚ арқылы пайдалануға берілетін 16 үйдің 10-ы жаңа шағынаудандардан салынса, 6-ы Төлеметов көшесінің бойынан орын тепті. Мұндағы 6 қабатты, сапасы 3 сыныпты тұрғын үйлердің 1 шаршы метрі 180 мың теңге. Сондай-ақ, «Тұран» шағынауданындағы көпқабатты үйлердің 5-і «Самырұқ Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ арқылы берілмек.

Шымкент қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы М.Әбдінұров:

– Бүгінде кезекте тұрған 33 мың адамды баспанамен қамту үшін жылына 3000 коммуналдық және 4000 кредиттік пәтердің құрылысын аяқтап, пайдалануға тапсыруымыз қажет. Сонда 5 жылда бұл мәселе шешімін табады.

Африка мен Азия! Қазақстан, Австралия, Оңтүстік Америка! Бұл елдер мен құрлықтардың «бір бөлігі» болашақта Шымкент зообағынан орын теппек. Қазірдің өзінде акация, пальма ағаштары құрылысы аяқталып қалған «Африка» аймағының сәнін еселей түскен. Зообақ басшысы, қалалық мәслихаттың депутаты Нұрғазы Бұхарбаев қайта құру бағытындағы жұмыстармен таныстырды.

23635359 1345477295575483 2096719635 n

zoo-1Көгалданып, жаңарған ішкі жолдар мен аяқжолдар бойына зообақ логотипі бейнеленген орындықтар орнатылды. 

– Орындықтардың екі түрін таңдап, 68 данаға тапсырыс бердік. Әзірге зообақтың қайта құрудан өткен бөліктеріне ғана орнатылды. Алда ІІІ-IV кезеңнің жұмыстары бар. Логотиптер орындықта ғана емес, қоқыс жәшіктерінде де көрініс табатын болады, – дейді зообақ басшысы Нұрғазы Бақтыбайұлы.

Хайуанаттар бағының орталық ішкі жолындағы гүлзарда жағалай аң мүсіндері орнатылған. Соның ерекше көз тартатыны – тау барысы.

zoo-4

– Астана қаласында өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде тау барысының мүсіндері Ресей павильонының шырайын келтірген-ді. Сол екі мүсіннің бірі көрме аяқталғаннан кейін «Нұр Әлемде» қалады деп жоспарланған. Көрші ел сыйлаған екінші мүсін Шымкент зообағына бұйырды. Жаңа бағытқа бетбұрыс жасаған біздің ұжым үшін бұл таңдау үлкен мәртебеге ие, – дейді Н.Бұхарбаев.

Зообақ басшысының айтуынша, тау барысының айналасынан тағы 6 жануардың мүсіні орын теуіп, ортадан субұрқақ іске қосылмақ. 

zoo-74

Күз түсіп, күн салқындағанымен Шымкент зообағындағы қайта құру жұмыстарының ІІІ кезеңі басталды. Дәл қазір мұнда жоспарға сәйкес «Азия аумағы» жобасы жүзеге асуда. 7 гектарға созылған «Африка» аумағында антилопа, түйеқұс, гну, зебра, түйе, марал сынды жан-жануардың 6 түрі еркін жорта бастаса, 3,5 гектарлық «Азияға» қоныстанатын жыртқыш аңдар да болашақта ашық аспан астында өмір сүретін болады.

shymkala 91-45

ІІІ кезең жұмыстарына «Азия» аумағынан бөлек «Аралас жануарлар» экспозициясы мен мал дәрігерлік аймағының жобасы еніп, құрылысы қолға алынды. Қала тұрғындары мен қонақтарының есінде қалатын ерекше көріністер балықтардың мекені – «Аквариумге» барар жолдан көзге түспек. Көпір маңындағы екі төбе «Гиббон» аралына айналып, ол жерге маймылдар тұрақтаса, жобаға сәйкес, осы маңдағы көлде аққу, үйрек, қаздар мекендейтін болады.

zoo-3

Бұл кереметті тамашалауға келген көрермендерге арналған орындардың да көлемі ұлғайып, жаңарады. 

 shymkala 91-48

Жан-жануарлар әлемі – нағыз кереметтер әлемі. Мұндағы қызықтың бірі күндіз ұйқыға кетіп, түнде оянатын тіршілік иелерін біз жайшылықта көрмейміз де. Соңғы кездері Голливудтың фэнтези жанрындағы кинофильмдерінің көзіріне айналған жарқанаттарды енді өз көзімізбен көріп, бір сәтке ертегі әлеміне енгендей әсер аламыз. Себебі, зообақта түнгі тіршілік иелеріне арналған орындар ашылады дейді ғылыми әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Қанат Егембердиев.

shymkala 91-47

– Зообақтағы «Тау» экспозициясының жертөлесінен орын тепкен «Түнгі әлем» бөлімінің құрылысы аяқталуға жақын қалды. Мұнда ит тектес жарқанаттарды жайғастырмақпыз. Әзірге мұндай жануардың екі түріне тапсырыс бердік. Қала тұрғындары зообаққа күндізгі уақытта келеді. Сондықтан біз «Түнгі әлем» бөлігінде күн режимін жасанды түнге ауыстырдық. Едендегі әлсіз ғана жарық келушілерге бағыт сілтейді. Ал жануарларды қызыл түсті жарықтың көмегімен бақылап, қызықтай алады. Құрылысы аяқталып, жануарларды түгендеп үлгерсек, «Түнгі әлемнің» есігі келер жылдың басында қала тұрғындары үшін ашық болады, – дейді Қ.Егембердиев.

Зообаққа кіру құны қазір 23 теңге 69 тиын. Биылғы хайуанаттар бағына келушілер саны 400 мыңға жеткен. Н.Бұхарбаев алдағы 2-3 жылда Шымкент зообағын піл жануарымен де толықтыру ниеті барын жеткізді.

 shymkala 91-46

"ШК"-анықтама

Шымкент зоологиялық бағы 1979-1981 жылдары қазақтың көрнекті ұлы Социалистік Еңбек Ері Асанбай Асқаровтың жеке бастамасымен әрі тікелей басшылығымен құрылған.

Зообақтың жалпы ауданы – 30 гектар. Оның ішінде экспозициялар 19 гектар жерге орналастырылған. Шымкент хайуанаттар бағында жануарлардың 239 түрі бар, жалпы саны 2 495 құрайды. Олардың 40 түрі Қызыл кітапқа енген. Зообақта тұяқтылар, жыртқыштар, приматтар, құстар, балықтар, бауырымен жорғалаушылар және қосмекенділерді тамашалауға болады. Сондай-ақ, мұнда балықтың 70 түрінен, 1 254 балық мекендейтін аквариум орналасқан.

Шымкент қаласында осыдан үш жыл бұрын Қаратау атты жаңа аудан құрылған болатын. Жер көлемі 32 256 гектар аумақта 17 шағынаудан, 13 тұрғын алап орналасқан. Аудан халқының саны қазір шамамен 218 мыңға жетті. Аудан өмірі, тұрғындардың тыныс-тіршілігі, инфрақұрылым саласындағы және Мемлекет басшысының саясатын түсіндіру бағытында атқарылған жұмыстар жайлы аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловпен сұхбаттасқан едік.

20171103 115230

– Ғабит Патшаханұлы, аудан тізгінін қолыңызға алғалы бір жыл өтіпті. Осы уақыт аралығында Қаратау ауданында нендей өзгерістер болды? 

– Ең бірінші Қаратау ауданындағы өзекті мәселелерді шешу жолдарын негізге алған іс-шара жоспарын бекітуге тапсырма алдым. 99 тармақтан тұратын іс-шаралық жоспарымызда халыққа ең қажеттісі – су, газ, сапалы электр жарығы болды.
Біз алдымен елдімекендердегі ауызсу мәселесін шешіп алдық. 2019-2020 жылдарға жоспарланған ауызсумен қамту жұмыстарының жобасын қала әкімдігінің қолдауымен 2018 жылға жақындаттық. Аудан әкімдігінің бастамасымен жеке кәсіпкер тарапынан «Асар-2» шағынауданындағы 130 тұрғын үйге ауызсу тартылды. Ал «Мәртөбе» тұрғын алабының ескі құбырлары «Су ресурстары – маркетинг» ЖШС-і жоспарға сәйкес жаңартылды. Ағымдағы жылы «Сайрам» тұрғын алабы мен «Тұран» шағынауданына су құбырын тарту жұмыстары басталып кетті. Ал бірқатар елдімекенде ауызсу құбырларын тарту құрылысы келесі жылы басталады. Қазір бюджеттен қаражат қаралып, ЖСҚ әзірленуде.

shymkala-89-4

– Табиғи газға деген сұраныс та өзекті. Оның үстіне, БҰҰ-ның Даму Бағдарламасына сәйкес, үлкен мегаполиске айналатын шаһар қою түтіннен құтылуы қажет. Яғни, қаланы көк түтіннен құтқарып, экологиялық ахуалын жақсарту үшін көмір, басқа да отын түрін жағудан сұйық отынға көшудің маңызы зор. Қаратаулықтар мұндай мүмкіндікке қашан қол жеткізбекші?

– Биыл «Бозарық» саяжайын табиғи газбен қамтуға 727 млн теңге қаралып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Тағы 5 елдімекенді сұйық отынмен қамту барысында ЖСҚ әзірленуде. Атап айтқанда, «Асар-2», «Тассай, «Тұран», «Достық» шағынауданында бұл жұмыстар келесі жылдың соңына дейін нәтижесін беруі тиіс.

– 2017 жылдың 9 айлық есебінде қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін мекеме мен тұрғындар арасында жасалған келісімшарт түзу көрсеткіші 97%-ға жетті депсіз. Мұны неге 100%-ға жеткізбеске?

nurtas-1

– Аудан тұрғындарынан келіп түскен өтініш негізінде көшелердің барлығына келісімшарт түзілгенімен әлі де бос жатқан жер телімдері бар. «Қайтпас», «Нұртас», «Тұран», «Достық», «Қайнарбұлақ» шағынаудандарында жаңадан жеке үйлер салынуда. Яғни, мұнда ай сайын өзгеріс орын алатынын ескерсек, сол жаңа нысандар жылжымайтын мүлкіне құжатын рәсімдеп үлгергенше келісімшарт түзбегені 3%-ды құрайды.

– Өткен жылдан бері осы жекеменшік үйлерді орталық кәріз жүйесіне қосатын құбыр тартыла бастады. Бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі қалай?

– Өткен жылы «Нұртас» шағынауданында басталған кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары биыл «Қайтпас» пен «Ақжайықта» жалғасты. Бүгінгі таңда тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстарын іске асыру жоспарлануда. Сондай-ақ, «Тассайдағы» Тәуке хан көшесінен Қ.Төлеметов көшесіне дейінгі кәріз коллекторына да 45,4 млн қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.

– Қаратау ауданында 963 көшенің жалпы ұзындығы – 1050 шақырым. Оның 424 шақырымына асфальт төселген екен. Қалған шақырымның жағдайы қандай?

– Биыл ауданда әлеуметтік нысандар орналасқан 6 көшеге аяқжол салуға қаржы бөлінді. №85, №125 жалпы орта мектебі мен «Қаражол» емханасына баратын көшелерде аяқжол құрылысы басталды. Ал тағы үш көшенің жұмысын жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Аудандағы тұрғын алаптар мен шағынаудандардың жаңақұрылыс аумағындағы топырақ жолдарға бюджеттен 105 млн теңге қаралып, «Достық», «Нұртас», «Қайнарбұлақ», «Асар-2», «Таскен», «Азат», «Бозарық», «Тассай», «Исфиджаб» және «Өтеміс» тұрғын алабындағы бірқатар көшелерге шағал тас төселді. Одан бөлек аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен кәсіпкерлер тағы бірнеше көшеге шағал тас төсеуге демеушілік жасады. Қазір ауданда 46 шақырым топырақ жол бар.
Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан 34 көшенің ЖСҚ-ы әзірленуде.

 MG 5888

– Кәсіпкерлердің демеушілігімен шағынаудандарда бейнебақылау камерасын орнатуды ең алғаш Қаратау ауданы қолға алды. Қылмыс көп пе, демеуші көп пе?

– Қаланың шетінде орналасқан шағынаудандарда құқықбұзушылықтың жиі болатынын жасырмаймын. Бұл көрсеткіш аудан әкімдігін ғана емес, қала басшылығын да, депутаттар мен осы ауданның кәсіпкерлерін де алаңдатты. Қылмыстың алдын алып, қала аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдағы тәртіп пен бала тәрбиесіне деген жауапкершіліктің нәтижесі дегеніміз дұрыс. Жуырда ғана кәсіпкер әрі қалалық мәслихат депутаты Т.Әмірбеков «Қайнарбұлақ» саяжайына сапалы 16 бейнебақылау камерасын орнатуға демеушілік жасады. Қазір көрсеткіш әлдеқайда жақсарды. Ендігі мақсатымыз – бұл жобаны басқа да шағынаудандарда жалғастыру және әрбір көпқабатты тұрғын үйдің ауласына да бір-бір камера орнату жоспары бойынша бірқатар жұмыстар атқарылуда.

– Болашақтың қамын ойлап, белсенді әрекет етіп жатқандарыңыз құптарлық-ақ. Бұл ретте аудандағы абаттандыру жұмыстары жайлы айтсаңыз...

– 2016-17 жылдардың жоспарына сәйкес, «Нұрсәт» шағынауданында тозығы жеткен 6 ауланы толық абаттандыруға және 1 аулаға қосымша балалар мен спорттық алаңша құрылысына 98,8 млн теңге қаралған болатын. Қараша айының соңында бұл жұмыстар пайдалануға тапсырылады. «Нұрсәт» шағынауданында мұндай жұмыстар келесі жылы да жалғасады. Атап айтқанда 3 ауланы абаттандыруға, 26 аулаға қосымша балалар ойын алаңшасы мен спорттық құрылғылар орнатуға, 41 көшеге аяқжол салып, 22 қоқыс алаңын заманауи үлгіде жасақтауға ЖСҚ мақұлданды. Қаражат бөлу мәселесі 2018 жылдың бюджетін қарау кезінде мәлім болады.

– Аудан тұрғындарына айтар ой-пікіріңіз, ұсынысыңыз бар ма?

– «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан көпқабатты үй тұрғындарына жиі түсіндіру жұмыстарын жүргізгенімен істі заң шеңберінде қарауға мәжбүрлейтін жағдай бар. Ол – төменгі қабат тұрғындарының ауладағы көпшілікке арналған орынды жеке меншігіне айналдырып алуы. Терезесінің тұсынан 10 көлік сыятын орынға 6 көлік қойып, шатыр жауып, сыртын қоршап алған. Басқа тұрғындар ол жерге көлігін қойса, «шатырды мен жаптым» деп дауласады. Соңы тұрғындардың бәріне ортақ жер дауына тіреледі. Жалпы, көпқабатты үйдің ауласын қоршап алу, шатыр жабудың қай-қайсысы да заңсыз. Ол көпшілікке арналған, сондықтан бұл ескертуге бейжай қарамаса екен.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

Кәсіби психологтар жеткілікті ме?

Пятница, 03 Ноябрь 2017 08:05

Бүгінде «психологтың қабылдауына жазылдым» деген хабарды әрбіріміз үрейлене қабылдайтынымыз анық. Алайда, мұның еш әбестігі жоқ екенін айтады психолог-мамандар. «Психолог – адамның жан-дүниесіндегі ауыртпалықтан арылып, сезімдерін басқаруға көмектеседі, ал мінез-құлықтың ауытқуын емдейтін маманды «психиатр» деп атайды. Осы екеуінің айырмашылығын білген абзал», – дейді тәжірибелі психолог, коуч-тренер Айсұлу Бөрібаева.

3 1

Психолог – адам жанының айнасы

Біз шынында психологтың көмегіне санасында ауытқу байқалған адамдар ғана жүгінеді деп ойлаймыз.

– Психологиялық көмек – жан-дүниесі құбылып, өз сезімдері мен эмоциясын басқара алмай, кейде айтар ойын ішіне бүгіп, құсаланып жүргендерге қажет-ақ. Психолог және психотерапевт мамандары – дені сау адамдармен жұмыс істейді. Бұл тұрғыда менің психолог ретіндегі көмегіме мектеп жасындағы балалар мен отбасылық өмірдің қиындықтарын жеңе алмай жүрген жастар жүгінеді. Түптеп келгенде олардың жан-дүниесінде болып жатқан сезімдеріне ешкім мән бермегендіктен, жақын адамдарының назарын аудару мақсатын көздейді. Бірақ, сол назарын аударуға тырысып жасаған әрекеттері кейде сәтсіз аяқталып жатады, – дейді А. Бөрібаева.

Өңіріміздің психологтары «орта буын өкілдері жұмыстан босамайтын қоғамның жастары гаджетті дос тұтып үлгерген бүгінгі таңда психолог маманына деген қажеттілік күн санап артуда» деп дабыл қағады.
Балалар бұрынғыдай далада асыр салып ойнамайды. Біразы күн ұзақ сабақ оқыса, көпшілігі теледидар мен компьютердің алдынан тапжылмайтыны бізге мәлім.

 

Мектеп оқушыларына маман көмегі қажет пе?

Қала аумағындағы білім беру мекемелерінде психологиялық қызмет көрсету ҚР Конституциясы, ҚР «Білім туралы» Заңы және «Бала құқықтары туралы конвенциясы» мен ОҚО әкімдігінің 2015 жылғы 20 сәуірдегі № 111 қаулысымен бекітілген «Орта білім беру ұйымдарында психологиялық қызметінің жұмыс істеу қағидалары» шеңберінде жүзеге асырылуда.

Бөлім басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, бүгінгі таңда қалалық білім бөліміне қарасты 132 мектептің барлығы психолог маманмен қамтылған. 

30-013

– Қазіргі таңда, жалпы 240 жоғары білімді педагог-психолог жұмыс істейді. Оның 132-сі күндізгі бөлімді бітірген, 108-і сырттай оқыған. 28-і жоғары санатты педагог-психолог болса, 35-і бірінші, 87-сі екінші санатты. Әзірге санатсыз тағы 90 психолог-маман сапалық құрамын жоғарылату бағытында жұмыс істеуде, – дейді Жанат Арысбекқызы.

Мектеп психологтары негізгі 5 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, психологиялық диагностика, психологиялық ағарту (профилактика), психотүзету (психокоррекция) және дамыту, психологиялық кеңес (консультация) жүргізу, кәсіби кеңес (консультация) жүргізу, сондай-ақ, әлеуметтік-диспетчерлік бағыттар.

Ж.Тәжиева Қоғамдық қеңесте қалалық білім бөлімінде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасаған болатын. Мәліметтерге сүйенсек, қалада 2017 жылдың 6 айында 18 суицид оқиғасы тіркелген. Оның 6-ы қала мектептерінің оқушылары. Өзіне қол жұмсамақ болған 18-дің 13-ін ажалдан арашалап қалғанымен, 5 суицид аяқталған. Аяныштысы сол, оның 4-і мектеп оқушысы, 1-і колледж студенті.

Сараптау нәтижесінде, оқиғалар отбасылық жағдайға байланысты орын алғаны анықталған.

Суицид, ерте жүктілік, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу, тәртібі өзгерген балалардың ата-аналарымен жұмыс жүргізу мақсатында қалалық және мектепішілік жоспарлар жасалған. Сондай-ақ, тоқсан сайын мектептің 3-11 сынып аралығында оқитын оқушыларына психодиагностикалық зерттеулер жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша қобалжу деңгейі мен жүйкелік-психикалық тұрақтылық көрсеткіші назарға алынады. Қобалжу деңгейі жоғары балалармен арнайы топтық және жеке түзету-дамыту жұмыстарын психолог-педагог мамандар жүргізуде.

 

Үнемі тәжірибе арттыруға тура келеді

Білім бөлімі берген мәліметке сәйкес, жұмыс барысында мамандар балаларды салауатты өмір салтын қалыптастыруға үгіттейді. Негативті жағдайлармен түрлі тәуелділіктен арылуына көмектесуде. 

– «Педагог-психолог» мамандығы бойынша біліктілік алған мамандар жұмыс барысында кездескен қиындықты игеру мақсатында тұрақты түрде білімін жетілдіріп отырады. «Өмірдің қиын жағдайларына шыдамдылықты насихаттау», «Қиын жасөспірімдер және олармен жұмыс істеудің ерекшелігі», «Ата-ана махаббаты және ата-ана мінез-құлық стильдері», әлеуметтік педагогқа арналған «Ерекше назардағы оқушылармен және отбасымен жұмыс», «Қыз – ұлт мақтанышы және көркі», «ҰБТ-ға дайындық барысында психологиялық қолдау көрсету» тақырыптарындағы оқу-семинарларға тұрақты түрде қатысып, оқушылар арасында тренинг ұйымдастырып тұрады. Жалпы, балалардың мінез-құлқын дұрыс қалыптастырып, әр қадамын ақылмен басуға үйретуде, ой-өрісін дамытуда кәсіби психологтардың берері мол. Әйткенмен, біздің өңірде бұл мамандарды дайындайтын оқу орны жоқ, – дейді Ж. Тәжиева.

23201739 1333002436822969 967319008 n

Ал тәжірибелі психолог, коуч-тренер Айсұлу Бөрібаева бұл салада көп ізденгенін айтады.

– Бізде психологтар емес, бұл маманды даярлайтын оқу орны болмай тұр. Педагог-психолог мамандығым теориямен шектеле берген соң бұл саланың қыр-сырын толық меңгергім келді. Тәжірибелі психология және психотерапия Еуразиялық институтында тәжірибе алдым. Бұдан кейін де адамның жан-дүниесі мен тәнін психологиялық тұрғыда зерделеп тағы 2-3 жыл психологияның қыр-сырын меңгердім. Жалпы, психолог деген – арт-терапия, құм-терапия, би-терапия, саз-терапия, гештальд-терапия болып түр-түрге бөлініп кете беретін өте терең мамандық. Бұрын психологтың атын естісе шошитын, қазір маман кеңесіне жүгінетіндердің саны артты. Олар жасөспірімдер, жас отбасылар, кәсібін немесе бір арманын жүзеге асыру жолында тәуекелге бел буа алмай жүрген жандар. Дегенмен, халық саны миллионға жақындаған қаламызда психолог мамандар саусақпен санарлық. Өйткені, бұл салада кадр даярлайтын бір де бір оқу орны жоқ. Мамандық алу үшін көп ізденіп, тіпті, шетелде оқып келуге тура келеді. Кәсіби психологтарды өзімізде дайындауды оқу орындары қолға алса жақсы болар еді, – дейді өзекті мәселені алға тартқан Айсұлу Бөрібаева.

Жер-Ананы аялай біл!

Среда, 01 Ноябрь 2017 08:51

Үшінші мегаполис болатын Шымкент қаласы төмен көміртекті тұрақты қала бола ала ма? Бұл сұрақ төңірегінде «Жасыл Экономика» бағдарламасы, «Төменкөміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» жобасы жүзеге асуда. Осы тақырыпта біз Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ) ОҚО бойынша өкілі Әбдімәлік БАЛБАЕВпен әңгімелесіп, жоба аясында атқарылған жұмыстардың барысымен таныстық.

zher ana

– Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді. Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылып, топырақтың құнары кеміді. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның залалынан Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды, – дейді БҰҰДБ-ның ОҚО бойынша өкілі Әбдімәлік Балбаев.

Шымкент қаласы да өткен ғасырдың екінші жартысында Қазақстан бойынша ірі кәсіпорындар қаласына айналды. Шаһарға кіреберіс биік жоталардан қала көк түтіннен көрінбей қалды.

Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы ғана емес, күллі жер шары экологиялық зардап шегуде. Оның бір ғана мысалы, қазіргі уақытта жер өзіне тиесілі салмақтан артық, осы экологиядан келген зардаптың 1,6 жүгін көтеріп тұр. Бұл – үлкен қауіп! Оның алдын алу үшін бүкіл адамзат баласы көлге тамған тамшыдай өз үлесін қосуы тиіс.

Ал Үкімет бұл салада көптеген жобаларды қолға алды. Соның бірі – кеше ғана еліміздің төрінде өткен ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі.

 

Мақсат – жылыжай газын 15%-ға азайту

– Қазақстан жылыжай газы шығарылымдарын 1990 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2020 жылға дейін 15%, ал 2050 жылға қарай 25%-ға дейін төмендетуді алға мақсат етіп қойды. Климаттың өзгеруіне тигізетін ықпалын жұмсарту үшін парникті газдардың жылдық шығарылымын 20-30 MtCO2-ға азайту, төмендету үшін қалалық сектор бөлініп алынды. Себебі, қалада орталықтандырылған жылыту, ғимараттар, қалдықтар мен көліктен келетін экологиялық зардапты реттеу мүмкіндігі жоғары, – дейді Ә. Балбаев.

БҰҰДБ өкілінің айтуынша, жылыжай газдардың қалалық шығарылымдарын төмендетудің оң нәтижелері экономикаға ғана емес, жергілікті халыққа да және қалалық инфоқұрылымның тұрақтылығы мен сенімділігіне байланысты. Бұл тұрғыда тұрғындардың сенімін артыру, жайлылық пен халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын артыру әлеуметтік-экономикалық салаға айтарлықтай пайда алып келеді.

Әбдімәлік БАЛБАЕВ, БҰҰДБ-ның ОҚО бойынша өкілі:

– Қала тұрғындарына айтарым, біз өз қаламыздың Шымқала атына сай жасыл күйінде сақталып, экологиялық таза қалыпқа келтіруге күнделікті атсалысайық. Сүйікті қаламыздың энергия тапшылығына ұрынбауы билік өкілдеріне ғана байланысты емес. Біз өз балаларымыздың, келешек ұрпағымыздың болашағын ойлауға міндеттіміз.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда жылыжай газдардың шығарылымдарынының Ұлттық мақсатты көрсеткіштеріне жету үшін ҒЭҚ қаржылай қолдауымен ел аумағында БҰҰДБ мен ҚР Үкіметі «Төменкөміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» жобасын іске асыруда. Жоба аясында 2015 жылдың 5 қарашасында Астана қаласында өткен форум өтіп, Шымкент қаласының әкімі меморандумға қол қойды.

Ал 2016 жылдың 16 қарашасында БҰҰ-ның Қазақстандадағы Тұрақты Өкілеттілігінің төрағасы Н. Шимамура мен облыс әкімі Ж. Түймебаев кездесіп, өзара келісім жүргізді. Соның негізінде 2018-2020 жылдар аралығында экология саласы мен қалалардағы төменкөміртекті жобаларды ілгерілету, сол арқылы қала инфрақұрылымының тұрақтылығын арттыруға бағытталған іс-шара жоспары қолға алынды.

Шымкент қаласы Мемлекет басшысының «Жасыл Экономика» бағдарламасын қолдап, атқарылған жұмыстар нәтижесінде «G-GLOBJL» халықаралық ұйымының кубогін жеңіп алды. Қала әкімі осы орайда «Жасыл Экономика» бағдарламасына атсалысқаны ҚР Энергетика Министрі Қ. Бозымбаевтың алғыс хатымен марапатталды.

 

Қала тұрғындары білуі тиіс

БҰҰДБ-ның ОҚО бойынша өкілі тұрақты қала мағынасына тоқталды. Яғни, тұрақты қала дегеніміз – бұл өмір сүруге ыңғайлы мекен, шаһар, орталық. Мұндай қаланың тұрғындары – энергияны үнемдеп, су және азық-түлік өнімдерін, жылуды, тұрмыстық қолданыстағы белсенді өнімдерді иррационалды қолдану барысында ауаның ластанбауына ат салысады. Оның ішінде – көмірқышқыл газдары мен басқа да парниктік газдар, су ресурстарының ластануын азайтып, топырықтың құнарлылығын арттырады.

«Төменкөміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» бағдарламасы негізінде қала тұрғындары мынадай бес бағытты мақсат етіп ұстануы тиіс.

 

«Төменкөміртекті дамуға арналған тұрақты қалалар» бағдарламасы негізінде қала тұрғындары мынадай бес бағытты мақсат етіп ұстануы тиіс:

jer-11. Жылуды үнемдеу

Жылу үнемдеу үшін ең әуелі көпқабатты үй тұрғындары жертөле, кіреберіс есік-терезелері, шатыр, үй қабырғалары сынды жылу жоғалтатын орындарды күрделі жөндеуден өткізуі қажет. Термомодернизациядан өткізіп, автоматтандырылған жылу торабын орнатқаннан кейін бұл бағытта бірқатар мәселе шешімін табады.

 

jer-22. Электр энергиясын үнемдеу;

Электр энергиясын үнемдеу үшін көпқабатты үйлер ғана емес, барлық ғимараттарда электр құрылғылары мен лампаларды соңғы моделдегі жабдықтармен ауыстыру тиімді.

 

jer-33. Транспорттан шығатын көк түтінді жою;

Транспорттан шығатын көк түтінді жою үшін Алматы қаласының үлгісімен тиімді жобаларды енгізу керек. Сондай-ақ, қала аумағында ескі көлікті тұтыну азайып, тұрғындар жаяу немесе велосипедпен жүруге көшсе, бұл біріншіден, экологияға пайда әкелсе, екіншіден, салауатты өмір салтын ұстанған халықтың денсаулығын әлдеқайда жақсартқан болар еді.

 

jer-44. Қала, елдімекендердің үстіндегі көкпеңбек қою түтіннен құтылу;

Қою түтіннен құтылу үшін қазіргі таңда пайдаланып отырған жылыжай газдарды көп шығаратын отын түрлерінің орнына баламалы энергия көздерін тұтынған абзал.

 

jer-55. Тұрмыстық қалдықтарды қалдықсыз өңдеуге қол жеткізу.

Ол үшін де тұрмыстық қалдықтарды түр-түрге бөліп, жеке-жеке жинақтап, тиісті қабылдау пунттеріне өткізуді әдетке айналдырған дұрыс. Бұл арқылы әрбір қала тұрғыны өз үйінің айналасын, ауласын таза ұстауға атсалысады.

 

Аграрлық аймақтың әлеуеті жоғары

Пятница, 27 Октябрь 2017 09:39

ОҚО-да алғаш рет «AGROFEST» ауыл шаруашылығы фестивалі өтті

agrofest-1

Оңтүстік – аграрлық өңір. Ырысын жерден іздейтін Оңтүстік халқына күз қоңыр-күрең түсімен ғана емес, алтын астығымен де қымбат. Жерді еміп өскен өңірдің еңбекқор халқы артық өнген әрбір дән үшін қуанады. Өйткені, ол – адал еңбектің, маңдай тердің жемісі.


Жыл басынан бері елімізде ауыл шарушылығы саласын дамыту, несиелендіру, шаруақожалықтарын біріктіріп, субсидия алу және кәсіпкерлікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын көбейту мақсатында іргелі жобалар жүзеге асты. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде өңірімізде егіс науқаны жылды жемісті қорытындылады. Бидай мен арпаның әр гектары 18,3 центнерден өнім беріп, қамбаға 400 мың тоннаға жуық астық жиналды.

Оңтүстіктің қазынасы тағы 1,3 млн тонна бақша дақылдарымен толықты. Бұдан өзге, 919 мың тонна көкөніс пен 295 мың тонна картоп, 116 мың тонна жеміс-жидек астық қорын байытты. 

agrofest-2

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай облыс әкімінің бастамасымен өңірде тұңғыш рет «AGROFEST-2017» ауыл шаруашылығы фестивалі ұйымдастырылды. Шымкент қаласындағы «Наурыз» алаңында өткен мерекелік шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, кәсіпкерлер, халық қалаулылары мен сала мамандары бастаған жалпы 8 мыңға жуық адам қатысты. 

Фестиваль қонақтары алдымен ауыл шаруашылығы саласының жетістіктерін айшықтайтын көрмені тамашалады. Мұнда озық техника үлгілері мен асыл тұқымды төрт түлік малдың түрлерін халық назарына ұсынылды.

 

Оңтүстікте 640 кооператив бар

Шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Әр ауданның табиғи таза өнімдері нарықтағы бағадан 15-20%-ға арзан бағада сатылып, әр ауданнан әкелінген шаруалардың өнімі жалпы 182 тоннаға жетті. 

Мерекелік жиынды облыс әкімі Ж. Түймебаев ашып, сала мамандарын кәсіби меркелерімен құттықтады.

agrogest-4

– Облысымыздағы ауыл шаруашылығы экспортының көлемі бүгінгі таңда 211,4 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6%-ға өсті. Импорт көлемі 320 млн АҚШ долларына жетіп, 4 пайызға кеміді. Осылайша республикада облыстың үлесі 13%-ға жетіп отыр. Ағымдағы жылы мал шаруашылығы саласының еңбеккерлері де толағай табыстарға қол жеткізгенін байқауға болады, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Облыста ірі қара мал саны биыл 5,8%-ға, ал қой мен ешкі 1%-ға, жылқы 19,5%-ға артқан. «Сыбаға» бағдарламасы аясында биылдың өзінде 13 087 бас мал сатып алынса, «Алтын асық» бағдарламасымен 23 352 бас қой, «Құлан» бағдарламасы арқылы 2 366 бас жылқы сатып алынған. Мал басын сатып алуда Оңтүстік өңірі республикада 1 орыннан көрінді. Сондай-ақ биыл облысымызда жаңадан 2 419 шағын бордақылау алаңдары мен 656 жанұялық сүт және 22 отбасылық құс фермалары, 10 балық шаруашылығы іске қосылды.

agrogest-3

– Биыл өңірімізде ауыл шаруашылығы саласында кооперативтерді құру жұмысына ерекше назар аудардық. Нәтижесінде халықтың кооператив құруға деген белсенділігі артып, өңірде министрліктің талабына толық жауап беретін 158 кооператив құрылды. Бүгінгі таңда 640 коопертиві бар Оңтүстік Қазақстан облысы республика бойынша І орынға шықты, – деді аймақ басшысы.

 

Озаттар марапатталды

«AGROFEST-2017» ауыл шаруашылығы фестивалі барысында облыс әкімі Ж. Түймебаев ауыл шаруашылығы саласының озаттарын марапаттады. Өңір шаруалары «Озат қаракөл қой шаруашылығын дамытушы», «Озат оператор сауыншы», «Озат инвестициялық жобаны іске асырушы» және «Озат механизатор» сынды тағы 27 номинация бойынша марапатқа ие болды. Атап айтсақ, «Озат астық өндіруші» Нұрлан Құралов (Қазығұрт), «Озат жүзім өндіруші» Қаршыға Ақтөреева (Мақтаарал ауданы), «Ортақ картоп өндіруші» Бақытжан Төлепов (Шымкент қаласы), «Озат жылыжай өнімін өндіруші» Ергеш Турабеков (Сарыағаш ауданы), «Озық технологияны ендірген шаруашылық» Юрий Ан (Шардара аудана) өз саласында үздік көрсеткішке ие болып, озаттар қатарынан көрінді. Ал аудан-қалалар арасында сүт, ет өндіру, тамшылатып суғару, жеміс-жидек өсіру, көкөніс, мақта, астық жинау сынды 15 бағыт бойынша І, ІІ, ІІІ орын үздіктері анықталып, сый-сияпат табысталды.

agrogest-5

Фестиваль аясында облыс орталығында аудан күндерін өткізу шарасы да қорытындыланып, Сарыағаш ауданы І орынды иемденді.

Мерекелік шара барысында мықтылар орталық атшабарда қыз қуу, теңге ілу, аударыспақтан және қазақ күресі, қошқар көтеру сынды ұлттық спорт түрлерінен бақ сынасты. Әр ауданнан жиналған білектілердің бәсекесі тартысты өтіп, үздіктерге бағалы сыйлықтар табыс етілді. 

agrogest6

«Наурыз» алаңының төріне жағалай тігілген 16 киіз үй бас сұққан қонағын қошеметтеп қарсы алып, ұлттық тағамдар мен сусындардан дәм ұсынды. Фестиваль соңы облыстық өнер жұлдыздарының гала концертіне ұласты.

Қала әкімі Ғ. Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес, қалаішілік бағыттағы қоғамдық көлік қызметіне жүргізілген арнайы рейд нәтижесінде жол жүру ережесін бұзудың 43 дерегі тіркеліп, жүргізушілерге 300 мың теңгеден артық айыппұл салынды.

IMG-20171017-WA0025

Рейд барысында құжатсыз жолаушы тасымалдаған көлік жүргізушілері де анықталды.

Құжатсыз көлік жүргізіп, жолаушы тасымалдаған жүргізушінің бірі №58 бағыттағы маршрутта анықталып, автобус ақылы айып тұраққа алынды. Ал жүргізушінің үстінен хаттама толтырылды. Бұл рейд апта соңына дейін жалғаспақ. 

IMG-20171016-WA0056

Сондай-ақ, қоғамдық көліктерге қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаевтың фотосуреті мен уәдесі бар плакаттар ілінді. Уәде бойынша бөлім басшысы 11 желтоқсанға дейін шаһардағы қоғамдық көлік саласына тәртіп орнатуы тиіс. Яғни, автобустардың қозғалу кестесі мен көлік тазалығы басты назарға алынады. Сондай-ақ, жолаушысы көп бағыттарға қосымша көлік бөлінбек.

Соңғы бір тәулік ішінде қала аумағында 13 бағытта қызмет көрсететін бір ғана «Greenbus company» ЖШС-нің қызметін 9 адам оң бағаласа, 11 тұрғын көңілі толмайтынын білдірген. Нәтижесінде, бір тәулік ішінде компания отыздықтың рейтингісінде 25-орыннан 28-орынға төменге сырғыпты. 

Үшінші мегаполис дәрежесіне лайықты қала болу үшін жергілікті тұрғындарға қызмет көрсету сапасы мен өзіндік мәдениеті жоғары болуы тиіс.

shymkala-83-10Әйгерім ЖҰМАҒҰЛОВА,
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің жетекшісі:

– Әкімдік қоғамдық көлік тасымалымен айналысатын компаниялардың тиімділік рейтингісін жариялады.
Бұл ретте кез келген қала тұрғыны дауыс бере алады. Әкімдіктің ресми сайтына кіріп, www.shymkent.gov.kz/ru/bus қосымшасы арқылы смартфонмен жүзеге асыруы мүмкін. Сайттың басты бетінде «Қоғамдық көліктің рейтингі» баннері орналасқан. Сол баннерді таңдаған соң қаладағы жолаушыларға қызмет көрсететін көлік компанияларының тізімі шығады.
Көлік компанияларының жұмысы туралы қала тұрғындарының қалдырған мәліметі олардың рейтингін анықтап береді. Атқарылған жұмыстар аясында 11 желтоқсан күнгі қорытынды жиналыста қызмет көрсету сапасы сын көтермейтін компанияға қатысты шешім қабылданады.

Страница 20 из 39