Жеңістің басы – бірлікте Избранное

Пятница, 10 Февраль 2023 04:15 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 4269 раз

Күрес түрлерінен республикалық 6-шы Жазғы Спартакиадасы жаңа есімдерді танытып, спортшыларға жаңа серпін берді. Алматы қаласында Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде өткен тартысты бәсекелерді тамашаладық. Шымкент қаласының грек-рим күресі балуандары бұл жолы да командалық есепте бірінші орын алды. Бұл бәсекенің жөні бөлек. Спартакиада биылғы Жазғы Азия ойындары, әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына іріктеу ретінде ұйымдастырылды. Жарысты алдымен «классик» балуандар қыздырды.

1007

 

Грек-рим күресі балуандарының жарқын жеңісі

Өткен жылы грек-рим күресінен Әлімхан Сыздықов (130 келі) пен Мейіржан Шермаханбет (67 келі) Азия чемпионатында топ жарған еді. Сол сында екі балуан әйгілі қарсыластарынан басым түскен. Одан бөлек, Жолдыбай Тоқбаев ардагерлер арасында әлем чемпионы атанды. Жастар, жасөпірімдер арасында құрлық чемпионатында жүлдегер болған өрендеріміз де жеткілікті.
2019 жылғы Спартакиада Шымкенттегі жеңілатлетикалық манеж кешенінде өткен. Ол кезде Оңтүстік балуандары – әлем чемпионатының жүлдегері Мейіржан Шермаханбет, Әлімхан Сыздықов, Жолдыбай Тоқбаев сынды сақа балуандар үздік шыққан. Иә, дарынды, талапты жастарымыз бар. Оларға жеткілікті қолдау, бабын келтіріп, жарысқа тың күшпен алып барудың маңызы зор. Бұл жолы Мейіржан Шермаханбет жарақатына байланысты жарыстан сырт қалды. Алайда, басқа спортшыларымыз намысты қолдан бермей, жанкештілік танытты.
2023 жылғы бәсекенің басты мақсаты – Олимпиадалық және спорттық қозғалысты насихаттау мен беделін арттыру, ел аймақтарында күрес және олимпиадалық спорт түрлерін дамыту. Биыл Қытайда ХІХ Жазғы Азия ойындары, Сербияда әлем чемпионаты өтеді. Осы ретте Азия чемпионаты және рейтингтік турнирлерге грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша ұлттық құрама командасын жасақтау міндеті тұр. Әрбір балуан мұны жанымен ұғынған. Бәрі де іріктеуден өтіп, ұлттық құрама сапында белдесуді көздейтіні анық.
Сонымен, Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде екі күн бойы грек-рим күресі балуандарының жеңісінен арқаланып жүрдік. Жаттығу аймағы, көрермендер трибунасы және кілемнің жанында жүріп балуандардың күресіне куә болдық.

1008


Алғашқы күні халықаралық турнирлердің жеңімпазы Мұхамедәли Мамырбек көпшілікті таңырқатты. Ол 5 кездесуді де уақытынан бұрын аяқтап, қарсыластарына соқыр ұпай да ұстатқан жоқ. Жарыстың басы-қасында жүрген спорт журналистері, жанкүйерлер, спорт мамандары да бұл жігітке оң баға берді. ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкері Серік Жұмашев те бұл жігіттің өнеріне риза болғанын айтты.
Одан бөлек, Илимдар Сатаев (82 келі), Шәміл Батыров (82 келі), Әділхан Сатаев (72 келі), Ильяс Гучигов (97 келі) қола жүлдені қоржынға салды.
Жарыстың екінші күні де балуандарымыз жеңісімен қуантты. Аса ауыр салмақта Әлімхан Сыздықов пен Джохар Узаров жаттығу аймағында бірлесе дайындық жүргізгеніне куә болдық. Тәжірибесі мол Сыздықов жас балуанға ақыл-кеңестерін айтты. Екеуі де қазіргі уақытта әйгілі балуан Бисолт Дециевтің қол астында жаттығады.
Қос алып балуан жанкүйерлердің үмітін ақтап, алтын және күміс жүлдеге иелік етті. Әлімхан Сыздықов финалда басты қарсыласы Антон Савенкононы (Алматы қаласы) бет қаратпай жеңіп, алыптар арасында кім үздік екенін дәлелдеді. Осы белдесу барысында жанкүйерлер трибунасынан белгілі балуан Асхат Жаңбыров барынша қолдау көрсетіп, рухани демей білді.
Сөйтіп, бұл күні жастар арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері Омар Сатаев та финалға дейін жетті. Жартылай финалда тәжірибелі балуан Мақсат Ережеповтен айласын асырып кетті. Сонымен, екі күннің қорытындысы бойынша грек-рим күресінен Шымкент қаласы командасы бірінші орынға ие болдып, 2 алтын, 1 күміс, 5 қола жүлдемен оралды.
Біз де екі күн бойы жеңісті сәттің қасында болып, балуандар, бапкерлердің тонның ішкі бауындай бірлікте екеніне куә болдық. Иә, жеңістің басы – бірлікте.

Дархан Есенғали – жаңа есім

6-шы Жазғы Спартакиаданың еркін күрес бәсекелері де аса тартысты өтті. Шымкент қаласының еркін күрес шеберлері командалық сында бірінші орыннан үмітті болған. Сенім үдесінен шығуға барлық жағдай жасалды.
Сайыстың алғашқы күні жас дарындар – Дархан Есенғали (74 келі) мен Мақсат Сатыбалды (86 келі) олимпиадалық салмақтарда көпшілікті таңдандырды. Есенғали жартылай финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері Нұрқожа Қайпановты жеңсе, финалда әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ардагерлер арасында әлем чемпионы Нұрлан Бекжановты сан соқтырып кетті.
Әттеген-айы, сайыстың екінші күні 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының жүлдегері Асыл Айтақын (61 келі), Нұржан Сейітжан, Мадияр Бурхан, Нұрқанат Айтбай сынды жастарымыз іріктеу кезеңдерінде есе жіберіп, жүлдеден тыс қалды.
Сондай-ақ, дүниежүзілік Универсиада ойындарының жүлдегері Бердақ Пірімбаев (57 келі), жастар арасында әлем чемпионатының жүлдегері Бекзат Ермекбай (65 келі), 2019 жылғы Спартакиада жеңімпазы Бауыржан Төребек те бұл жолы жүлделі орындарға іліге алмады.
Әзірге, Д.Есенғали мен М.Сатыбалдының алтын және күміс жүлдесі дәтке қуат. Биылғы маңызды додаларда сенім артылса, қос балуан да аянып қалмайды деп сенеміз.
Сонымен қатар, әйелдер күресінен де шымкенттік балуандар жеңімпаз атанып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бейжің Олимпиадасының жүлдегері Елена Шалыгина 68 келіде ел үздігі атанса, 62 келіде Әсия Әлібек қола жүлдені қоржынға салды. Жалпы айтқанда, жерлестеріміз күрестің әрбір түрінен де алтын жүлдемен оралды.
Таяуда Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев баспасөз брифингінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жопарларды баяндаған болатын. Басты мақсат – алдағы маңызды додаларға спортшыларымызды үкілеп қосу. Биыл 2024 жылғы Олимпиада ойындарына жолдама берер жарыстар басталады. Жалпы қала спортшыларының Париж олимпиадасына 20-ға жуық жолдама жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Басқарма басшысы осылай дейді.
Сондай-ақ, биылғы Қытайда өтетін Жазғы Азия ойындарына 58 спортшымыз үміткер болып отыр. Біз спортшыларға сәттілік тілейміз.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.