Қызықты әрі табысты кәсіп Избранное

Пятница, 23 Декабрь 2022 04:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1378 раз

Әлемде соңғы жылдары кәсіптің жаңа түрлері пайда болып, істің көзін тапқандарды табысқа кенелтуде. Сондай мамандықтың бірі –мобилограф. «Мобилография» деп аталатын кәсіп бүгінде үлкен сұранысқа ие әрі қыруар қаражат табатын салаға айналды. Сондықтан болар жастардың көбісі сол саланы игеруге тырысып-ақ жатыр. Ол үшін үлкен құрал, отыратын кеңсе, көп жұмыс күшінің қажеті жоқ. Күнделікті қолдан түспейтін ұялы телефон арқылы керемет дүние жасап, танымал да бола алады. Саланың қыр-сырын зерттеп көрдік.

132

 

«Мобилография» аты айтып тұрғандай, мобилді телефонмен жылдам фото-видео түсіру. Ал бұл ұғымды Қазақстанға алғаш болып алып келген жастың бірі – Қыран Талапбек деген азамат. Елімізде талантты азаматты танымайтын жастар кемде-кем шығар. Тіпті ел арасында оның «мобилография атасы» атанып кеткен жайы бар. Бүгінде іскер жігіттің жанында бір апта жүріп, видео монтаждап үйрену үшін 1 500 000 мың теңге төлесеңіз болғаны, мобилографияның қыр-сырын үйреніп шығасыз. Жанында жүрмей-ақ, арнайы дайындаған онлайн курстарынан сабақ алудың өзі аз қаражат емес. Дайын сабағынан қашықтан да мамандықтың қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік жасап қойған. Сондықтан Қыран және оның командасы осы уақытқа дейін Қазақстанда 50 мыңнан аса шәкірттің аталған саланы игеруге септігін тигізген. Қазір сол шәкірттері әр саланың кәсіби маманы атынып жүр. Бірі – танымал жұлдыздардың қасында, енді бірі контент жасап, кәсібін дөңгелетіп отыр. Солардың қатарында – шымкенттік Әсел Елемес те бар. Ол бала кезінен фото-видео түсіруге әуес болған. Қазірге кезде сол хоббиін табысқа айналдырып отыр.
– Бүгінгі жастардың мамандық таңдауға деген көзқарасы өзгерді.Алдыңғы буын аға-апаларымыз дәрігер, мұғалім, полиция боламын десе, қазіргі жастар жаңа бағыт, табыс әкелетін мобилограф, SММ, блогер саласын меңгеремін дейді. Себебі мобилограф болып айына 300-500 мың теңге табыс табуға болады. Екіншіден, таң атқаннан кешке дейін бір орында тапжылмай отырып жұмыс істеу деген заңдылық жоқ. Осы салада жүріп-ақ танымал тұлғалармен жүздесіп, керемет жерлерді көре аласың,- дейді кейіпкеріміз.
Әсел 14 жасында Happylon, Play park секілді орталықтарда фотограф болып, өзінің алғашқы жалақысын алған. Сол уақыттан бері бұл ісін жалғастырып, түрлі курстарғы қатысып, өзін дамытып келеді. Қазіргі уақытта өзінің қолға алған нақты жобалары бар.
– Еңбек етемін деген жастарға мүмкіндік өте көп. Бос отыру – маған жат ұғым. Таңертең Парасат колледжінде «Туризм» пәнінен оқытушы болсам, түскі уақытта өзімнің сүйікті ісім мобилография саласына көңіл бөлемін. Әшекей бұйым, киім-кешек сататын дүкендерден тапсырыс алып, видео-фотоға түсіремін. Бір видео түсіру 5-7 мың теңге. Күніне 10 видео түсірсем, 50 000-60 000 теңге табыс табамын. Ал кешке телефон арқылы қытайлық «Pinduoduo» сайтынан тауарға тапсырыс беріп, оны сатумен айналысамын,-дейді Әсел.

P.S.

Әлеуметтік желідегі фото-видеолар да, YouTube желісінде жарыққа шыққан кино туындылардың біразы телефонмен түсірілген. Ал оны түсіретін әрине мобилограф мамандары. Келешекте аталған сала дамыған сайын, мамандарға да сұраныс жоғарылай береді. Сондықтан болар жас буынның көпшілігінің қызығушылығы осыған бет бұрған. Қолда бар мүмкіндікті жүзеге асырудың өзі де бір өнер.

Айдана МҰХТАРОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.