ӘЖЕМНІҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ Избранное

Пятница, 27 Январь 2023 09:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1001 раз

Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Әжемнің аялы алақаны» атты танымдық іс-шара өтті. Аталмыш жиынның мақсаты – бүгінгі ұрпаққа бабалардан қалған төл өнердің заманауи үлгіде даму жолдарын, оларды жетілдіру әдістерін үйрету. Яғни, ұмытылған дәстүрлерді жаңғырту.

62

 

Ұл мен қыздың тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, өмірге жан-жақты бейім болуын назарда ұстаған дана халқымыздың бізге қалдырған дәстүрі сан қырлы. Бүгінгі жаһандану заманында отбасы тәрбиесінде көптеген олқылықтар жіберіп аламыз. Ертегі айтатын әже, бесікке бөленген бала көрмейміз. Қазақы дәмді, дәстүрді білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Осыған орай орталық қызметкерлерінің ұйымдастырған іс-шарасы өзектілігімен ерекшеленді. Шарада «Достық» әжелер тобы жент дайындау, құрт, майсөк, ақ және қызыл ірімшік тағамдарының жасалу жолдары мен олардың ағзаға пайдасы жөнінде әңгіме қозғап, шеберлік сағаттарын өткізді. «Әжемнің алақанынан ...» атты көріністе қазақтың кең, мол дастарханын, қонақжайлылығын, үлкенге құрмет, кішіге ізет ететін керемет тәрбиесін көрсетті.
Бұдан бөлек жергілікті қолөнер шебері Мейрамкүл Тойлыбаева жүн түту, ұршық иіру әдісін заманауи тұрғыдан көрсетіп, таза өнімнің қазіргі таңда үлкен сұраныста екенін айтты. Алаша, кілем тоқу өнерінің шебері Күләш Адарбекова да қыздарға кесте тігуді үйретіп, алаша тоқудан шеберлік сабағын өткізді.
–Кілем тоқуды меңгеруге келгенде жастардың құлшынысы жоғары. Өте керемет өнеріміз қайта дамып келеді. Қазақтың қай қолөнерін алып қарасақ та, қазіргі насихаттап жүрген қол маторикасын дамытуға үлесі зор, - дейді Күләш Айдарбекова.
Қазақы дәстүрді заманға сай жаңғыртып, насихаттайтын осындай іс-шаралардың өскелең ұрпаққа берері көп.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.