Шымкент қаласында «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйымдастыруымен этномедиацияны дамыту мәселесі тақырыбында семинар-тренинг басталды. Үш күнге жалғасатын шеберлік-сабаққа Қазақстан халықтары Ассамблеясы қалалық филиалы жанындағы медиация кеңесінің жетекшілері, қоғамдық және кәсіби медиаторлар, шаһардағы 5 аудан әкімдігінің қызметкерлері, құқық қорғау органдарының және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жалпы 50-ден астам адам қатысып жатыр.
Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Бахтияр Өнербаев іс-шараға қатысып, этномедиацияның маңыздылығына тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асып отырған этносаралық медиация аясындағы басқосу Шымкент қаласында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Қатысушылар семинар-тренингте этносаралық қақтығыстарды реттеу кезінде келіссөз жүргізуді үйреніп, дауды сотқа жеткізбей, татуластырудың әдіс-тәсілдерін меңгереді. Қазіргі кезде Шымкент қаласында 4 медиация орталығы бар. Маманданған медиация орталықтары мен қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы арасында өзара ықпалдастық байланыстары орнатылған. Осы орталықтардың 9 медиаторы қалалық Ассамблея жанындағы медиация кеңесінің құрамына қосылды. Ассамблея медиаторларының тізіміне 15 кәсіби және қоғамдық медиаторлар еніп, этномедиация қызметін ілгерілетуге жұмыс атқаруда. Жалпы, дауласқан тараптарды сотқа дейін татуластыру өзекті мәселе екендігі белгілі, – деді басқарма басшысы.
Жыл басынан бері қалада этнос өкілдерінің қатысуымен отбасылық, мұрагерлік, бұзақылық және қоғамдық тәртіпті бұзу секілді 16 жағдай орын алып, ҚХА жанындағы этномедиаторлардың көмегімен тараптар келісімге келген екен.
Шеберлік-сабағында «Парасат» медиация және құқық орталығының кәсіби медиаторы Мұхтар Адаев, «Эуро Азиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің медиаторы Гүлжан Қожаахмедова қатысушыларға дискуссия, практикалық талдау дәрістерін өтеді. Оның ішінде этносаралық қақтығыстың туындау себебі, шиеленісуге ықпал ететін факторлар, қақтығыстың анатомиясы, даму фазалары, көпшілік алдында сөйлеу, шешендік өнері шеңберіндегі тақырыптар қамтылған.