САЯСИ ҚУҒЫН-СҮРГІН ҚАСІРЕТІ: Ұлы Отан соғысы жылдарынан кейінгі қазақ зиялыларының қудалануы

Пятница, 05 Январь 2024 06:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 869 раз

ХХ ғасырдың 40 жылдарынан кейінгі мәдениет және қоғам қайраткерлерінің өкілдерін саяси қудалау Сталиннен кейінгі кезеңді де қамтыған болатын. Жазықсыз жапа шеккендер арасынан ішінара ақтап алудың жолын іздеген аға буын өкілдерінің жасаған ерліктерін атап өткім келді.

arxiy

 

Қазақстан К(б)П Орталық Комитетінің 1947 жылы шыққан «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателер туралы» қаулысымен қазақ халқының Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі, әсіресе, ХХ ғасыр басындағы рухани мұрасын ғылыми зерттеуге шектеу қойылды. «Біз әрбір ұлттық мәдениеттен оның демократиялық және социалистік элементтерін аламыз және біз буржуазиялық ұлтшылдыққа қарсы пайдаланамыз»,-деген В.Лениннің сыңаржақ қағидасын бетке ұстаған бұл қаулы өткеннің рухани мұраларын тас-талқан етіп, оның ең мәнді, сүбелі дегендерін қоқысқа лақтырып тастауға жол ашып берген болатын. Өткен ғасырларда жасалған мәдениет туындыларын ғылыми тұрғыдан байытуға, жаңа заманға сай өңдеп, қайта пайдалануға ұмтылыстың бәрі саяси қателік және ұлтшылдық сипаттағы бұрмалаулар деп жарияланды.
Осы саяси бұрмалаушылықтың арты әдеттегідей даурықпа айқайға, қазақ зиялыларының арасынан «ұлтышылдар» мен «байшылдарды» іздеу науқанына ұласқан болатын. Ғылыми мекемелерде, жоғары оқу орындары мен институттарда, әдебиетшілер мен өнер адамдарының арасында қайтадан саяси қудалаулар басталды. Зиялы қауым өкілері арасында күдік өршіді. Әрбір азаматтың бойын үрей биледі.
Мәскеуде «Дәрігерлер ісі», Ленинградта «Ленинград ісі» деп аталған саяси қудалау мен күйрету жүріп жатқанда Қазақстанда «Бекмаханов ісі» қолға алынды. Дарынды тарихшы, ғалым Ермұхан Бекмаханов 1943 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ КСР тарихы» атты көлемді еңбектің негізгі авторларының бірі. Аталған кітаптағы Кенесары Қасымұлының қазақ даласында ұйымдастырған ұлт-азаттық қозғалысы КСРО Ғылым академиясында қорғаған докторлық диссертациясы негізінде жазылып, «ХІХ ғасырдың 1820-1840 жылдарындағы Қазақстан» деген атпен жарияланған монографиясы сынға алынған болатын.
Сынаушылар тарапынан Ермұхан Бекмахановтың еңбектерін орысқа қарсы жазылған және онда Ресейге қарсы ұлттық көтерілістер дәріптелген деп айтылды. Авторға «Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалысты ақтау тұрғысынан көрсеткен буржуазиялық-ұлтшыл иедеологияны» дәріптеді деген айыптаулар тағылды. 1950 жылдың желтоқсанында «Правда» газетінде «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндайық» деген мақаланы жариялауы Е.Бекмахановты ресми түрде саяси айыптаудың басы болды. 1951 жылы сәуірде Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті осы мақалаға байланысты қаулы қабылдап, оны дұрыс деп бағалап, автордың «буржуазияшыл-ұлтшылдық көзқарастарын» айыптады.
Онда: «…айыпталушы Бекмаханов өзінің тарих ғылымы саласындағы ғылыми қызметкер жағдайын пайдаланып 1942-1951 жылдардың өне бойында өз жұмыстарында тарихи фактілерді өңін айналдырып бұрмалаған, сөйлеген сөздерінде буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны насихаттаған, феодалдық-байлық құрылыс пен оның орыс халқына қарсы күресуші һәм Қазақстанда орта ғасырлық тәртіптерді сақтап қалуға ұмтылушы кертартпа хандары мен сұлтандарын мадақтаған. Ол өзінің буржуазиялық-ұлтшылдық көзқарастарын негіздеу үшін кертартпа ақындардың, сондай-ақ Кеңес өкіметіне қарсы күрескен халық жаулары – алашордашылардың шығармаларын пайдаланды. Нақ осы ұлтшылдық идеологияны таныстарының арасында да жүргізді», – деп жазылып, сот тергеуі осыларды анықтағанын және айыпталушы Бекмахановтың мойнына қойылғанын айтады»
Жоғарыдағы айыптау негізінде 1952 жылы 2 желтоқсан күні Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер жөніндегі коллегиясының үкімімен Е.Бекмаханов 25 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды. Ол кісінің лагерьден тиісті органдарға жазған көптеген арыздарының нәтижесінде, академик, қоғам қайраткері Анна Михайловна Панкратова сияқты қайырымды адамдардың көмегінің арқасында Берия атылғаннан кейін Е. Бекмахановтың ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда оның ісі жабылып, өзі ақталып шықты. ГУЛАГ-тың лагеріндегі адам төзгісіз азапты күндерді басынан кешкеніне қарамастан, қайсар ғалым, артына халықтың игілігіне айналған мол ғылыми мұраларын қалдырды.
Өзі ұсталып кеткенге дейін бастап қойған «Қазақстанның Ресейге қосылуы» атты еңбегін аяқтады. Бұл еңбегі А.М.Панкратованың баға жетпес көмегінің арқасында Мәскеудегі «Наука» баспасынан 30 баспа табақ көлемінде 1957 жылы жарық көрді. Е.Бекмаханов өзінің жемісті еңбегіне сай ғылым мен қоғамдағы орнын қайтадан алды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының мүшелігіне сайланды. Өмірінің соңғы он жылында терең мазмұнды ғылыми шығармалар жазды, орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Бірнеше жас ғалымдарды даярлады. Шәкірттері бүгінде Республика Ғылым академиясының мүшесі, ғылым докторы, профессор дәрежелеріне жетіп, ұстаздарының ғылыми өмірін жалғастыруда.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Е.Бекмахановтың басты еңбегі — «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» ақталып, орыс жөне қазақ тілдеріндегі нұсқалары «Қазақ университеті» (қазіргі «Санат») баспасынан жарық көрді. Ермұхан Бекмаханов жөнінде Халық қаһарманы, академик Шапық Шөкин былайша еске алған: «Ұлтымыздың аса көрнекті тарихшысы Ермұхан Бекмаханов уақыт бедеріне бағынбаған, шыншыл ғалым болатын. Ол докторлығын екі рет қорғады. Еңбегінің нашарлығынан емес, кеңестік өкіметтің тыйым салынғаны еңбегін Кенесары Қасымұлы тақырыбына жазылғандықтан. 1947 жылы Қазан төңкерісінің 30 жылдығына байланысты Одақтық Академия бойынша үлкен салтанатты кеңес өтуі керек болатын. КСРО ғылым академиясының басшысы Вавилов Сәтбаевқа телефон соғып, Қазақстан тарапынан баяндама жасайтын адамды айтуды сұрайды. Қаныш Бекмахановты ұсынады. Жиналыста қағазсыз сөйлеген жас баяндамашыға ғалымдар таң-тамаша болады».
1940 және 1950 жылдардың бас кезінде әділетсіз саяси айыптауға ұшырамаған қазақ зиялылар сол уақытта кемде-кем болды. Сол зиялы қауым өкілдері қатарында белгілі қоғамтанушы ғалымдар, жазушылар, ақындар, мәдениет қайраткерлері А.Жұбанов, Қ.Жұмағалиев, Б.Сүлейменов, Е.Ысмайлов, І.Кеңесбаев, С.Мұқанов және тағыда басқа адамдар болды. Ірі ғалым, тарихшы, зерттеушы Әлекей Марғұланның жазған шығармалары және қазақ халқына арнап жазған еңбектері ғылымға жат деп танылды.
Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті қызметін атқарған Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, мемуарист-жазушы Ю.Домбровский, жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов әміршілдік жүйенің тарапынан қысымға ұшырады. Бұдан да басқа ғылымның түрлі салалары – биология, медицина және геология ғылымдары салаларында жемісті еңбек етіп жүрген көптеген ғалымдарға «космополит» деген айып тағылды. Олардың кейбіреулері республикамызың ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғарғы оқу орындарын тастап, көршілес елдерден пана іздеп кетті.
Сол уақытта қоғамда орын алып жатқан құбылыстарға қатысты өзіндік пікір айтып, өзгеше ойлағаны үшін қудаланғандар басшылықтың орта және төменгі буындары арасынан зиялы қауым өкілдері мен мұғалімдер, оқытушылар, заңгерлер, дәрігерлер молынан кездесті. Ендігі уақытта қоғамнның даму барысындағы келеңсіз құбылыстарды шұқып көрсетушілерді, өзінше ойлайтындарды бұрынғысынша ашық түрде жазалауға болмайтын еді. 1950 жылдардан бастап жазалау әдістері біршама өзгертілді: бұл кезде партия қатарынан шығарып, қызметен қуу, оған бой бермей кеткендерді, жындыханаларға тығу етек ала бастады. КСРО денсаулық сақтау министрлігінің сол уақыттағы келтірген мәліметтеріне сәйкес, 90 мыңнан астам «өзгеше ойлайтын» кеңес азаматы жазаға тартылған. Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптаған КОКП-ның ХХ съезінен кейін ғана еліміздегі бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлері С.Асфендияров, О.Жандосов, О.Исаев, Л.И.Мирзоян, С.Мендешев, М.Масанчи, Н.Нұрмақов, А.Розыбакиев, С.Сейфуллин, және басқа да ақын жазыушылар мен алаш қоғам қайраткерлерінің есімдері ақталды.
КОКП-ның ХХ съезі қашан өткенін, сол жиналыстағы қаралған мәселерді Н.С.Хрущевтің жасаған баяндамасынан оқып көруімізге болады. Сталин өмірден өткеннен кейін социалистік қоғамның қайшылықтары, олардың мәні, социализмді құрудағы теория мен тәжірбиенің ара қатынасы сияқты іргелі мәселелерді талқылауға жол ашылып, баспасөзде пікір-талас орын алды. Өткенге сын көзбен қарау, қоғамды алаңдатып отырған күрделі мәселелерге жауап іздеу партияның ірі жиындарында мінбеге шығып сөз сөйлеген кейбір шешендердің де лебіздерінен көрініс тапты. Бұл қоғамда өзгерістер жасау қажеттілігінен туындаған заңды құбылыс еді. Дегенмен мығым басқару аппаратының кертартпалығынан алға ұмтылыстар кең қанат жайып кете алмады.
Сол уақыттың өзінде миллиондаған азаматтардың құқығын аяққа таптап, жазықсыз жандардың қанын төккен саяси қайраткерлердің көпшілігі әлі билік басында отырып, еліміздің азаттығын аңсаған азаматтарымызды ақтап алуға кедергі жасалды. Саяси құрбан болғандарды ақтау тиянақты жүргізілмеді. Билік демократиялық үрдістерді аяғынан дейін жеткізбей, үзіп тастап отырды. Бірқатар азамат лагерлерден босатылып, ақталғанымен, әлі де жүздеген мың адамдар темір тордың арғы жағында қамалып, қараңғы қапаста қала берді.
Осы өткен жылдардың қайғысы мен қасіретін көрген азаматтарымызды толық ақтау – еліміздің алдында тұрған үлкен міндет. Сталиннен кейін билікке келгендер де өз жерінен жазықсыз қуылған шешен, ингуш, қалмақ т.б. ұлттарды Отанына қайтарғанымен, кәріс, неміс, қырым татарлары, месхет түріктерінің құқықтарын қалпына келтіруден бас тартты. Осы аталған зерттеулерге сәйкес, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссиясының жұмыс тобының жетекшісі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әлібек Сейдехан Нұрмаханұлымен бірге, тарихи құжаттарды анықтап, зерттеп, республикалық және облыстық мұражайлармен бірге байланыстар орнатып келеміз. Кеңестік саясаттың қудалауына ұшыраған зиялы қауым өкілдерінің еңбектерін зерттеуде ғалымдарға үлкен міндет жүктеліп отыр.

Н.ДОСЫБАЙ,
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан универсиеті
колледжінің оқытушысы, саясаттанушы, магистр

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.