ҚАРУЛАСТАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ Избранное

Пятница, 16 Февраль 2024 09:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 585 раз

Шымкент қаласының Абай саябағында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай салтанатты жиын өтті. Іс-шараға қатысушы Ауған соғысы ардагерлері, олардың туыс-бауырлары ерлікпен қаза тапқан ерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

augan

 

Жиналғандар енді мұндай зұлмат жылдардың қайталанбауын тілеп, қаза тапқан қарулас достарының ерлігі еш ұмытылмайтынын атап өтті. Республикалық «Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері» одағының төрағасы Шәріпбай Өтегенов іс-шараның маңызы жоғары екеніне тоқталды.
– Біз қарулас жолдастарымызды еш ұмытпаймыз. Қай жерде жүрсек те ерлікпен қаза болған азаматтардың отансүйгіштігі санамызда мәңгі тұрады. Олардың рухына Құран бағыштау, еске алу іс-шарасы жылда өткізіледі. Жиынды ұйымдастырушыларға, есіл ерлерді еске алуға келген азаматтардың бәріне рақмет айтамын. Енді мұндай зұлмат жылдар қайталанбасын, – деді Ш.Өтегенов.
Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Ә.Шегебаев ендігі ретте өскелең ұрпақты отансүйгіштікте тәрбиелеудің маңызы зор екенін айтты. Бүгінде ардагерлер жастар тәрбиесіне қатысты көптеген кездесу, жиындарда белсенділік танытып келеді.
1989 жылы 15 ақпанда Кеңес әскерінің соңғы жауынгерлері Ауғанстан аумағынан шығарылды. Жылдар өткенмен, жауынгерлердің өшпес ерлігі ел есінде сақталады. Жиында өмірден өткен Ауған соғысы ардагерлерінің рухына арнап Құран бағышталды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.