ӘЙЕЛ БОЛМЫСЫ НӘЗІКТІККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН, АЛ, БІЗ... Избранное

Пятница, 16 Февраль 2024 09:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 516 раз

Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінде әйел құқықтарына қатысты заң жобасының таныстырылымы өтті. Осы жиыннан кейін журналистердің сұрағына жауап берген Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев отбасындағы жанжалға тек ерлерді айыптауға болмайтынын айтыпты. Халық қалаулысы «Жанжал неден туындайды? Әрине, кей жағдайда әйелдің тілінің ұзын болуынан» деп пікір білдіріпті. Депутаттың өз сөзін қуаттайтын уәждері бар шығар, бірақ...

kukik

 

Қазір еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы оңалды. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағыдай емес, көп әйел ала дорба арқалап, қу тіршіліктің қамы үшін базар жағалайтын бейнеттен құтылды. Бірақ, қарны тойынған қоғамның рухани жұтаңдыққа ұрынуына байланысты ендігі жерде қазақ әйелі одан да ауыр, одан қатал сынақтармен бетпе-бет келіп отыр. Жасөспірімдер қылмысы, балалардың өз-өзіне қол жұмсауы, педофильдердің пайда болуы, толық емес отбасылардың, ажырасудың көбеюі... Осының бәрінің зардабын, ең алдымен, қазақ әйелі тартуда. Осының бәрі ару-аналардың иығына батпандай жүк артып, көңіліне қаяу, жүрегіне жара салуда.
Бүгінгі қоғамда әйел тақырыбы қай кездегіден де өзекті болып тұр. Бұл төңіректе қаншалықты күрделі өзгерістер орын алып жатқанын, қаншалықты өткір проблемалардың қордаланғанын соңғы 2-3 айда орын алған оқиғалар көрсетіп берді. Оның бірі Салтанат Нүкенованың өлімі болса, екіншісі Астана медицина университеті студентінің профессордың арсыз әрекеті жөніндегі мәлімдемесі дер едік.
Қоғамдық резонанс тудырған осы екі оқиғадан кейін елдегі гендерлік теңдік мәселесімен айналысатын және феминистік ұйымдардың белсенділігі артып, олар бірнеше рет митинг ұйымдастырды. Сөз жоқ, сол митингтерде айтылған ұсыныстар мен ұрандардың бәрін тегіс мақұлдау, қолдау мүмкін емес. «Нас убивает патриархат» деген ұранмен қалай келісесіз?! Оның үстіне елімізде феминизмді насихаттап жүрген «КазФемом», «Феминита», «Фемагора», «Фемсреда» секілді қоғамдық ұйымдар радикал-солшыл және анархо-феминистік бағыттарды ұстанады. Соңғы онжылдықта Қазақстанда феминизмнің «үшінші толқынын» бастап, ЛГБТ қозғалыстарды қалыптастыруға атсалысқан бұл ұйымдар лесбияндардың құқығын қорғауды және біржынысты некені заңдастыруды мақсат тұтады. Басқасы басқа, тап осы ұйымдардың қазақ ұлтына жаны ашымасы, мемлекетіміздің болашағы оларды алаңдатпайтыны анық қой. Керісінше, олардың әрекеті қазақ руханиятын тамырынан балталап, дәстүрлі құндылықтарымыздың күлін көкке ұшыруға себеп болады.
Дегенмен, біз дамудың дұрыс жолын табамыз, өркениет көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті ұлтқа айналамыз десек, онда кез келген сынды байыппен қабылдап үйренуіміз керек. Тіпті, бізге қарата орынсыз мін тағу мен айыптау айтылған кезде оған тойтарыс берумен қатар, ол әңгіменің түбіне үңіліп, ақыл таразысына салуды үйренсек, бұдан тек ұтарымыз анық. Айтайық дегеніміз, феминистерді сынап-мінеу немесе оларға тура жол көрсетуге тырысып, ақылгөйсу оңай (Бірақ, сіз қанша айтсаңыз да, енді бұл топтың көзқарасы мен дүниетанымы, өмір салты өзгермейді). Қиыны – санамызға әбден сіңіп кеткен стереотиптерді шетке ысырып қойып, осы бір әлеуметтік азшылық топтың айтқанын тыңдау, олардың мұндай дәрежеге қалай жеткенін түсінуге тырысу.
Иә, тыңдауымыз керек. Өйткені, олардың митингтерде айтқандарының көпшілігі шектен шыққандық болғанымен, арасында өте өзекті қоғамдық, әлеуметтік проблемалар да бар. Оның үстіне қазақтың кешегі ұяң қызы мен салиқалы әйелі бір күнде, аяқ астынан белсенді феминистке немесе лесбиянға айналып шыға келген жоқ қой. Оның бұлай өзгеруіне қандай факторлар әсер етті? Дәстүрлі қоғамдық құндылықтарды қорғап, отбасы институтын сақтап қалғымыз келсе осы сауалдардың төңірегінде ойлануға, тіпті бұл проблемаларды тереңірек зерттеуге міндеттіміз. Сонымен...
Митингке қатысқан азаматтардың басты талабы — тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтіп, жазаны қатаңдату.
Бұл мәселенің қаншалықты өзекті екенін түсіну үшін мына деректерге назар аударыңыз. ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2023 жылы тұрмыстық жанжалдарға қатысты 61 277 әкімшілік хаттама рәсімделген. Оның ішінде 15 мыңнан астам адам әкімшілік қамауға алынып, жазасын өтесе, 11 мыңнан астам отандасымызға отбасындағы тәртібіне қатысты ерекше талап белгіленіпті.
Яғни, елімізде 61 мың отбасында жанжал болып, күш қолданылып, әлсізге зорлық көрсететін жағдайлар орын алды деген сөз. Әрі бұл құқық қорғау органдарына жетіп, сотта қаралған істер ғана. «Бас жарылса, бөрік ішінде» деген ескі түсінікпен айтылмай, жария болмай қалып жатқан жағдайлар бұдан әлденеше есе көп болуы мүмкін. Демек, елімізде жүздеген мың әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болып, бақытсыз күн кешуде.
Жүз мыңдаған әйел зорлық көріп, таяқ жеп жатқан соң, соның ішінен жүздеген әйелдің өмірімен қош айтысып, құрбан болары белгілі. ІІМ-нің дерегі бойынша жыл сайын 400-ден астам әйел кісі қолынан қаза табады екен. Ең сорақысы, соның төрттен бір бөлігін өзге емес, өз отбасы мүшелері өлтіреді. Нақтырақ айтар болсақ, ресми деректер соңғы 4 жылда, яғни 2020-2023 жылдары үйдегі зорлық-зомбылықтан 869 әйел мен бала көз жұмғанын көрсетіп отыр. Денсаулыққа ауыр зиян келтірудің 2 086 фактісі тіркелген.
Мәселенің қаншалықты қиын екенін түсіну үшін мынадай бір дәйек айтайық: Әлемді үрейлендіріп тұрған террористік шабуылдар Қазақстанда сонау 2011-2012 жылдары жиілеп кеткен болатын. Сол 2 жылда террористік актілер кезінде 30-дан астам адам ажал құшқан болса, оның тең жартысы жанкештілер мен террористер болатын. Одан кейінгі жылдары мемлекет террористердің әрекеттеріне тосқауыл қойып, мұндай оқиғаларды азайта алды. Айтайық дегеніміз, Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары терроризмнен де асып түскендей. Құрбан болғандар жөніндегі қаралы статистика бізді осындай қорытынды жасауға мәжбүр етіп отыр.
Енді өзіңіз ойланыңызшы, осыншалықты ауыр, тіпті, трагедиялық салдары бар проблеманы әкімшілік жаза қолдану арқылы шеше аламыз ба?! Әй, қайдам! Әлгі 61 мыңның ішінде, депутат айтқандай, «тілі ұзын» әйелінің мінезіне шыдай алмай кетіп, ашу үстінде байқамай қол көтергендер де бар шығар. Олар айыппұл салу, 10-15 тәулікке қамау секілді әкімшілік жазалардан кейін ойланып, тәубесіне келетін шығар. Бірақ, мазлұмға зорлық көрсету сүйегіне сіңіп, үйреншікті әдетіне айналып кеткен залым, тирандар ондай жазаны шыбын шаққан құрлы көрмейді. Керісінше, 15 тәуліктік қамаудан кейін жәбірленушіге өшігіп, зорлық-зомбылығын үдете түседі.
Сондықтан Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысының тиімділігін арттыруға ерекше назар аудару керек. Бұл мәселе әділетті мемлекет құру үшін өте маңызды. Көптеген әлеуметтік кеселдің түп тамыры, соның ішінде қылмыс көбіне тұрмысы нашар отбасылардан бастау алады. Мұндай отбасылардағы зорлық-зомбылықтар балалардың сана-сезіміне және психикасына кері әсерін тигізеді. Сондықтан құқық қорғау органдары адамдардың құндылықтар жүйесі мен мінез-құлық моделін өзгертуде шешуші рөл атқара алады және атқаруы қажет» деп атап өткен болатын.
Соған сәйкес, Президент тапсырмасы бойынша, заңнамаға өзгерістер енгізу мәселесі қолға алынып отыр. Мәжілісте таныстырылымы өткен заң жобасында тұрмыстық зорлық-зомбылықты әкімшілік құқықбұзушылық емес, қылмыс деп қарастыруды көздейтін нормалар бар.
Бүгінде елімізде әйелдер қауымы тек физикалық тұрғыда емес, психо-эмоционалды және экономикалық тұрғыдан қысымға ұшырайтыны да белгілі. Мәселен, ел Үкіметінің тапсырысы бойынша әзірленген «Қазақстандық отбасылар – 2020» ұлттық баяндамасында көрсетілген деректер бойынша, 2021 жылы қазақстандықтар букмекерлік компанияларға 79 миллиард теңге (!!!) жұмсаған. Мұның қаншалықты көп ақша екенін білесіз бе? Бұл қаржыға әрқайсысы 1 200 орынды 40 мектеп салуға болады! Отбасын басқарып, бар ақшаны қалтасына салып жүрген талай еркек тапқанын бәске тігіп ұтылып жатқанда, олардың әйелі мен бала-шағасы ішер ас пен киер киімге жарымай жүр. Бұрындары ерлі-зайыптылардың ажырасуына көбіне ерлердің ұрып-соғуы мен маскүнемдікке салынуы себеп болса, қазір еркектердің құмар ойындарына, оның ішінде букмекерлік кеңселерге бәс тігуге шектен тыс әуестенуі солардың қатарына қосылған. Нақты айтар болсақ, 2021 жылы Қазақстанда 59 796 (Шымкент қаласында – 2 843) ерлі-зайыпты ажырасса, соның әрбір бесіншісіне ер адамның құмар ойындарға бәс тігуге әуестенуі себеп болыпты. Міне, біз әдетте қозғағымыз келе бермейтін гендерлік теңсіздік проблемасының артында қаншалық күрделі мәселелер жатқанын байқадыңыз ба?!

P.S.

Қазақ әйелі... Қазір ол өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы дорба арқалаған ауыр бейнетінен құтылған да шығар. Бірақ, оның мойнына жаңа заманның жаңа ауыртпалықтары түсіп отыр. Ол біреуге тәуелді болып, қадірін жоғалтпауы үшін терең білім алуы, өзін тұлға ретінде дамытуы, ерлермен бірдей тынбай еңбек етуі тиіс. Бірақ, оларды отбасының ұйытқысы болу мен бала тәрбиелеу дейтін міндеттерінен ешкім босатқан жоқ. Сондықтан ол қазір қай кездегіден де батыл әрі күшті болуға мәжбүр болып отыр. Ал, асылында әйелдің табиғаты күштілікке емес, нәзіктікке негізделетіні белгілі.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ әйелі дәл бүгін феминистер айтқан теңдіктен бұрын қамқорлық пен мейірімге мұқтаж. Ер азаматтар, отбасы, тіпті, қоғам мен мемлекет те әйелдерді мейірімге бөлеп, өзін нәзік сезінуіне мүмкіндік берсе, шіркін. Сонда қазақ әйелі шын бақытты болар еді...

А.ТІЛЕУБЕК

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.