ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ Избранное

Среда, 17 Апрель 2024 05:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 344 раз

Шымкент апатты аймақтарға 200 техника мен 240 млн. теңгеге жуық гуманитарлық көмек жөнелтті.

Komek20

 

Мемлекет басшысы төтенше жағдай жариялаған он облыста қарғын су қауіпі әлі сейілген жоқ. Тек, батыс аймақтар ғана емес, Қазақстанның солтүстік облыстарында да жағдай күрделі қалпында тұр. Мыңдаған үй су құрсауынан шыға алмай, тұрғындар толық эвакуацияланып жатыр.
Бүгінде Қазақстан халқы бір үйдің баласы, бір қолдың саласындай бірігіп, апатпен күресіп жатыр. Осы игілікті іске қазақтың сөз зергері Қалтай Мұхамеджанов «Ұлысымның ұйытқысы» деп баға берген Оңтүстік өңірі де атсалысуда.
Атап айтсақ, Шымкент қаласынан төтенше жағдай жарияланған облыстарға жалпы саны 200 техника жіберілді.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков техникаларды тиеу және жөнелту жұмыстарының басы-қасында болды.
Қала әкімдігіне қарасты басқармалар мен жеке компаниялар техникаларды пойызға тиеп, топан судан зардап шеккен облыстарға жөнелтті.
Оның ішінде елдімекенді тазартуға, бөгеттерді алуға және жер қазуға көмектесетін жүк көлігі, экскаватор және бульдозер сынды техникалар бар.

Сонымен қатар, бұған дейін қалалық төтенше жағдайлар департаментінен құтқарушылар мен техникалар көмекке аттанған еді. Олар қазір су шайған елдімекендерде апаттық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізіп жатыр.
«Демеу» қайырымдылық қорына шымкенттік меценаттар мен қайырымды жандар 280 066 500 теңге қаржы аударды.
Бүгінге дейін апат орын алған аймақтарға жіберілген 164 тонна гуманитарлық көмекті ақшаға шақсаңыз, жалпы құны 238 399 400 теңге болады.
Көмек мұнымен шектелмейді. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков штаб отырысында гуманитарлық көмектің жағдай оңалғанға дейін жалғаса беретіндігін айтты.
Президент су басқан Солтүстік Қазақстан облысына арнайы барып, жағдаймен толық танысып, эвакуацияланған тұрғындармен жүздесті.
– Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз, – дей келе, су тасқыны салдарынан болған барлық шығын өтелетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы айтқандай, тасқынның беті қайтып келеді. Мұндай кезеңде кетпеннің сабынан қарауыл қарап, сыртта қалуға болмайды. Ел болып жұмылып, су тасқынымен күресуге барша күшімізді, бірлігімізді жұмылдыруымыз керек.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген кезең осы.

Б.БАЙДУЛЛАҰЛЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.