МАСУДОВТЫҢ КОМАНДАСЫ МЫҚТЫ ШЫҚТЫ Избранное

Среда, 19 Июнь 2024 06:38 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 424 раз

Шымкентте Қажымұқан атындағы орталық стадионда Super bol Қазақстандағы реалити-шоу форматындағы алғашқы әлеуметтік футбол жобасының үлкен финалы өтті. Үшінші маусымның үлкен финалының салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің басшысы Асқар Омаров, жобаның бас менеджері Давид Лория қатысты.

Masudov

 

Қала әкімі мегаполистің дамуы мен гүлденуіне елеулі үлес қосқан азаматтарға «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын табыс етті. Олардың қатарында белгілі режиссер, «Ника» сыйлығының және Канн кинофестивалінің лауреаты Сергей Дворцевой және КСРО спорт шебері, қазақ футболының аңызы Евстафий Пехлеваниди бар. Танымал екі тұлға да Шымкент қаласында дүниеге келген.
Асқар Омаров Мемлекет басшысы балалар футболын дамытуға көңіл бөліп жатқанын, мұндай жоба бұқаралық спортты дамыту, жас футболшыларға зор серпін беретінін атап өтті.
Super bol жобасының талаптары бойынша, еліміздің барлық аймақтарынан 16 мен 25 жас аралығындағы жастар кастингтен өтіп, ең мықты 25 ойыншы таңдалады. Тағы 25 ойыншы резервте тұрады. Атақты жаттықтырушылар олармен екі айға жуық уақыт жаттығу жүргізеді. Әр апта сайын екі ай ішінде жаттықтырушылар жүктемені көтере алмайтын қатысушыларды алып тастайды. Босаған орынға резервтен қатысушы келеді. Жаттығу мен іріктеуден кейін үлкен финал өтеді. Жаттықтырушылар екі ай ішінде осы жастарды кәсіпқой футболшыға айналдырып, оларға шетелдік немесе отандық клубтармен келісімшартқа отыруға мүмкіндік береді.
Гранд финалда кеңестік және ел футболының аңыздары Вахид Масудов пен Дмитрий Огайдың командалары кездесті. Нәтижесінде Вахид Масудовтың командасы 3:1 есебімен жеңіске жетті.
Жолдастық кездесуге әлем футболында аты аңызға айналған француз футболшысы, Франция құрамасы мен "Челси" футбол клубында ойнаған, 2012 жылғы УЕФА Чемпиондар лигасының жеңімпазы Флоран Малуда; әлемдік футболдың аңызы, сенегал және француз футболшысы, жартылай қорғаушы, ПСЖ-ның экс-ойыншысы Халилу Фадига; Қазақстан құрамасының бұрынғы қақпашысы, Астана футбол федерациясының президенті Дэвид Лория; кеңестік және қазақстандық футболдың аңызы Дмитрий Огай; жаттықтырушы, кеңестік және қазақстандық футболшы, Қазақстан құрамасында өнер көрсеткен Вахид Масудов; «Рубин», Қазан футбол клубынан Андрей Князев, Super bol жобасының негізін қалаушы Асқар Уранхаев қатысты.
Мемлекеттік қызметшілер, қазақстандық және аты аңызға айналған еуропалық футболшылар, сондай-ақ әлемдік клубтардың скауттарының басын қосқан достық матчта Шымкент қаласының әкімі де өз әріптестерімен бірге ойынға шықты.
Спортты дамытуда және әлеуметтік байланыстарды нығайтуда осындай жарыстардың маңызы зор. Қатысушылар достық атмосферасын сезініп, болашақта мұндай бастамалардың жалғасуына үміт білдірді.
Сондай-ақ, үзіліс кезінде отандық жұлдыздар өнер көрсетті. Көрермендер үшін футболдың үздік дəстүрлеріне айналған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.