«Жас Ұлан» елге қорған болар ерлерді тәрбиелейді Избранное

Среда, 19 Июнь 2024 06:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 137 раз

Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық "Жас ұлан" әскери мектебінің құрылғанына – 40 жыл. Биыл мектепті 198 түлек бітірді. Осыған орай «Астана» алаңында түлектерге аттестат тапсыру салтанатты рәсімі өтті.

JasUlan

 

Іс-шараға құрметті қонақ ретінде Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева, әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов, Қарулы Күштер, Ауған соғысы және Чернобыль қозғалысы кеңестерінің төрағалары, сондай-ақ «Жас сарбаз» патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты.
Қырық жыл ішінде мектеп түлектері қатарынан
7 генерал, бірнеше қоғам қайраткері, көптеген биік лауазым иелері шығып, мектептің мәртебесін көтеріп жүр. Жыл сайын түлектер Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК, ТЖМ және ҚР ІІМ жоғары оқу орындарының курсанттары атануда.
Айта кетсек, әскери мектеп Шымкент қаласында
1984 жылы құрылған. Бастапқыда ол орыс тілі мен әскери мамандықты тереңдетіп оқытатын мектеп-интернат ретінде жұмыс істеген. 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен мектеп республикалық әскери-мектеп болып өзгертілді. 2003 жылы әскери мектеп-интернатқа Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рахымовтың есімі берілді. ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысынан кейін оқу орны Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің қарамағына өтті.
Салтанатты жиында түлектер қоштасу вальсін орындады, ал гарнизон әскери қызметшілері көрермендерге атыс, жарылыс және кепілге алынғандарды босату сияқты жауынгерлік дайындық элементтерін көрсете отырып, шоу-бағдарлама ұсынды.
Алаңда әскери оркестр де өз өнерлерін көрсетті. Іс-шара соңында түлектер мектеп басшылығының алдында салтанатты саптық шерумен өтіп, осы сәт үшін алдын-ала жинаған тиындарын аспанға лақтырды. Бұл олардың болашағының жарқын болуы үшін жасалатын дәстүрлердің бірі.
Білім ордасы атаулы күнге ерекше дайындалыпты. Кеш «Түркістан» сарайында мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.
Ұжымды мерейтоймен құттықтай келген ақын, сазгер Әкім Ысқақ мектеп түлектеріне өсиетін айтып, өзінің «Темір генерал» кітабының тұсауын генералдарға кестірді.
Осы жылдар аралығында мектепті 4000-нан астам түлек бітірді, олардың ішінде 7 генерал, 200-ден астам полковник және 3 ғалым бар. Олардың барлығы қазіргі уақытта Қарулы күштер, басқа әскерлер мен әскери құрылымдар қатарында қызмет етеді.
Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров, Қорғаныс министрлігінің Бас инспекциясының бастығы генерал-майор Дәулет Оспанов, Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы авиация генерал-майоры Руслан Кунуров, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтының бастығы генерал-майор Бауыржан Ибатулин де – осы мектептің түлектері.

Салтанат ТҰРҒАНТАЙҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.