Гуманитарлық көмек Қарағандыға жөнелтiлдi Избранное

Пятница, 24 Апрель 2015 05:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3941 раз

Шымкенттен гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігі Қарағанды облысына аттанды. Оңтүстік Қазақстан облысынан су тасқынынан зардап шеккендерге 9,5 тонна азық-түлік, жылы киімдер, ыдыс-аяқ, төсек-орын жабдықтары жөнелтілді. «Жас Отан» Жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Бауыржан Молдабековтің мәлімдеуінше, гуманитарлық көмек осымен ғана шектелмей, қайырымдылық акциясы әрі қарай жалғасады. Ендігі кезекте, қарағандылықтарға 1 мамырға дейін медициналық жабдықтар жіберіледі.

DSC 0039Қысылтаяң шақта аймақ жастары игі бастама көтерген болатын. Олардың әлеуметтік желідегі «Отандастарымызға қолдау көрсетейік» деген үндеуі үлкен-кішіні бей-жай қалдырмады. 15 сәуірден бастап гуманитарлық көмек көрсетуге қолдау білдіргендер көп болды. Бірі киім-кешек жинаса, енді бірі қаржылай қол ұшын созуда. Жастар орталығының директоры Ерлан Айтбаевтың айтуынша, зардап шеккен отандастарымызға қол ұшын созған кәсіпкерлер мен қала тұрғындары белсенділік танытуда. «Гауһар тас» тігін фабрикасы 300 мың теңге көлемінде киім әкелсе, «Исар Сервис» ЖШС-і азық-түлікпен көмектесуді жөн көрген. Тіпті зейнеткерлерге дейін қайырымдылық көрсетіп, жылы киімдерін, тұрмысқа қажетті заттарын әкеліп жатыр. Сондай-ақ, орталық жанындағы жастар ұйымдары мен еріктілер тобының мүшелері де акцияға қатысуда. Олар хабар таратылысымен санаулы сағатта азық-түлік, жылы киім жинап үлгеріпті. Жастар орталығының қызметкері Майя Алибжанова қолдау білдірген қала тұрғындарына  алғысын білдірді. Ал, жиналған заттарды реттеп, ұйымдастыруда жастардың үлесі мол екенін атап өтті.
– Біз Жастар орталығында зардап шеккен тұрғындарға әкелінген азық-түліктер мен киім-кешектерді, төсек орындарды жинап жатырмыз. Бастамамыздың аяқсыз қалмай, ұйымшылдықпен жүзеге асуына студенттер ғана емес, қала тұрғындары да қолдау көрсетуде. Тіпті қолданылмаған ыдыс-аяқ, киім-кешектерді әкелген абзал жандар да кездеседі, – дейді еріктілер мектебінің мүшесі Ботакөз Ізтілеуова.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында 23 наурызда су тасу оқиғасы орын алған болатын. 1268 үй су астында қалып, 6500-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген.

Последнее изменение Пятница, 24 Апрель 2015 07:53
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.