Қалтафоныңды қалдырып кет, қарағым... Избранное

Пятница, 24 Апрель 2015 04:57 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 9689 раз

6b185910b587ac85daa6026787df32cfМына заманда адам баласын телефонсыз елестету қиын. Әрқайсымыздың «жан серігімізге» айналып, тұрмысымыздан ойып орын алғаны қашан. Бұл байланыс құралы арқылы керек адамыңды лезде табуға, мәселеңді шешуге, қажет деп тапсаңыз суретке, видеоға түсуге, музыка тыңдауға, әлеуметтік желілерге кіруге және тағы да басқа мүмкіндіктерді пайдалануға болады. Техника қарыштап дамыған уақытта байланыс құралдарының құлы болып бара жатқандаймыз. Ол аздай, хабарласып, қайда жүргенін білу үшін әр баланың қалтасына телефон салып қойдық. Қазіргі кезде 1 сынып оқушысына дейін ұялы телефон ұстайды. Телефон болғанда жәй түрі емес, бағасы қымбат көпфункциялысы. Арзан, әрі қарапайым түрімен баланы алдай алмайтын болдық. «Өзгеден кеммін бе? Пәленшеде айфон, түгеншеде планшет бар!» деген уәжіне тап боласыз. «Бала үшін жұмыс істеп, бала үшін өмір сүріп жүрген жоқпын ба?» деген ата-ана бар жалақысын жұмсаса да, перзентінің аңсаған «гаджетін» алып беруде. Ал, телефонның бала денсаулығына, психикасына және ортасына қаншалықты кері әсері бар екенін біле тұра, білмеген кейіп танытамыз.

Ұялы телефонды не үшін ұстайсың?

 Иә, кез келген ата-ана ұл-қызының ешкімнен кем болмауын және еш нәрседен тарлық көрмей өсуін қалайды. Бірақ, әр нәрсенің өз уақыты мен шегі болады емес пе? Қолына ұялы телефон ұстап, сабақ кезінде шұқылап отыратын оқушылардың қандай білім алатыны жайлы ойландық па? Қаланың көп жерлерінде WI-FI орнатылып, қалта телефоны арқылы кез келген сайтқа кіре алатыны, онда тәрбиеге нұқсан келетін небір ұятты жағдайлардың толы екені әмбеге аян. Оған қоса қазіргі кезде әлеуметтік желілердің де түр-түрі бар. Оқушылар арасында «В контакте» желісі кең тараған. «Ой, в контактеде отырмайсың ба? Отсталый!» деп оқушылар арасындағы әңгімені де естіп жағамызды ұстадық. Хош делік, заман ағымынан қалыс қалмай, «ноу-хауды» меңгерсін, білсін, пайдалансын. Бірақ, бастауыш сынып пен енді ғана жоғары сыныпқа аяқ басқан оқушылар әлеуметтік желі арқылы не сөйлеседі? Оны да білдік, жазбаларын оқыдық. Мәнсіз-мағынасыз шатпақтар. Тіпті, бір-бірімен ұрысып, дөрекілікке, жаман сөздер жазуға дейін барған. Осыдан балалардың арасында өшпенділік туындап, ол қылмысқа ұласып кетуі де ғажап емес. Ел мен елді татуластыратын да, жауластыратын да бір ауыз сөз екенін ескерсек, бұл жағдайға бей-жай қарамайтын уақыт келді. Не істемек керек?
Шымкенттегі №80 мектеп-лицейінің басшылығы мұны өзекті мәселе деп қабылдап, нақты іске кірісті. Енді мектепке оқушылардың көпфункциялы телефон ұстап келуіне рұқсат жоқ. Мұндай шешімге келмес бұрын, алдымен оқушылар арасында сауалнама жүргізілген. «Ұялы телефонды не үшін ұстайсың?» деген сауалға оқушылардың 40 пайызынан астамы «достарыммен байланысу және интернетті пайдалану үшін» деп жауап берсе, 10 пайызы «ата-анаммен хабарласу үшін» қажет депті. Ал, қалғандары «қатарымнан өзімді артық және жоғары сезіну үшін» деп жауап берген. Сауалнаманың нәтижесі мектеп әкімшілігін қуанта қоймады. Жоғарғы сынып оқушыларының басын қосып, жиналыс өткізіпті. Мектеп директоры Сәуле Қалыбекованың айтуынша, оқушылардың қымбат телефонмен мектепке келмеулерін және интернетті қолданғанда абай болуларын түсіндірген.

Бастама қолдау тапты

– Мектеп психологы балаларға арнап баяндама оқыды. Ненің жақсы, ненің жаман екендігі туралы айтып берді. Әрине, оқушылар салқын қабылдады. Мұнан соң, ата-аналар жиналысын жасап, оларға да түсіндірдік. Олардың 90 пайызға жуығы біздің бастамамызды қолдады. Пікірлерін ортаға салды. Келіспегендері де болды. Жалғыз баланың бетіне қарап отырған, тұрмысы жақсы ата-аналар және ата-әжесінің еркесі болып отырған оқушылар жетерлік. Олардың не айтары да түсінікті. Сөйтіп, басым бөлігі қолдаған соң, баласының мектепке қымбат ұялы телефон ұстап келмеуін қадағалайтыны туралы ұжымдық келісім-шартқа қол қойдырып, қаулы шығардық. Хаттама түзілді. Ендігі ретте, баласы үшін ата-ана жауапты болады. Егер баласы мектепке қымбат бағалы телефон ұстап келсе, түсініктеме жазады. Өзім мектепті аралаған сайын, сабақ уақытында телефонға шұқшиып отырғандардың байланыс құралдарын алып қоямын, – дейді С.Қалыбекова.
Иә, бұл мәжбүрліктен туындаған шара. Мектеп директоры мүлдем телефон ұстамасын деп отырған жоқ. Ата-аналарға түсіндіру барысында функциясы аз, арзан телефон қолдануға болатыны жайлы айтылған. Ал, сабақ уақытында балаға хабарласуға және мұғалімге кедергі келтіруге болмайтынын жақсы білеміз. Мектеп басшылығының ұялы телефонға қатысты дүрлігуінің тағы бір себебі бар. Директордың айтуынша, жуырда ғана дене шынықтыру сабағында қыздар киім ауыстырып жатқан сәттерін телефон камерасына түсіріп алған. Сол бейнежазбаны Whats App желісі арқылы таратып, әзілдескен. Бірақ, бұл әзілдің түбі жақсылыққа апармасы анық. Қыз өсіріп отырған отбасы үшін бұл сорақы әрекет. Сәуле Қалыбекова оқу жылы тәмамдалуға шақ қалса да, осындай шешім қабылдауға мәжбүр болғанын және оң нәтижеге жету үшін уақыт керектігін алға тартты.

Сапалы білім алсын десеңіз...

Ұялы телефон мәселесі мұғалімдерді мезі еткен. Үздіксіз телефон қоңыраулары сабақ барысына көп кедергі келтіретінін жасырмайды. №80 мектеп-лицейінің 5 «з» сыныбының жетекшісі Гүлнұр Ырсымованың айтуынша, оқушылар сабақ уақытында да,үзіліс кезінде де телефоннан бас алмайды. Неше түрлі сайттарға кіріп, ұятты суреттерді көреді екен. Әлеуметтік желілерден шықпайды.
– Сабақ үстінде ұялы телефон, смартфон, планшет ұстауға мүлде тыйым салу керек деген ұсынысты мен қолдаймын. Айфон ұстайтын оқушыларым да бар. Мектепке келген соң, баланың дәріс тыңдауы тиіс. Бірі ән тыңдайды, екіншісі кино көреді, ал үшіншісі әлеуметтік желіде отырады. Мұндай жағдайдан кейін сапалы білім туралы айтудың өзі қиын ғой. Сосын телефоны жоғалып, бірін-бірі ұры көреді. Мұның сенімге селкеу түсіретіні бар, – дейді Г. Ырсымова.
Төрт баланың анасы Ғазиза Абдуллаева балалардың мектепке телефон ұстап баруына қарсы. Мектеп ішілік қабылданған ережені қолдап, оның жақсы нәтиже беретініне күмән келтірмейді.
– Біздің үй мектепке жақын орналасқан. Сондықтан, ұялы байланыстың мүлдем қажеті жоқ. Үй шаруасында отырғандықтан, баланың жағдайын білгім келсе, мектепке бару қиындыққа соқпайды. Мұғаліміне де хабарласуға болады. Телефонды қосымша сабаққа барғанда ғана ұстатып жіберемін. Сабақ кезінде баланың көңілі бөлінбей, білім алуы керек деп есептеймін. Балалардың еркеліктеріне мойынсұнбау қажет, – дейді Ғ. Абдуллаева.
Қалалық білім бөлімінің жалпы орта білім беру және тәрбие жұмысын дамыту секторларының меңгерушісі Айгүл Текебаева да мектептің қолға алған бұл шарасын дұрыс деп бағалайды. Ата-ананың әрбірі келіскен жағдайда мұндай бастама құптарлық дейді.
Айта кетейік, осы аптада әлеуметтік желілерде Түркіменстанда мектеп оқушылары хитке айналған әнге билеп, оны ұялы телефонға түсіріп алған бейнежазбасы тарады. Онда қыздар поп-жұлдыздарға еліктеп, ұзын көйлектерінің етектерін түріп пародия жасаған. Ал, музыкалық құрал ретінде сыпырғы, шүберек және елінің жалаушасын қолданған. Бұл билік басындағылардың шамына тиіп, қазір сол елдің прокуратурасы оқушылардың ұялы телефондарын жаппай тексеруде.Кейбірінен эротикалық сипаттағы бейнежазбалар да табылыпты. Ол оқушылардың ата-аналары ескерту, ал, мектеп басшылығы сөгіс алған. Осыған орай, кейбір қалалардағы мектеп басшылығы білім ордасына телефон әкелуге мүлдем тыйым салыпты.
Бір кездері арман болған ұялы байланыс телефондары бүгінде балаларымыздың қолында қос-қостан жүр. Көзін тырмалай ашып, телефонға қол созып, жастанып ұйықтайтын әдет пайда болды. Мұның бала тәрбиесіне, дамуына және денсаулығына кері әсері жайлы ойланатын уақыт келді. Есте сақтау және танымдық қабілетіне әсер етіп, бала ашушаң, тез шаршағыш болады екен. Тәрбиелеп, өсіріп отырған ұл-қызымыздың болашағымыз екенін ескеріп, жүріс-тұрысын назарда ұстайық.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.