Менде жалғыз Отан бар, ол – Қазақстан!

Четверг, 30 Апрель 2015 05:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5110 раз

tulga assambleia1Икрам Хашимжанов,
облыстық өзбек этномәдени
бірлестігінің төрағасы:

Бiз шаңыраққа шаншылған уықпыз

– Татулық пен ұлтаралық достықтың бойтұмары болған Қазақстан халқы Ассамблеясы үшін биыл мерекелі жыл. Дүниежүзінің бірде-бір елінде жоқ бірегей институт барлық этнос өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдырып отыр. Соның нәтижесінде Қазақ елі жүзден астам ұлттың қасиетті мекеніне, достықтың ордасына айналды. Мұның бәрі Президентіміздің бастамасымен құрылған Ассамблеяның арқасында екеніне дау жоқ. Сондықтан Отанымыз Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстау мәңгілік парыз деп есептеймін. Бүгінде Оңтүстікте жарты миллионға жуық өзбек ұлтының өкілдері тұрады. 57 өзбек және өзбек-тәжік аралас мектебі бар. Қазір аймақта өзбек тілінде 11 облыстық, аудандық басылым жарық көреді. Сондай-ақ, өзбек ұлттық театры жұмыс істейді. «Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» болған этностардың береке бірлігін нығайтуда Наурыз, Масленица, Сабан той, Ораза және Құрбан айт тәрізді мерекелерді атап өту елімізде дәстүрге айналды. Елбасы айтқандай, біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Қазақстанның көпұлтты халқы арасындағы бірлік пен ынтымақтастығы нығая берсін!

tulga assambleia2Нұрсбек Капар-Пур,
иран этномәдени бірлестігінің
төрағасы:

Бiз тағдырлас ұлтпыз

– 1 мамыр – қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын нығайтатын, арман-тілегін бір арнаға тоғыстыратын мереке. Біз, қазақ жерінде тұратын ирандар бейбітшіліктің бағасын жақсы білеміз, тұрақтылық тұғыры татулық екенін терең түсінеміз. Ирандар Қазақстанға алғаш сонау 1918-1919 жылдары, екінші мәрте 1937-1938 жылдары, үшінші ретте 1947 жылы тағдыр талқысына байланысты келген. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, 1947 жылы айдалып келгендер тепсе темір үзетін жас жігіттер еді. Олар сталиндік саясатқа байланысты иран әскерінде алданып қалғандар болатын. Кейін оларды Қазақстанға, Арыс стансасына әкелді. 1950 жылға дейін Шымкент зауыттарында жұмыс істеп, одан кейін аудандарға жіберді. Міне, сол жауынгерлердің перзенттері – мына біздерміз. Қазақ бауырларға мың да бір рахмет. Балаларым мен немерелеріме: «Келешегі кемел, татулығы тұғырлы елде тұрып жатырсыңдар. Туған жерге қалтқысыз қызмет етіңдер, қазақ тілін, салт-дәстүрін сыйлаңдар», – деп айтып отырамын. Біз  Қазақстанымызды сүйеміз. Достықтың дәнекері болған атамекенімізді мақтан етеміз.

tulga assambleia3Наира Майтарханқызы,
армян этномәдени қоғамдық
бірлестігінің жетекшісі:

Қазақстандағы жылулықты еш жерден сезiнген жоқпын

– Мен 1994 жылы Армениядан Шымкент қаласына отбасыммен қоныс аудардым. Алғашқыда қазақ тілі мен орысшаға түсінбейтінмін. Этномәдени бірлестіктің жанынан ашылған жексенбілік мектептің алғашқы оқушысы өзім болдым. Қазір балаларым да қалада білім алып, қызмет етуде. Мен көпұлтты мемлекетте өмір сүріп жатырмын. Бір дастархан басында барлық этнос өкілдерімен бас қосып,  бір отбасының баласындай әңгімеміз жарасқан сәт қандай керемет?! Бұл өлшеусіз бақыт қой. Қазақстанға келіп, ұлыстың ұйытқысы болған Оңтүстікте тұрғаныма еш өкінбеймін. Өзімнің және отбасымның Қазақстан азаматтары екеніне шын жүректен қуаныштымын.
Мен көптеген елдерде болдым. Бірақ Қазақстандағы жылулық пен татулықты еш жерден сезінген жоқпын. Бірлік мерекесі күні елімізге қуаттылық пен өркендеу, ел халқына бақыт пен игілік тілеймін.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.