Тарих тоғыстырған түрлi ұлт

Четверг, 30 Апрель 2015 05:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 22187 раз

Бүгінде еліміз ырысы мен ынтымағы, бірлігі мен тірлігі жарасқан мемлекет. Халықтар арасындағы достық мемлекетіміздің гүлденуі мен дамуының жаршысы ретінде саналады. Қазақтың дархан пейілі мен көңілі ортайған емес. Кеңдігінің арқасында елімізде 130-дан астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Ал, олардың Қазақстанға қоныстануы қалай басталды?

adx5JlqrЕліміздің көпэтносты елге айналуы бірден бола қойған жоқ. Ол патша және кеңес өкіметінің жүйелі де, мақсатты жүргізген саясатының нәтижесінде қалыптасты. Республика халқының полиэтникалық құрамының қалыптасуына әсер еткен көші-қон үдерісінің бастапқы кезеңі – ХVІ ғасырдан XIX ғасырдың ортасына  дейін, осы кезеңде қазақ жеріне көбінесе Ресейден әскери топ пен казактар ғана қоныс аударып келсе, ғасырдың екінші жартысынан бастап, басып алған жерлерді ресейлік басқару жүйесіне енгізу мақсатында бірқатар әкімшілік реформалар жүзеге асырылды. Қазақ жеріне ішкі Ресейден шаруаларды қоныстандыру қолға алынды.  
1889 жылы қазақ жеріне орыс шаруаларының қоныс аударуына ешқандай кедергі келтірмейтін жол ашылды. XIX ғасырдың соңында Қазақстанға орыс шаруаларымен қатар ұйғырлар мен дүнгендер де қоныс аударды. 1884 жылдың басында 9 мың 572 ұйғыр отбасы, сонымен қатар, барлығы 5 мың 55 дүнген қоныстаныпты.
Қазақстан халқы құрамының көпэтносты болып қалыптасу үдерісі кеңестік дәуірде одан әрі күшейді. Оған индустрияландыру кезінде жаппай сипат алған миграциялық үдерістер, күштеп ұжымдастыру мен саяси қуғын-сүргін науқандары, тұтас халықтарды күштеп қоныс аудару, Ұлы Отан соғысы кезіндегі бейбіт халықты эвакуациялау, тың және тыңайған жерлерді игеру және соғыстан кейін шикізаттық бағытта өндіріс орындарының дамуы үлкен әсер етті. М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Сәрсебай Кәрібаев Оңтүстікке қатысты деректерді келтіреді. Оның айтуынша, 1897 жылы Сырдария облысында орыстар мен украиндардың үлесі жалпы халық санынан ең төменгі деңгейде болған. Облыста орыс- украин шаруаларының негізгі қоныстану аудандары Шымкент, Ташкент, Әулиеата уездері болды. Оларда 1884-1892 жылдарда 37 орыс, украин қоныстары құрылды. 1894 жылы Сырдария облысының  Шымкент уезіндегі 16 келімсектер қыстағы құрылған және онда 4996 адам өмір сүрген. 1938 жылы Әзірбайжан территориясының шекаралы аймағында тұратын иран ұлтының өкілдерінен 1621 отбасы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуға көшірілді.
1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Киров және Қызылқұм аудандарына 2500 грек отбасы қабылданған. Олар негізінен сол жерлердегі мақта шаруашылығымен айналысуға тартылды. 1959  жылы Бүкілодақтық халық санағы материалдарының мәліметтері бойынша Қазақстан халқының саны – 9 миллион 309 мың 847 адамға жеткен. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғындар саны – 921 мың 370 адамды құрады Демек, 1926-1959 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы  тұрғындарының саны – 293 мың 804 адамнан 921мың 370 адамға артып, 3,1 есе көбейді.
КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстанда тұратын немістер тарихи отанына орала бастады. Нәтижесінде 1989-1999 жылдар аралығында, небәрі 10 жыл ішінде Қазақстан аумағындағы немістердің саны 950 мыңнан 350 мыңға дейін қысқарды. Облыстық «Возрождение» неміс мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Иосиф Бахманның айтуынша, ХХ  ғасырдың 90-шы жылдары Оңтүстікте 45 мың неміс  болса, қазір небәрі – 2 мың 500 адам. Шымкентте – 1041 неміс тұрады. Қазақстандағы немістердің Германияға көшіп кетуі әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Қайта оралғандар да аз емес.
Тәуелсіздік алған жылдары орыстар тарапынан да Ресейге үдере көшу басталды. Демограф Мақаш Тәтімов келтірген дерекке сай, Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан аумағынан 3 миллион адам көшіп кеткен. 1939-1989 жылдар арасында, 40 жыл бойы республикадағы орыстар, украиндар, белорустар саны жағынан көпшілік болып келді. Тек 1989, 1999 жылғы санақ нәтижелері республика тұрғындарының қатарында орыстардың үлес салмағы төмендегенін көрсетті. Оған кері миграциялық ағымдар, табиғи өсімнің азаюы, әлеуметтік жағдайдың нашарлауы әсер етті. Сонымен қатар, халықтың көші-қон үрдісінде Қазақстанға алыс және жақын шетелдердегі қазақтар көшіп келуі де жергілікті халықтың абсолюттік және салыстырмалы көрсеткіштердегі өзгерістеріне әкелді.
Қазіргі таңда орыстардың Ресейге кетуімен қатар, олардың Қазақстанға қайта қоныс аударуы да байқалады.  Мысалы, 2007 жылы республикаға 42 246 орыс, 1 663 өзбек, 5 594 украин, 2 770 ұйғыр,  3 145 татар, 3 256 неміс, 11 012 басқа ұлт өкілдері қайта келген. Ал, бұл үдеріс қазір де жалғасып жатыр. Мұндай жағдайдың бірнеше себептері бар. Біріншіден,
Қазақстанда ұзақ уақыт бойы басқа ұлт өкілдерінің бірнеше ұрпағы қалыптасқан, яғни жақын туыстық байланыстың орнығуы. Екіншіден, қазіргі кезде Қазақстан саяси тұрақты және экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекет, бұл қазақстандық басқа ұлт өкілдерінің елімізде қолайлы өмір сүрулеріне барлық жағдайды жасайды. Сондықтан Қазақстан бүгінгі күні тек қана полиэтникалық мемлекеттердің бірі ғана емес, ең бастысы-тағдыры қазақ халқы тарихымен тығыз байланысқан басқа ұлт өкілдері үшін туған Отанына айналды.
Тәуелсіздік алғаннан бері саны өскен этностарға қазақтар, түріктер, өзбектер, ұйғырлар жатады. Мысалы, 1989 жылғы мөлшерінен күрт өскен түріктер екен. 20 жылда 81,8 пайызға өскен. Келесі орында өзбектер: 20 жыл ішінде 40 пайызға көбейген. Ұйғырлардың өсу қарқыны да жоғары – 20 жыл ішінде 32 пайызға өскен. Әрине, еліміздегі этностардың өсуіне қоғамдық келісімнің, ынтымақ пен бірліктің, тұрақтылықтың ықпал еткені анық.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.