Тағзым ету – парызымыз

Пятница, 08 Май 2015 05:30 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 7038 раз

Ұлы Отан соғысына Оңтүстік Қазақстан облысынан аттанғандардың бірі менің атам Асылбек Тұңғышбаев еді. 1942 жылы майданға шақыртылып, Қызыл әскер құрамында қатардағы гвардияшы болып қызмет еткен ол сол кездегі Арыс ауданынан аттанған болатын.  1943 жылы Донск, кейіннен Белоруссия, 1-Украина майданындағы ұрыстарға қатысты.

baina nagasy ataАсылбек Тұңғышбаев 1-Украина майданындағы взвод басқармасы 169-шы гвардиялық гаубич артиллериялық полкынде телефонист болып қызмет етті. Соғыстағы бұл міндеттің ролі зор болды.  Әрбір сағат санаулы кезеңде телефонистер басшылыққа маңызды ақпараттарды шұғыл жеткізіп отырды. Отқа оранған майдан даласында  жүрген Асылбек Тұңғышбаевқа осы міндет жүктелді.
Украинадағы Судилков ауданында болған соғыста А.Тұңғышбаев батыл қимылымен көзге түскен болатын. Артиллериялық минометтік  оқтардың кесірінен желілер үзіліп, байланыс тоқтайды. Алайда мұндай уақытта жедел іске кірісу керек. 270,6 метр биіктіктегі бақылау пункттерінің ауысымында  ол отқа оранған далада 4 рет байланыс желілерін қалпына келтіреді. Жаудың пулеметтен атқылаған оғы оның автоматын үш жерден сындырып түссе де, шұғыл қимылдап, үзілген желілерді  жалғап шығады. Осы соғыста көрсеткен батыл әрекеті үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Атамыз сондай-ақ, соғыста көрсеткен ерлігі үшін бірқатар  орден, медальдар мен марапаттардың иегері.
Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алған Асылбек ата соғыстан кейінгі жылдары елге оралған соң білім саласында қызмет етті. 1948-1952 жылдары Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы болды, 1952-1953 жылдары Сайрам ауданы Қызыләскер ауылындағы 7 жылдық мектепті басқарды. Өмірінің соңына дейін Асылбек ата мектепте ұстаздық қызмет атқарып, бар білгенін шәкірттерінен аяған жоқ.  1 ұл, 2 қыз тәрбиелеген оның артында бүгінде немере, шөберелері өніп-өсіп келе жатыр.
Ұлы Жеңістің орнауына үлес қосқан қазақ жауынгерлерінің өлшеусіз ерлігі мен еңбегі арқасында бүгінгі бейбіт өмірге қол жеткіздік. Жетпіс жыл бұрынғы Жеңісті қарсы алып, көз жасымен қуанған олардың көбісі бүгінде арамызда жоқ. Асылбек Тұңғышбаев та сол көп ардагерлердің бірі. Ұлы мейрам қарсаңында өмірден өткеніне отыз бес жылдан асқан атамызды еске алып, рухына тағзым ету – парызымыз.

Баян ТҰЛҒАБАЕВА,
немересі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.