Жеңіспен оралған жауынгерлер

Пятница, 08 Май 2015 05:20 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4999 раз

«Жеңіс! Бұл қуанышты да, қысқа сөз түн ішінде Отанымыздың қалалары мен ауыл-селоларына тарап, заводтардың цехтарында, пәтер-үйлерде, егіс далаларында мереке күйі тартылды... Германия тізе бүкті. Соғыс қимылдары тоқтатылды... 9 май жеңіс мейрамы болып жарияланды.».

98888Облыстық мұрағатта сақтаулы  «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 1945 жылы 11 мамырда шыққан  санында Ұлы Жеңіс туралы ақпарат осылайша жеткізілген. Осы күнге дейін шымкенттіктер жеңіске жету үшін, майдандағы жауынгерлерге көмектесу ниетімен аянбай еңбек етті. Кеңес сарбаздарының жауға тойтарыс бергенін естіген кезде келер күннен күткен үміттері еселене түскендей болды. Олар майданнан оралатын жауынгерлерді қарсы алуға дайындала бастады.
1945 жылы шымкенттіктер майданнан жауынгерлердің оралатынын естіп, ерекше қуанды. Жеңіс – олардың 5 жыл бойы көрген қиындықтарын ұмыттырғандай болды. Барлығы да өздеріне жақын жандарын тағатсыздана күтті. Күні-түні еңбектенген жұмысшылардың  жүзіне терең әжім салған соғыс зардабы бұл күндері тарам-тарам болып жараса түскендей. Мұрағат материалдарына сүйенсек, жауды жеңген ұлдардың туған жеріне қайтып келе жатқанын ең алғашқылардың бірі болып Шымкент темір жол уезінің жұмысшылары мен жұмысшы әйелдер естіпті.  Олар жауынгерлерді қарсы алу жұмыстарын қыздыра түскен. Қуаныш хабарына Түлкібас стансасының теміржолшылары 4 қой, бірнеше килограмм көкөніс, азық-түлік жинап, шайхана және арзан бағалы буфеттер ашыпты. Теміржолшылардың игі бастамасын маңайдағы колхозшылар да қолдаған. Олар күні-түні теміржолға азық-түлік тасыды. Бұған қосымша жауынгерлердің тұратын үйлерін де реттеп, керек-жарақтармен қамтыған.
834ca1ce63b18e6cd6d2972867054169Пойыздан түскен жауынгерлерге сыйлықтар табыстау үшін, Шымкент, Түлкібас станцияларында жауынгерлер мен офицерлердің әйелдерінен құрылған комиссия да қызу дайындық жасаған. Шымкент қаласының партия, кеңес және қоғам ұйымдары мен еңбекшілері де жауынгерлерді қарсы алуға барынша дайындалыпты. Әскерден босатылғандарды қабылдау жөніндегі комиссиясы жұмыс істей бастайды. Мемлекеттік мекемелер мен өнеркәсіп орындарының басшылары жауынгерлерді лайықты қарсы алып, жұмысқа орналастыруға дайындалды. Әскерден қайтқан жауынгерлерге паспорттар мен әскери билеттер берілу жағы да қарастырылған.
«Калинин атындағы Ленин орденді қорғасын зауытының ұжымы әскерден қайтқандардың әрбірі үшін 2 килодан колбаса, 3 килодан ет, 5 килодан  балық, 5 кило жарма, 2 кило бал, 5 кило алма, 1 литрден арақ, 10 кило бәдрен, 1 пачка папирос бөлді. Бұл заттар майданшының әрбір үй ішіне беріледі. Келушілердің саны тексеріліп, анықталып жатыр. Олардың саны қазірдің өзінде 200 адамға жетті», – деп жазылған 1945 жылдың  17 шілдесінде шыққан «Оңтүстік Қазақстан» газетінің алғашқы бетінде.
Қала халқы майданнан қайтып келе жатқан жауынгерлердің құрметіне жескенбіліктер ұйымдастырудан да шет қалмапты. Мәселен, 13 мекеме мен кәсіп-орындардың ұжымдары қатысып, 5 сағаттың ішінде 16 вагон мақта түсірген. Сол кездің тілімен айтқанда жұмыс 200 пайызға орындалыпты. Жексенбіліктен түскен қаржы толығымен жауынгерлерге көмектесу үшін жұмсалған. Шымкент мақта зауытының жұмысшылары да бұл ретте белсенділік танытып, сыйлықтар әзірлепті. 100 метр мата, 500 килограмм азық-түлік және 90 килограмм май жинап берген.
Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысынан 140 мыңға жуық жауынгер Отан қорғауға аттанды. Өкінішке қарай, олардың барлығы дерлік туған жеріне орала алмады...

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.