Шымкент – гүл қала Избранное

Пятница, 15 Май 2015 02:33 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 8837 раз

Көктем келісімен Шымкент гүлге оранады. Қаланың саябақтары жасыл желекпен көмкеріледі. Қызылды-жасылды алуан өсімдік шаһардың ажарын аша түседі. Жайнап тұрған гүлдердi көргенде ерекше сезiмге бөленесiң. Гүлмен әшекейленген көшелердің ішінде ең әдемісі ретінде көпшілік Қонаев гүлзары мен Қызғалдақ су бұрқағының маңын айтады.


ortalyk-phontanҚаланы гүлмен көмкерудiң де өзiндiк себебi бар. Біріншіден, шаһар экологиялық жағынан таза болады. Көлiктен шығатын газдардан, улы заттардан тал егiп, гүл отырғызып арылуға болады.

Жоспар бойынша биыл 16 мың 465 шаршы метрге гүл егу межеленген. Қала көшелері мен гүлзарларды  абаттандыру жұмыстары «ЛТД-Тұрмыс», «Бәйтерек ЛБ» және «Жасыл қала» ЖШС мергідер компанияларына жүктелген. Олар күзге дейін тынбай еңбек етеді. Әзірге жауапты серіктестіктердің қарқыны жаман емес. «Шымкент Жасыл қала» ЖШС-імен 6 саябақ, 29 гүлзар абаттандырылды.

Бүгінде қалаға  алуан гүлдер көрік беріп тұр. Әсіресе, голландиялық петуньяларға көргендер көз салмай өтпейді. Мамандар гүл тамырының қуатты, жазда ыстыққа, қыста суыққа төзімді екенін айтады. Сондай-ақ, цинерария деп аталатын гүл көп күтіп-баптағанды қажет етпейді. Содан болар,   қар түскенше өңін бермейді. Сарғылт түсті гүл күн көзін жақсы көреді.

Қазір АҚШ-тың петуньясы шымкенттіктерге таңсық емес. Бұл гүл қаладағы жылыжайларда егіле бастады. Өткен жылмен салыстырғанда гүл өсіретіндердің қатары көбейген. Қала тұрғыны Талғат Дауылов бес жылдан бері гүл өсірумен айналысып келеді. Оның жылыжайында петунья гүлінің 10 түрі бар.

DSC 0286– Шымкент – жасыл желекке бай өлке. Сондықтан қаламыз атына лайықты болуы керек. Гүл арқылы қала тұрғындарының жүрегіне жылулық сыйлағым келеді.  Гүл тұқымдарын жылыжайда егемін. Биыл 20 түрін 30 сотық жерге өсірдік. Туған қаламның көркеюіне үлес қосқаныма қуаныштымын, – дейді ол. Т. Дауыловтың еңбегі  шымшаһардың гүл қала атына лайық екенiн дәлелдегендей. Флористке тапсырыс көрші облыстардан жиі түседі.

Қаланы көркейтуде «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің еңбегін де атап өтуге болады. Мердігер компанияның көгалдандыру бөлімінде 150-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың жартысы гүл ексе, қалғаны күтіп-баптаумен айналысады. Мамандардың  негізгі егу жұмыстары көктем мен күзде болатынына қарамастан демалуға уақыттары жоқ. Тынымсыз еңбекті қажет ететін өсімдіктерге күнделікті күтім керек. Оның үстіне, өсімдіктердің жаңа түрлері баптауды сүйеді. Сондықтан қала көшелері мен алаңдарды бірыңғай гүлдермен әсемдеу талғаммен бірге үлкен қажырлықты да талап етеді.  Көгалдандыру бөлімінің басшысы Сұлтан Ахметовтің айтуынша, қала көшелері мен жол жиектеріне биыл  320 мың гүл егілген. Мәселен, Қонаев гүлзарын абаттандыру үшін 25-27 мың,  Бейбітшілік пен Желтоқсан көшелерінің қиылысына 9860,  Желтоқсан көшесі мен Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысын безендіру үшін 9 мың гүл көшеті отырғызылған. Сондай-ақ, жаңа облыстық әкімшілік-іскерлік орталығы, Шымкент қалалық әкімдігі мен әуежай, «Бекжан» базары маңына орта есеппен 5000 дана раушан гүлі егіліпті.

Мұнымен қоса, Ипподром маңы да абаттандырылды. Бұрын топырағы бос жататын маңай қазір алуан гүлмен көмкерілді. Ал, қаланың сән-салтанатын асырған «Қызғалдақ» су бұрқағының маңы гүлге малынып тұр. Көктемде голландиялық қызғалдақтар егіліп, оны мыңдаған адам тамашалаған болатын. Қызғалдақтың отаны Қазақстан болғандықтан ба, алқызыл гүл Шымкенттің топырағын өгейсінген жоқ. Қалалық флористердің арқасында Шымкент күн санап көркейіп келеді.  

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.