Жауынгерлердi шабуылға бастаған

Пятница, 08 Май 2015 05:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5012 раз

Отан үшін от кешіп, қасық қаны қалғанша  жаумен арпалысып, болашақ ұрпақтың бейбітшілігі үшін жан қиған жандар қаншама?! Қиян-кескі шайқастан аман оралған майдангерлер елге қалтқысыз қызмет етті. Сондай жандардың бірі – Аман Бейімбетов еді.


kutiОның қасіретті қырғыннан елге сау қайтамын деген сенімі алдамады. Бораған оқ пен қиян-кескі шайқаста жүріп, солдат қана емес, батальон парторгы болды. Польшаның Бельск қаласы маңында алға ұмтылған бірінші батальон қоршаудан шығуға жанталасқан жауды әлденеше рет тойтарып тастады. Сол күні фашистердің толассыз шабуылынан солдаттардың беті қайтқан жоқ. Аман Бейімбетов бірімен әзілдесіп, бірінің рухын көтерді. Оның батальонында 20 ұлттың өкілі болды.
 Шайқастан қалжыраған жігіттерге:
– Біз бәріміз бір отбасынанбыз. Бәріміздің анамыз біреу. Ол – Отан. Ол болмаса біз де жоқпыз. Сол Отан ана үшін соғысамыз, жеңіп шығамыз! – деп жалынды сөздерімен жауынгерлердің жігерін оятты. Бірақ алтыншы рет ұрыстан кейін солдаттар қатты шаршады. Жерді астаң-кестең еткен бомба, атылған оқ, аптап ыстық, азапты сағаттар ерлерді есеңгіретіп жіберді. Ысқырған снарядтардан  құлақ тұнады. Барлық  соғыс техникаларын жұмылдырған, соғыстың  әдіс-тәсілін жақсы білетін неміс әскерлері «өлгенше шегінбейміз» деп серттескен екен. Ұрыс алаңында Аман Бейімбетов ауыр жарақат алды. Санбатта оның аяғын жарамсыз деп, кеспекші де болды. Бірақ, ол келіспеді. Ерен еңбегі ескеріліп, оған аты аңызға айналған «Кіші жерде» «Қызыл жұлдыз» ордені тапсырылды. Ол соғыстан кейінгі жылдары да оқ-дәрі сіңген шинелін тастамай, еңбек етті. Еңбек ұжымдары мен жұмысшыларға өзінің жан жылуын бере білді. Аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, үлкен ұжымның – Шәуілдір совхозының парторгі, Киров аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары  болды. 1964-1966 жылдары Бөген ауданында Уәлиханов, Тәжібаев атындағы мектептерде директор қызметін абыройлы атқарды. Зайыбы Өтеш Бәймішева да 30 жылға жуық өмірін партия жұмысына арнады. Облыстық өлкетану мұражайын басқарды. Ұл-қыздары да ата-ана жолын жалғастырып, еселі еңбек етіп жүр. Бүгінде марқұм қариялардың есімін ел есінен шығарған жоқ. Соғыс ардагерінің Ұлы Отан соғысындағы ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.  

Другие материалы в этой категории: « Сталинградты қорғаған Шымкент – гүл қала »