Судьяларға талап күшейтiлдi

Пятница, 22 Май 2015 07:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4644 раз

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәми іссапармен Оңтүстікке келіп, облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов бастаған судьялар корпусымен кездесті. Кеңеске Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ілияс Испанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспанов қатысты.

00116Жиында Қайрат Мәми сот жүйесіндегі өзгерістер мен жоспарларға,   сондай-ақ, өзекті мәселелерге тоқталып өтті.

– Республика бойынша сот жүйесінде бірқатар кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Соның нәтижесінде сот әділдігіне қол жеткізуге, судьялар корпусының жұмысының жақсаруына мүмкіндік молайды. Жоғарғы Сотта және облыстық соттарда алқа төралқа президиумдарының жұмысы жолға қойылды. Облыстық соттар жанындағы қоғамдық кеңестердің жұмысы жанданды. Істерді медиация тәртібімен шешу де өз жемісін беруде. Жыл басынан бері соттар жаңартылған Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекспен жұмыс істеуде. Бүгінде осы бағыттағы нәтиже жаман емес. Қазіргі таңда Азаматтық-процестік кодекстің жобасы Мәжілісте мақұлданып, Сенаттың қарауына жіберілді, – деді Қайрат Әбдіразақұлы.

Сондай-ақ, сот төрағасы бұдан былай судьяларды даярлау және іріктеу қатаң болатынын мәлім етті. Кеңесте төраға облыс судьяларына сот төрелігін жүзеге асыруда сапасын жақсартуды ескертті. Өйткені Жоғарғы Соттың төрағасына облыс тұрғындарынан бірқатар өңірлік судьяларға қатысты арыз-шағым түскен. Қ. Мәми сол арыз-шағымдарды оқып, кемшіліктерге жол берген судьялардың жұмысын  сынға алды. Судьяларға жеке және заңды тұлғалардың  азаматтық істерге қатысты арыз-шағымына жете мән беруді, созбалаңдыққа жол бермеуді қатаң тапсырды.

Последнее изменение Пятница, 22 Май 2015 07:30
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.