Басылым облыс көлемiне таралатын

Пятница, 10 Июль 2015 07:37 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6092 раз

«Шымкент келбеті» десе ойымызға бірден Жұмамұрат Тұяқбаев оралады. Себебі басылымның оқырман көңілінен орын табуына негіз қалаған тұлға Жұмамұрат ағамыз болатын. Талапшылдығымен танылған бас редакторымыз Жұмамұрат Тұяқбаев өзі басшылық еткен жылдары талай журналисті ғана емес оқырманды да тәрбиеледі. «Қайдасыңдар, зиялы қауым?», «Зиялы қауым қоғамға зиянды ма?» деген тақырыптарда бірнеше дүркін мәселе көтерген мақалалар жазды. Осылайша мемлекеттік тіл, тарихи жер-су аттарын қалпына келтіру мәселелеріне басылым бетінен ұдайы орын беріп отыру негізінде газет тоқсаныншы жылдардың басындағы елдің рухын оятты.

dzhamila apaiЖұмамұрат ағай «Газет авторларымен құнды. Өзіміз жазғанды тықпалай беріп, газеттің бетін толтырсақ болды дегеннен аулақ болу керек» деп отыратын. Содан да болса керек-ті басылым бетінде айтулы қаламгерлердің ой-пікірлері, қоғам қайраткерлерінің көзқарастары жарияланып тұратын. Нәмет Сүлейменов, Әдіһам Шілтерханов, Әсілхан Оспанұлы, Еркінбек Тұрысов, Әмір Мұсақұлов, Керімбек Сыздықов, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы, Жолдас Ақбердиев,  Сәбит Жолдасов, Қабылбек Төретайұлы, Қабыл Дүйсенби сынды аға-апаларымыздың оқырманға ой салар дүниелері жиі жарық көрді. Біздер қызмет еткен жылдары «Шымкент келбеті» газетінің  Қазығұрт, Төлеби, Отырар, Сайрам, Арыс, Түркістан, Созақ аудандарында оқырмандары қалың еді. Өз аудандарының әлеуметтік мәселелерін айтып, жиі хат жазатындары да аз емес-ті. Төлеби ауданынан Сыдық Құмарұлы, Созақтан Жарылқасын Боранбаев, Арыстан Әбдімәлік Ағыбай сынды жанашыр ағаларымыз жиі хабарласып тұратын. Оқырмандарымыздың шақыртуымен аудан, ауылдарға барып, редакция ұжымымен кездесулер өтетін. Мысалы, «Қыз өссе – елдің көркі» деген тақырыпта Қазығұрт ауданында өткізген қыздар тәрбиесіне арналған кешіміз жайлы біраз уақытқа дейін оқырман жылы пікір білдіріп жүрді.
Мен газетке тілші болып 1993 жылдың ақпан айында орналастым. Оған дейін Сайрам аудандық «Мәртөбе» газетінде 3 жылдай тілші болғаным бар.
Бір күні:
– Бізде сынақ мерзімі 2-3 ай. Осы мерзім ішінде өзіңді көрсете алмасаң жұмысқа қабылданбайсың. Ертең сені Талдықорғандағы әскери бөлімге іссапарға жібермекшімін, – деді Жұмамұрат ағай. – Шымкенттен әскерге шақырылған сарбаздардың көбі сонда екен. Әскерден қашатындар да шымкенттіктер екен. Еліміз тәуелсіздігін алғаны жаңа ғана. Егер жігіттер әскердегі қиыншылыққа шыдамай қашып жатса, мына елді кім қорғайды?! Барып, қашуға не түрткі болып жатқанын біліп қайтасың! Осындағы ата-аналарына ой салуымыз керек. Әскерге баратын қазақ жастарының қиындыққа шыдамды болуын насихаттауымыз керек. Осы тапсырманы орындасаң, қызметке аламын.

redakciaaa

Шымкенттің «Көл» және «Южный» деп аталатын аялдамасының арасын ғана білетін,  5-бағыттағы ұзын, екінші бөлігі ортасынан үзіліп түсердей көрінетін, ыңыранып жүретін қызыл-сары автобустан басқаны білмейтін мені Талдықорғанға жібермек. Бүгінгілердің тіліндегі «шок» жағдайда болғаным рас. Бірақ, келдім бе, тапсырманы орындау қажет. Сол сәттегі бар ойым «журналист бола алатынымды қалайда дәлелдеуім керек» болғаны рас. Әрине, бір аптаға созылған «Шымкент–Үштөбе–Талдықорған–Шымкент» сапары өз алдына бір хикаят. Ең бастысы сол сапардан келе сала «Тәуелсіз елді кім қорғайды?» атты көлемді мақалам жарық көрді. Жауапты хатшы
Нұрлан Кенжеғұлов «бір бет орын қалдырылғанын» ескерткен. Ал менің мақалам екі бетке созылып кетті. «Өй, сен қызда бір...» деп бір кіжініп Нұрлан ағай редактордың кабинетіне мақаламды алып кіріп кеткен-ді. Ертесіне газеттің айқарма бетінде мақалам жайылып жатты.
Сол күні мені қызметке қабылдау жөнінде бұйрық шықты. Уақыт өте келе қанша ауыс-түйіс болып жатса да сол бір бөлмеде отыратын жеті азамат –  Нұрлан Кенжеғұлов, Атанбек Наурыз, Ләззат Ноғайбаева, Лира Сапабекова, Айгүл Мамыт, Оралхан Дәуіт және мен бір үйдің балаларындай бір-бірімізге туыс боп кеттік. Жетеуміздің бір нанды бөліп жеген күндеріміз жайлы қызықты естеліктер жетіп-артылады. Бір-бірімізді тәрбиелеген кездеріміз де аз емес. Кез келген қуаныш, той-томалақты жетеуміз отыратын бөлмеде атап өтетін әдемі дәстүр қалыптастырдық.  Ал газеттің фототілшісі Әбдуәлі Розметовтың  арқасында  Шымкентте адаспайтындай халге жеттім. Жалпы «Шымкент келбеті» газетінде әр кезеңде қызмет атқарған Бекзаттар
Дінәсілов, Марат Боранбаев, Суат Бегманов, Кендебай
Қарабдаловтай азаматтардың өзіндік орны бар. Әсіресе, газеттің суреттерін безендіруші қылқалам шебері (олай деуге негіз бар – республикалық  «Қазақ әдебиеті» газетінің бірнеше дүркін жүлдесін жеңіп алған) марқұм Суат аға туралы айтылар естелік көп-ақ.
Жұмамұрат  ағай журналистердің танылуына үлкен мән беретін. Содан да болса керек әр тілшінің өзіне тиесілі авторлық арнаулы беті болатын. Мысалы, Айгүл Мамытты оқырмандар «Қайнайды қазаны базардың» және ұстаздарға, білімге арналған «Шамшырақ» деген арнаулы беттерімен таныды. Атанбек Наурыз ерлерге арналған «Бәйтерек» бетімен, кейін өз алдына қосымша газет болып жарық көрген «Балбұлақ» балалар беті арқылы танылды. Мен құқықтық сауаттылықты насихаттайтын «Таразы», жастардың шығармашылығына арналған «Жазира» және әскери-патриоттық тәрбиеге негізделген «Тәуелсіз елді кім қорғайды?», отбасы тәрбиесін насихаттайтын «Ақ отау» деген арнаулы беттерге жауапты болдым.  Дәл осындай арнаулы беттер Оралханда спорттық  «Сайыпқыран», «Дін» беттері, Ләззат апайымызда «Экономика» беті болды. Өзімізді ғана емес, сол арнаулы беттер арқылы біз оқырмандар арасынан көптеген авторларды танытуға тырыстық.
Тоқсаныншы жылдардағы газет-журналдар үшін соттасу мәселесі енді-енді таныс бола бастаған кезең еді. «Шымкент келбеті» газетінде жарияланған кей сындар үшін де сотқа сүйреген жандар болды. Дегенмен,  «шындықты айтып, дәлелдеріңе сенімді болсаңдар ештеңеден қорқудың қажеті жоқ» дейтін редакторымыздың қолдауы арқасында сол сот процестерінің барлығынан дерлік сол жылдары редакцияның ұпайы түгел болатын.
Мәлімет беруден жалтарып, сұхбаттасуға сараң шенеуніктерден салымыз суға кетіп оралғанда «журналист есіктен қуса терезеден түсіп ақпарат ала алатындай болуы керек» дейтін Жұмамұрат ағайдың қамшылауымен әсіресе Айгүл Мамыт екеуміз тосын жайттар мен бүгінде езу тартып еске алатын оқиғаларға тап болатынбыз. Бірде облыстық бір басқарма басшысы редакторымызға «анау ұзынды-қысқалы қыздарыңыз сұхбат бермесімізге қоймады ғой...» деп хабарласқан. Бір тапсырманы әліміз келмегенде Айгүл екеуміз екеулеп орындайтынымызды осылайша Жұмамұрат ағайдың біліп қойғаны бар. Ол үшін сөгіс алып, арнаулы беттерімізді қайта бөліске салып, «Таразы» беті Айгүлдің еншісіне бұйырып кеткен. Дегенмен, сырттан хабарласатын азаматтардың алдында бізді қолдап, қорғап отыратын Жұмамұрат ағайдың қамқорлығының арқасында ондай сөгістер тез ұмытылатын. Сол кезеңдердегі албырттығымыз бен аңғалдығымызды бүгін еске алғанда өз кәсібімізге деген сүйіспеншілігіміз, жауапкершілігіміздің жоғары болғандығын аңғару қиын емес. Осылайша облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне ауысқанға дейінгі бес жылда мен «Шымкент келбетінде» көп нәрсені үйрендім.
Бүгін жігіттік шақ – 25 жасқа келіп отырған «Шымкент келбеті» газетінің алар асуы әлі  алда. Дәл сол біз қызмет атқарған 90-шы жылдардағыдай бүгінгі  редакция құрамы жалындаған жастардан құралған. Талай қиындықты бастан өткерсе де басылымның өз оқырманы, тұрақты авторлары қалыптасқан. Басты байлық – осы. Мерейлеріңіз үстем болсын, «Шымкент келбеті» газетінің ұжымы!

Жәмила МАМЫРӘЛІ,
журналист

Последнее изменение Четверг, 16 Июль 2015 05:18
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.