Бақтияр ТАЙЖАН
Қазақстан Парламенті демалыста. Бірақ, депутаттар осы қолайлы сәтті пайдаланып, халықпен жүздесіп жүр. Халық қалаулылары елдің ұсыныс пікірін тыңдап, өзектісін Парламент қабырғасында көтереді. Осындай жақсы жүздесу сенаторлар Айгүл Қаппарова мен Әлішер Сатыбалдиевпен қаладағы Әл-Фараби атындағы кітапханада өтті.
Сыр сұхбат түріндегі кездесуде Шымкенттен сайланған қос сенатор Парламентте атқарылып жатқан жұмыстарды саралап берді. Кітапханашылардың айтары көп екен. Парламент қабырғасында кітапханашылардың жағдайы сан мәрте көтерілгені белгілі. Соның нәтижесінде әлеуметтік жағдайлары әлдеқайда жақсарған. Кітап қоры айтарлықтай өскен. Алайда, қазақ тілді шығармалардың үлесі әлі де отыз пайыз күйінде қалып келеді. Методикалық-дидактикалық, ғылыми-зерттеу оқулықтары мемлекеттік тапсырыспен аз шығады.
Бүгінде қоғамда балалар кітап оқымайды, гаджеттен бас алмайды деген пікір көп айтылады.
Себеп көп. Ынталандыру аз болғандықтан балалар әдебиетінде жаңа, жақсы есімдер жоқ. Көрнекті жазушылардан Бейімбет Майлин мен Бердібек Соқпақбаев әлі де толайым жүкті өздері көтеріп келеді. Үлкен әдебиетте жолы болмағандар балалар әдебиетін тіске жұмсақ көріп, шалажансар дүниелерін тықпыштап әлек. Оқулықтарда да бала түгіл үлкендердің ұғымына ауыр шығармалар көп. Шөре-шөре деп осындайда айтады. Сондықтан, балалар әдебиетіне ревизия керек. Балабақша, бастауыш мектеп, жоғары сыныпқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің сөздік қоры есепке алынып, балалар жазушылары арасында конкурс ұйымдастыру керек.
Бүгінде орыс мектебінің білімі қазақ мектебінен жақсы деп, бүлдіршінін орыс класына жетелейтін қазақ ата-аналары көп. Себептің үлкені-оқулықтарымыздың дені аударма, тілі ауыр, оқушы талабына жауап бере алмай жатады.
Осындай қадау-қадау мәселелер айтылды. «Кітаптың-білім бұлағы» екені күндей ақиқат.
«Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкин қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе» деген еді қазақтың ағартушы ұстазы Ыбырай Алтынсарин. Бұл ойды Блез Паскаль «Оқып шыққаннан кейін оны өзім де жаза аламын деген ойға салатын кітаптар ең жақсылары болып табылады» деп жалғастырған екен.
Сенаторлар кітапханашылар көтерген өзекті мәселені Парламентте көтеруге уағда жасады.