«АЙЫРЫЛУ, ТАБЫСУ ЖӘНЕ АРЫЛУ ТУРАЛЫ ТОЛҒАМ»

Среда, 26 Апрель 2023 05:37 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5246 раз

Шымкент қаласында мемлекет және қоғам қайраткері, бокстан КСРО спорт шебері Амалбек Тшановтың 80 жылдық мерейтойына арналған бокстан VII халықаралық турнир өтіп жатыр. Жастар арасындағы бәсекеде бақ сынауға көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолиядан және еліміздің аймақтарынан, жалпы 130-дан аса боксшы келген. Дәстүрлі турнирдің жылдан жылға ауқымы кеңейіп келеді.

769

 

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде турнирдің маңыздылығына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Аталған сайыс жас спортшылар үшін зор мүмкіндік. Тәрбиелеп жатқан жас өрендер осындай турнирлерде шыңдалады. Ендігі ретте сайыстың ауқымы одан әрі кеңейе бермек. Амалбек Қозыбақұлының мерейтойына арналған турнирден әлі талай дарындар шығатынына сенім білдіреміз, – деді қала әкімі.
Қала әкімі мерейтой иесіне шапан жауып, құрмет көрсетті. Жиында ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов ізгі тілегін жеткізді. Халықаралық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері 28 сәуір күні анықталады.

767


Сондай-ақ, Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің 80 жылдық мерейтойына орай «Айырылу, табысу және арылу туралы толғам» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Іс-шараға спорт саласының ардагерлері, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты.
Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов жиынды ашып беріп, белгілі тұлғаның ұйымдастырушылық қырларын атап өтті.
– Амалбек Қозыбақұлының елге сіңірген қалтқысыз қызметін көпшілік біледі. Қай қызметте болса да абыройлы еңбек етті. Өмірдің алмағайып кезеңінде қазақ спортының қадау тұлғасына айнала білді. Тұсауы кесілгелі тұрған кітаптың жастар тәрбиесіне қосар үлесі мол, – деді қала әкімінің орынбасары.

768


Сонымен қатар, жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Оңалбай Аяшев арда азаматтың өмір жолынан сыр шертті.
Амалбек Қозыбақұлы тұсаукесер рәсімінде көпшілікпен емен-жарқын сұқбаттасып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Өскелең ұрпақты өз ұлтын сүюге тәрбиелеу, асыл азаматтарын құрметтеу, отансүйгіштікке баулуды арқау еткен жаңа кітап 1500 дана таралыммен жарыққа шықты.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.