«Ақындар шықты айтысқа...»

Пятница, 25 Март 2016 05:13 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 10341 раз

Бас жүлде – Қажымұқан Абзаловқа бұйырды

Биыл дәстүрлі республикалық «Наурыз» айтысы Шымкенттегі Түркістан сарайында өтті. 2004 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жыр додасы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына, ақын, жыршы Мәделіқожа Жүсіпқожаұлының 200, халық ақыны Қазанқап Байболұлының 125 жылдығына арналды.

10940538 1674016606200719 5981226709600890445 nРеспубликалық аламан айтысқа есімі елге белгілі жыр жампоздары қатысты. Аламан айтысты ұлттық өнеріміздің жанашыры, ақын Жүрсін Ерман жүргізді. Ұлттық өнерімізді ұлықтаған шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков елдегі бірлікті нығайтып, рухымызды көтеретін бірден-бір өнер айтыс екенін айтып, Шымкентке келген сөз зергерлеріне сәттілік тіледі.
Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен ақындар айтысында 8 жұпқа бөлінген жыр дүлділдері жұртшылықты рухани нәрмен сусындатты. Алғашқы болып сахна төріне шыққан Оңтүстіктің мақтанышы Біржан Байтуов пен Павлодар облысынан келген бүгінгі қазақ айтысының жарық жұлдызы Аспанбек Шұғатаев сөз жарыстырды. Жерлесіміз өз кезегінде қарсыласын әзілмен қағытып, ұтымды ойымен жұрттың ықыласына бөленді. Бірақ Аспанбек те бабында екенін көрсетті. Ол Біржанның қалжыңына жүйелі де өткір сөзімен жауап қатып, шеберлігін көрсетті. Оңтүстікқазақстандық Жарқынбек Наушабеков
пен астаналық Еркебұлан Қайназаровтың нағыз аға мен іні арасындағы айтысы жыр додасының көркін қыздыра түсті. Бір-бірінен кем түспеген ақындарға қазылар алқасы бірдей ұпай берді. Ал кейінгі жұпта Кәрима Ораловамен сөз сайысына шыққан Б. Өтеп атындағы өнер мектебінің шәкірті Әнапия Нұрғали ұтымды жауабымен көрерменді сүйсіндірді.
Сондай-ақ ең қызық айтыс Нұрлан Есенқұлов пен Мөлдір Айтбайдың кездесуінде болды. Мөлдірдің жар таңдауын әзіліне арқау еткен Нұрлан өлеңмен Ұлыстың ұлы күні – Наурыздың да қадір-қасиетін ұқтырып өтті. Айтыстың соңғы жұбы шымкенттік Қажымұқан Абзалов пен Қостанай облысынан келген Айбек Қалиев те жиналған қауымға рухани азық сыйлады. Ал қара қылды қақ жарған қазылар алқасына мықтыны анықтау қиынға соқты. Аламан айтыстың жүлде қоры да қомақты болды. Мәделіқожа мен Қазанғап кіндігінен тараған ұрпақ арнайы жүлдеден бөлек, қосымша сый-сияпаттарды әзірлеп келіпті.

10418208 1674016696200710 3625937039168430633 n

– Айтыс әділ өтті деп айта аламын. Әрине, бағалау жағына келетін болсақ, барлық айтыскерлер жақсы өнер көрсетті. Дегенмен, «жеңіс бар жерде – жеңіліс те бар» екені белгілі. Қызылорда облысынан келген Мөлдір Айтбайдың сөз саптауына тәнті болдым. Нұрлан Есенқұловпен айтысқа түскен ол, ойын бүкпесіз айтып отырды. Ең бастысы, қазақы ибадан аспай, керек кезінде ұтқыр жауап қайтарды. Олардың қыз бен жігіт айтысы сәтті шықты, – деді қазылар алқасының төрайымы Әселхан Қалыбекова.
Сонымен «Наурыз» жыр айтысының бас жүлдесін (1 миллион теңге) жерлесіміз Қажымұқан Абзалов жеңіп алды. Бірінші орынды (700 мың теңге) павлодарлық ақын Аспанбек Шұғатаев иемденді. Екінші орынды (430 мың теңге) Оңтүстіктің адуынды ақындары Нұрлан Есенқұлов пен Біржан Байтуов және астаналық Еркебұлан Қайназаров еншіледі. Үшінші орынға (300 мың теңге) жерлесіміз Анар Жаппарқұлова, Қызылорданың ақыны Мөлдір Айтбай, қостанайлық Айбек Қалиев лайық деп табылды. Ал Қалижан Білдәшев, Бауыржан Шаймерденов, Кәрима Оралова, Нұрғали Әнапия, Дәурен Ақсақалов, Мұхтар Ниязов, Мақсат Аханов, Жарқынбек Наушабекке қатысқаны үшін ынталандыру (200 мың теңге) сыйлығы табысталды.
Игі дәстүрге айналған тарихи тұлғаларды ұлықтайтын, дәстүрді дәріптейтін «Наурыз-айтыс» келер жылы да жалғасын таппақ.

Последнее изменение Среда, 30 Март 2016 12:43
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.