Бар тіршілік Наурыздан басталған Избранное

Пятница, 25 Март 2016 04:41 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3470 раз

Әз Наурыз мерекесін облыс жұртшылығы кең ауқымда тойлады. Ұлыстың ұлы күнінде  ұлттық салт-дәстүрлеріміз төрге озып, халқымыздың бітімгершілігі мен ынтымағы айқын аңғарылды. Рухани тазару мен жаңару мерекесінің ресми түрде тойланып келе жатқанына биыл жиырма бес жыл. Ел тұрғындарының халықтық мерекеге деген ықыласы артпаса, кеміген емес. Жыл сайын өзгеше түрге еніп, түрленіп, жаңа сипат ала бастағаны қуантады. Шымкент қаласында да Наурыз өз деңгейінде тойланды: киіз үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылды. Ұл-мен қыз атқа қонса, сахна төрінде ән әуелеп, күй төгілді. Наурыз мерекесінің құдіреті де осында. Шымкент қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы алаңға он мыңға жуық қала тұрғыны жиналды. Наурыз-думанға арналып 36 киіз үй тігілген. Мерекелік сахна да ұлттық нақышта безендірілген. Бәрі-бәрі ұлық мерекеге сән беріп тұр.

 NRZ-1 NRZ-5 

NRZ-2Қазақтың қонақжайлылығы осындайда көрінеді. Таңмен таласа Орталық алаңға қарай ағылған тұрғындар наурыз көжеден дәм татты. Өнер майталмандары салт-дәстүрімізді әспеттейтін театрландырылған көріністер қойды. Өнерпаздар әннен шашу шашып, күй күмбіріне бөледі.

Қаланың бас алаңындағы думанға қатысқан облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов барша жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.
– Наурыз – Оңтүстіктен басталады. Себебі, көктемнің алғашқы самалы да – Оңтүстіктен еседі. Бұл өзгермейтін заңдылық биыл да өз жүрісінен жаңылған жоқ. Міне, бүгін баршамыз көктемнің осы бір ғажайып мерекесінде бас қосып отырмыз. Биылғы Наурыздың символдық мәні өте жоғары. Себебі, Қазақстанда Наурыздың ресми тойлануына биыл – 25 жыл толып отыр, – деді облыс әкімі.
Этно-мәдени орталықтардың мерекеге арнаған сыйы көптің көңілінен шыққаны анық.

NRZ-6Облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен қала әкімі Ғабидолла  Әбдірахымов мерекеде кішкентай сәбилердің тұсауын кесіп, олардың үлкен азамат болып өсулеріне тілектестігін білдірді.

Бұдан бөлек, қаланың барлық саябақтарында, этно-мәдени орталықтарында мерекенің шырайын арттыратын түрлі мәдени іс-шаралар өтті. Қалалықтардың сүйікті орнына айналған «Наурыз» алаңында да көпшілік есте қалар тойға куә болды. Мұнда да қала әкімдігінің бөлімдері, жеке кәсіпорындар мен мәдени және білім мекемелері ақ ордалы киіз үй тіккен. Мемлекеттік қызметкерлер дайындаған Наурыз көжеден дәм татушылар да көп-ақ.

Қазақтың тойы ән-жырсыз, спорт жарыстарынсыз өтпесі белгілі. Наурыз алаңының сахнасында жергілікті өнер ұжымдары концерт қойып, тамаша тарту жасады. Шығармашылық мекемелердің өнерпаздары мен эстрада әншілері тойдың көрігін қыздыра түсті. Думанды мерекеде елге белгілі әнші Қайрат Нұртас та таңдаулы әндерін шырқап берді.

NRZ-3Жиылған жұрт қаумалай тамашалаған күрес жарысы да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қалалық №10 спорт мектебі ұйытқы болған қазақ күресі бәсекесіне 60 балуан қатысты. Жеті салмақта жеңімпаздар анықталды. Түйе балуандардың тартысында 8 балуан күресіп, жиылғандардың делебесін қоздырды. Халықтың арасынан, өз еркімен белдесуге шыққан 25 балуанның ішінде де шеберлері бар екен. Олар да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Жалпы, бас жүлделерді негізінен №10 спорт мектебі мен №4 спорт мектебінің оқушылары жеңіп алды.
«Наурыз» алаңындағы дүбірлі мерекемен қатар ипподромда ұлттық спорт ойындары – көкпар тарту, қыз қуу, теңге ілу, аламан бәйге жарыстары да тұрғындардың көңіл күйін көтеріп тастады.

Облыстық ұлттық спорт ойындары мектебі қолға алған сайыстарды облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов та арнайы келіп тамашалады. Бұл да бір қазақтың атқа құмарлығының көрінісі болса керек.

Тақымы мықты шабандоздарды да, желдірте шапқанда құстай ұшатын сәйгүліктерді де ел тани түсті. Аламан бәйгеде Нұршахар Сәдуақас ерттеп мінген «Қарабура» аты бірінші келді. Ал көкпаршылардың бәсекесінде Сайрам ауданының шабандоздары бас жүлдені өңгеріп әкетті. Түлкібастықтар екінші, ал Мақтаарал ауданынан келген көкпаршылар үшінші орынды иеленді.

Ұлық мейрам тұрғындардың жадында осындай көңіл күймен есте қалды. Бәрі де тамаша көңілмен тарқасты.

Последнее изменение Пятница, 25 Март 2016 05:02
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.