Бозбала мен бойжеткен Избранное

Среда, 20 Апрель 2016 06:10 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6807 раз

15 сәуір – Ғашықтар күні. Бұл мереке ресми түрде тіркелмегенімен Оңтүстік жастары дәстүрлі түрде атап өтеді. Биыл да атаулы күнге және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай, «Жастар ресурстық орталығы» КММ «Бозбала мен бойжеткен» байқауын ұйымдастырды. Шара қазақ қыз-жігіттерінің бойындағы ибалылық пен сыпайылық, батылдық пен мәрттік қасиеттерді көрсетіп, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеді.

DSC 0706

Байқауға аудан-қалалардан 14 пен 29 жас аралығындағы 15 жұп қатысып, өлең оқып, әуезді әндер шырқап, өнерлерін паш етті.
Мерекелік байқауда облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Болат Жанәбіл мейрамның мән-маңызына тоқталып өтті.
– Бұл тақырып баспасөз беттерінде жиі көтеріліп жүр. Халқымызда «махаббат символы» болатын Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамыр, Гүлбаршын мен Алпамыс, Қобыланды мен Құртқа сынды кейіпкерлеріміз көп. Ең бастысы мереке ұлттық нақышта тойлануы керек. Жастар ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді ұстануы шарт, – деген Б. Жанәбіл жастарға сәттілік тіледі.

boaz bala1  bozbala2  bozbala3 

Қатысушы қыз-жігіттер «Таныстырсам өзімді..», «Туған өлкем – тұнған тарих», «Махаббат аялдамасы» тақырыптары бойынша сынға түсті. Қазылар жұптардың сахналық образ жасай білуіне, сөз саптау шеберлігіне, киім мәдениетіне мән берді.
Сайыста нағыз жігіттің төресі де, қазақтың қаракөз қызы деген атқа лайықты сұлулар да кездесті. Байқаудың барлық шартынан мүдірмей өтіп, әртістік шеберлігі, ұлттық нақыштағы ерекше киім үлгісімен дараланған Сарығаш ауданынан келген Нұрсұлтан Данисов пен Балнұр Қайратқызы биылғы жылдың «Бозбаласы мен бойжеткені» атағын иеленді. 1 орын Қазығұрт ауданының намысын қорғаған Нұрсұлтан Байдәулетов пен Бибіажар Балабековаға берілді. Байқаудың барлық шартында өзіндік ерекше мәнерімен көзге түскен Арыс қаласының жастары Нұрдәулет Сейілбек пен Аяжан Ерболқызы 2 орынды жеңіп алды. Ал шымкенттік Беглан Махұлбек пен Әсем Ахатқызы үшінші орыннан көрінді. Жүлдегерлер мен қатысушылар «Жастар ресурстық орталығының» Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.

Последнее изменение Среда, 20 Апрель 2016 09:15
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.