Жүрегіңізді жастай сақтаңыз Избранное

Пятница, 09 Декабрь 2022 05:02 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5571 раз

Жүрек – адам ағзасындағы ең басты мүше. Жұдырықтай жүрек дүниеге шыр етіп келген сәттен бастап деміміз шыққанша тынбай соғып, дүрсілдеп қан айдап, жанға да, тәнге де қызмет етеді. Тіпті, біз ұйықтағанда да тоқтамайды. Ырғағы бәсеңдесе де соғуын жалғастыра береді. Сондықтан, жүректің маңызы ерекше. Осыған орай жүрекке жасалатын оталар, оның күтімі туралы Шымкент жүрек орталығындағы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Жасарал БАЛЫМОВТАН сұрап-білдік.

73

 

– Жасарал Маралұлы, алдымен орталық туралы қысқаша мәлімет беріп өтсеңіз.

– Шымкент кардиохирургия орталығы 2009 жылы ашылған. Содан бері қала тұрғындары мен басқа да науқастарға қызмет көрсетіп келеді. Жылдан жылға біздің орталықта жасалатын операциялардың саны да артып, күрделілігі де жоғарылап келеді. Мысалы, Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігі тарапынан кардиохирургиялық операциялар күрделілігіне қарай 7 сатыға бөлінген. Алғашқы жылдары орталығымызда оталар 1-3-сатының деңгейінде болса, соңы жылдары 7-сатыға дейінгі операциялар жасалуда. Айта кетейік, 5-7-сатыдағы оталар – республикалық клиникалардың деңгейінде жасалатын оталар. Қазір сол операциялар біздің орталықта та жасалуда.

– Соңғы кездері дерттің саны артып, жасалатын операциялар көбейіп жатқанынан хабардармыз. Сіздің ойыңызша, мұның себебі неде?
– Иә, кардиохирургия саласын алар болсақ, оталардың саны көбейіп келеді, тиісінше ол дерттің көбеюіне де байланысты. Дегенмен, маман ретінде айтар болсам, жалпы ауру бірқалыпты деңгейде тұр. Мұндағы ең маңыздысы – сол ауруды алдын ала анықтау, диагностика қою жұмысының сапасы артты. Соның нәтижесінде жасалатын оталардың да саны артуда. Ал былай соңғы жылдары дерт күрт көбейді немесе азайды деп айта алмаймыз. Маңыздысы ауруды дер кезінде анықтау жүйесі жақсы жұмыс істеп тұр.

– Бұл – жақсы хабар екен. Ал қазіргі таңда осы орталықта жасалатын оталар туралы айтсаңыз.
– Шымкент жүрек орталығында кардиохирургия саласына қатысты барлық ота жасалуда. Оның ішінде жиі кездесетіні – жүрек жетіспеушілігі дерті. Биылдан бастап біздің орталықта созылмалы жүрек жетіспеушілігіне ұшыраған азаматтардың жүрегіне ота жасалуда. Мысалы, науқасқа дәрі-дәрмектің әсері болмай жатқанда оны емдеудің екі жолы бар. Біріншісі – жүрекке жасанды қосымша насос салынады. Оны қойғанда науқастың өмірі жақсарып, денсаулығына оң әсер етеді. Екінші жолы – жүрекке көмекші «көпір» салу. Яғни, бұл келешекте науқасты жүрек алмастыру отасына дайындау деген сөз. Осы тұста айта кетерім, болашақтағы біздің жоспарымыз – науқасқа донор жүрегін алмастыру отасын қолға алу. Алдағы 1-2 жылда Шымкентте жүрек трансплантологиясын жүзеге асырамыз деп отырмыз. Оған орталықтың мамандары дайын деп айтуға болады. Енді бірер мәселені шешіп, шегендеп алсақ, ота жасауға әзірміз. Ел Үкіметі, Шымкент қаласы әкімдігінің тарапынан жасалған қолдау жеткілікті, Германия, Польша, Ресей, Израиль мемлекеттерінде, Астана мен Алматы қалаларында болдық, білім алып, тәжірибе алмастық.

 

74

– Бір науқастан жүрек жетіспеушілігі анықталды делік. Сонда бірден ота жасауға бола ма? Кейін келе дәрі-дәрмектің әсері болмай қалса, уақыт жоғалтып алмай ма?
– Қазақта «Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дәл айтылған қанатты сөз бар. Сондықтан, егер адамның бойындағы дерті ерте анықталса, әрине, алдымен дәрімен емдеген дұрыс. Себебі, ота – оңай шаруа емес. Ал кейде дерт кеш анықталатын жағдайлар болады немесе ауру бірден асқынып кеткен болуы мүмкін. Мысалы, жүрек жетіспеушіліктің ең ауыр сатысына өтіп кеткен жағдайлар. Мұндай кездерде ота жасау керек.

– Соңғы кезде мамандар арасында «Ауру жасаруда» деген тұжырым бар...
– Өкінішке қарай, иә, ауру «жасаруда» деуге болады. Өзіміздің саланы алсақ, бұрын инфаркт, жүрек құлақшасының жетіспеушілігі сияқты дерттер 40-45 жастан кейін пайда болатын еді, қазір 27-30 жастағы жандар арасында да кездесуде. Оның себебі жалпы экологиялық ахуалдың нашарлауы не генетикадан болуы да мүмкін. Тағы бір айтарым, кішкентай кезде баспамен (ангина) көп ауырған адамда дерті созылмалы күйге ұласса, стафилокок инфекциясы қанда қалып қойып, жылдап жүректің құлақшасын бүлдіре береді. Содан уақыт өте келе ол науқастың жүрегі ауырып, ота жасауға тура келеді. Оған қоса жүрек ауруы тұқым қуалайды. Негізі дерттің 30-40 пайызы тұқым қуалаушылықпен келеді деп айтуға болады.

– Ал күйзеліс ше, оның жүрекке теріс әсері бар ғой?
– Әрине, жүрек ауруы күйзеліске де байланыысты. Жалпы, аурудың көбісі жүйке жүйесінен дер едім. Яғни, адамның жүйкесі тозса, ағзасы ауырады. Одан кейін «Ауру – астан» деген сөзді де ұмытпауымыз керек. Менің ойымша, ата-бабамыздан қалған дұрыс тамақтану жүйесі бұзылды. Қазіргі таңда кең тараған газды сусын, қытырлық чипсы, фаст-фуд дейсіз бе... Оның бәрі – зиян. Сондықтан, дұрыс тамақтануды барынша ұстану керек. Ағарған ішіп, талқан жеп өскен балалар мықты болады деп ойлаймын. Сосын, әрине, дене шынықтыру. Кәсіпқой спорт көп адамға жақпауы мүмкін, ал үнемі дене шынықтыру ешкімге зиян емес. Ең болмаса күнде жаяу жүрумен айналыссақ, бірден болмаса да 4-5 айдан кейін ағзада оң әсерін байқауға болады. Артық салмағы барлар салмақ тастайды, ағзадағы зат алмасу дұрысталады. Ал зат алмасу дұрысталса, ағза анау-мынау дертті өзі-ақ жеңіп кетеді.

– Биыл Шымкент жүрек орталығында қанша ота жасалды?
– Жылдан жылға жасалатын операциялар саны артып келе жатқанын айттық. Мысалы, 2021 жылы 425 ота жасалса, жыл басынан бері бүгінге дейін 535 ота жасалды. Әлі жыл аяқталған жоқ. Орталығымызда жүрекке жасалатын кез келген отаға барлық жағдай жасалған.

– Операциялар қанша уақытқа созылады?
– Кардиохирургияда стандартты операция кемінде 3 сағатқа созылады. Ал ота күрделі болса немесе науқастың жүрегіне бір мезетте бірнеше ота жасау керек болса, операция уақыты 9-10 сағатқа дейін созылған уақыттар болды. Бәрі де дертке байланысты. Сол уақыттың бәрінде науқастың жүрегі мен өкпесі тоқтап тұрады, олардың қызметін ағзаға жалғанған жасанды аппарат атқарады. Операцияны аяқтап, жүректі оятып, қан жіберіп, аппаратты біртіндеп ажыратамыз. Біздің ойымызда әрдайым отаны сәтті аяқтап, науқасты үйіне, отбасына аман-есен шығарып салсақ деген ой тұрады.

– Сөз соңында өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Қожа Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік университетін 2000 жылы тәмамдадым. Сол жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханаға жұмысқа тұрып, еңбек жолымды бастадым. Ал 2009 жылдан бері осы кардиохирургиялық орталықта еңбек етіп келемін. Әбсейітова Сәуле Райымбекқызы бас болып, 2008 жылы орталығымыздың іргетасын қалаған сәттен бері басы-қасында жүріп, бірге еңбек еттік.
– Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!

 

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.