«ҚАНШАМА ӘНІМ ШЫМКЕНТТЕ ЖАЗЫЛДЫ»
– Мұхтар аға, мерейлі 80 жасыңыз және ОҚМПУ-дің мерейтойы қай деңгейде аталып өтті? Әңгімемізді осыдан бастасақ...
– Иә, биыл 80-ге толдым. Өздерің білесіңдер, мерейтойым республика көлемінде тойланып жатыр. Түрік мемлекеттерінің басын қосып «Түріксой» ұйымы да қуанышымды атап өтті. Содан кейін іс-шаралар өзімнің туған жерім Отырарда жалғасты. Оған барып қайттық. 10 жыл Қырғызстанның Төтенше және өкілетті елшісі болдым ғой. Осыған орай Қырғыз елі де арнайы шақырды. Мен туралы деректі фильм түсіріпті. Менің атыма көше беру мәселесі де көтеріліп жатқанын білдім.
Ендігі той Шымқаламда жалғасты. Мен Шымкент педагогикалық институтын бітіргенмін. Оқу ордасы қазір іргелі қарашаңырақ университет болыпты. Өзім сияқты 85 жылдық мерейтойын тойлауда. Соған орай оқу орнының басшысы Гүлжан қарындасым арнайы шақырып, менің 80 жылдығымды қоса атап өтуге келіп қалдық. Екі күн бойы іс-шаралардың басы-қасында болдым. Бәрі де көңілімнен шықты. Түркістан сарайында дүркіреп өтті деуге де болады. Университеттен менің атымдағы дәрісхананың ашылуына қатыстық. Сонымен қатар, менің атымдағы шәкіртақы тағайындалған екен. Оны оқу озатына табыс еттік. Жалпы оқу орнының бүгінгі жетістіктері мені қуантты.
– Оқу орнымен байланысты оқиғалар есіңізде ме?
– Иә, шежірелі шаңырақтың қабырғасында жүрген кездер бүгінде тарихқа айналды. Ол бір қиын кезеңдер еді. Енді бір-екі жағдайды айта кетейін. Мен осында филология факультетінде сырттай оқып, білім алдым. Ол кезде ақындық атағым шығып қалған. Әндерім орындалып жүр. Жұрттың бәрі біледі дегендей. Оқуға көп бара да бермеймін. Содан бір күні оқудың жайын біліп кетейін деп барсам, қабырғаға студенттердің бәрі көз тігіп қарап тұр екен. Анықтап қарасам, оқудан шыққандардың тізімі. Ең басында менің фамилиямды жазып қойыпты. «Әй, Мұхтар, қайда жүрсің?» деп ұстаздарым алдымнан шыға келді. «Мынадай деп жазып қойыпты, соған қарап тұрмын» дедім. Ұстазым «Ой мыналардың тірлігі дұрыс болмаған екен» деді де жетектеп деканға алып барды. «Оқу орнымыздың атын шығаратын Мұхтар емес пе?! Бұл тізімге жазып қойғандарың қалай?!» деп ұстазымыз деканға реніш білдірді. Деканымыз «Қате кеткен ғой, қазір жөндейміз» деп мені ол тізімнен алып тастады. Сөйтіп, қайтадан оқуымды жалғастыруға мүмкіндік жасап еді. Оқуға түсерде емтиханда еркін шығарма жазған екенмін. Қазір оны ұмытып та қалдым. Кешегі кездесуде қазіргі басшылар соны ахивтен тауып алыпты. Мақтауларына қарағанда нашар жазбаған сияқтымын.
– Шымкентке әр келгенде не байқайсыз? Үшінші мегаполистің бүгінгі дамуы жайында не айтасыз?
– Шымкент – менің жастығым өткен қала. Қаншама әндерім осы Шымкентте жазылды?! Елге кеңінен танылған «Ақ бантик» әні, мәселен. Шаһардың комсомол комитетінде жұмыс істейтін таныс жігіт болатын. Сол кештеу үйленіп, тойына бізді шақырды. Мектепті енді бітірген қызды алған екен. Әлі бантигін де шешпеген қыз ғой. Шәмші екеуміз ақылдасып, соның тойына сыйлық ретінде «Ақ бантик» әнін алып бардық. Шымкентке қатысты әннің бірі ғой енді. «Ақсудан ұшқан аққуым» әні де осында дүниеге келді. Ол әнді біз ең алғаш 1968 жылы жарияладық. Содан кейін «Қоштаспай болмайды» деген өлеңім де Шымкентке қатысты айтылған ән. Әнін де өзім жаздым.
Иә, өмірімнің ең бір албырт шақтары осында өтті. Шаңырақты да осында көтердік. Анам екеуміз қанша жыл осы жерде бірге болдық. Ол кездегі Шымкент пен қазіргі қаланы мүлдем салыстыруға келмейді. Қазіргі Шымкент өзгерген, жаңғыруға бет бұрған. Өз алдына дербес қала. Қалаға әрдайым елдік, ұлттық мүддеге ден қойған азаматтар басшылыққа келеді. Қазіргі қала әкімі де парасатты азамат. Жаңа Қазақстанды құруға атсалысып жатқанына тілектеспін. Ұдайы шындық пен парасат биігінен жарқырай берсін. Ел мүддесіне терең тамыр жіберген жігіттер билік тізгінін алған кезде Шымкент бұдан да ары көркейіп, өркендей береді деп ойлаймын.
Жастық шағымның есіме түсіп отырғаны. Мен 1942 жылы Оңтүстік өлкесінде, Отырар ауданы, Шілік ауылында дүниеге келдім. Бір жылдан кейін Қасқасуға қоныс аударғанбыз. Менің анам 13 құрсақ көтерген. Оның ішінде 12-сі дүниеден озды. Көзі тірісі жалғыз мен. Қасқасуда мектепке бардым. Әкем 5 жасымда дүние салды. 85 жасында анам өмірден озды. Жылда туған күнімде – 2 шілдеде Қасқасуға келіп, әке-шешемнің басына Құран бағыштаймын. Биыл да сол дәстүрден жаңылған жоқпын. Әке-шешемнің басына барып қайттым.
Менің әкемді Қажымұқан балуан ерекше құрмет тұтады екен. Бір күні батыр ағам біздің үйге қонаққа келді. Әкем жалғыз ешкісін сойып, сыйлы қонақ етті. Сол кезде балуан егде тартса да салмағы 200 келіден асатын. Мен 5 жастағы баламын. Балуанның үстіне шығып, ойнағаным есімде. Сонда Қажекең мені көтеріп тұрып, «айтулы балуан бол» деп ақ батасын беріп еді. Бірақ мен ақындық жолға түстім. «Сен ақындық, өнер жолында алға шықтың. Осы жолда палуан болдың. Сондықтан, Қажекеңнің батасы теріс кетті деп айта алмаймыз» деп анам әрдайым айтып отыратын.
Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов үшеуміз дос әрі ағалы-інілі бауыр болдық қой. Шешем қанша балаң бар дегенде, «Үш балам бар» деп айтатын. Ең үлкені – Шәмші Қалдаяқов, ортаншысы – Төлеген Айбергенов, кішісі – Мұхтар Шаханов деп. Шәмші бізбен 11 жыл бірге тұрды. Үйіміз осы пединституттың жанында болатын. Енді айта берсек, хикаялар көп.
«ТӘУЕЛСІЗДІК – БІЗДІҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ»
– Шымкентке Тәуелсіздік күні қарсаңында келіп отырсыз. Бүгінде Тәуелсіздік мерекесі өз деңгейінде тойланып жүр ме?
– Тәуелсіздік негізі Республика күнінде қаланды ғой. Президент биыл бұл мерекені қайта жаңғыртты. Себебі, оның өзіндік тарихи маңызы бар. Иә, Тәуелсіздік күні желтоқсан оқиғасымен қатар келеді. Оның ақиқатының айқындалуына біршама еңбек еткен адаммын. Өздерің білесіңдер, 1989 жылы, КСРО-ның қылышынан қан тамып тұрған кезде Арал туралы мәселе көтеремін деп желтоқсан шындығын жария қылып жібергенмін. Содан бері қарай қаншама жұмыс атқарылды. Өзімнің үш томнан тұратын «Желтоқсан эпопеясы» деген кітабым бар. Сонда мәселелердің бәрі қамтылды. Желтоқсанның ақиқатының бәрі сол кітапта жан-жақты көрсетілген.
Қалай десек те, қай тұрғыдан алып қарасақ та, Тәуелсіздік – біздің ең басты ұлттық құндылығымыз. Тәуелсіздік күнін ешқандай оқиға бүркей алмайды. Сондықтан, Тәуелсіздік мерекесінің абыройын асқақтата беруіміз керек. Оған деген халық құрметін оятуға жұмыс жасалса деймін. Бұл мерекенің өз биігіне көтерілу үшін биліктегі басшылардың жаңаша ойлауын, жаңаша көзқарасын қалыптастыру керек. Кейде жаңа жылдың тасасында қалып қоятыны да бар. Кейбіреулер Тәуелсіздікті төрге шығарудың орнына шырша тігуді мәртебе көреді. Алаңда шырша тігу, соны безендіру мәселесі алға шығып кетпеуі тиіс. Мұндай көзқарас болған жерде Тәуелсіздікті өз деңгейінде атап өте алмайтынымыз тағы рас. Әрине, біздің жаңа жылымыз –ол Наурыз мерекесі. Ұлыстың ұлы күнін қайта тойлануына тікелей ықпал еткен адамның бірімін. Колбинмен жағаласып жүріп, алғаш рет Наурыз мерекесін 1988 жылы атап өттік. Тәуелсіздік күні және Наурыз мерекесіне де өз деңгейінде құрмет көрсетуді ойланбасқа болмайды. Жастарды дұрыс бағытта тәрбиелей алсақ, ұлттық мерекелер де өз деңгейінде аталып өтілері анық. Ал енді Тәуелсіздікке ден қойып жүрген адамдардың барлығының жұлдыздары тек шындық биігінен, елдік, ұлттық мүдде биігінен, рухани парасат биігінен, жарқырай берсін. Барлықтарыңыз сол биікте бас қоса беріңіздер.
– Шығармашылығыңызда не жаңалық бар?
– Шығармашылық дегенде мен «Жалын» журналын басқарамын ғой. Журнал о баста екі айда бір шығатын альманах болатын. Соны журналға айналдыру үшін де біраз еңбек етуге тура келді. Елшілік қызметтен кейін, 2003-2004 жылдардан бастап журналды шығаруға бар күш-жігерімді жұмсап келемін. Қазіргі мүйізі қарағайдай ақын-жазушылардың барлығының алғашқы шығармалары кезінде осы журналда жарияланған. Сол дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Біз Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықты ақындарға, Ғабит Мүсірепов атындағы сыйлықты жазушыларға, публицистерге береміз. Солардың шығармасын жариялау үшін оқуға, назар салуға тура келеді. Көп уақытымды осы журналды шығаруға жұмсаймын. Қазір көптеген ақындар бар. Жақсы ақындар да жеткілікті. Бірақ «Анау тұрған бидайды, комбайнмен жинайды» деп кім болса сол өлең шығара беретін болды. Ақын деген ешкім айтпаған ойларды, дара ойларды тудыруы керек.
Мен барлық уақытта ұлттық мәселені қозғадым. Желтоқсан шындығын аштым. Арал мәселесін көтердім. Ұзақ жыл мемлекеттік тіл мәселесін көтердім. Менің атқарған іс әрекетімнің бірде біреуі мемлекетке қарсы, қиғаш келген емес. Енді уақыт, заман өзгерді. Азды-көпті еңбегім бағаланып, 80 жылдыққа орай Президент маған Еңбек ері атағын берді. Кез келген адам Отан алдындағы қызметін міндетсінбеу керек. Бірақ Отан да өзінің дара перзенттерін марапаттап отыруы тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кезінде бірлесе қызмет атқардық. Ол кісі Сыртқы істер министрлігінде болған кезде мен елшілікте қызмет еттім. Парасатты адам болғандықтан, Жаңа Қазақстан бағытын құруға ниет еткендіктен мен ол кісінің ұсынысын қабыл алдым. Осы марапат менің атқарған еңбегімнің, шығармашылығымның бағасы болса керек.
«ЖАНЫМДА ЖҮРЕТІН ЖАСТАР КӨП»
– Сіз кездесулеріңізде «жастар кітап оқымайды» дегенді жиі айтасыз. Қазіргі жастардың кітапқа қызығушылығы қалай? Өзіңіз қандай кітаптар оқисыз?
– «Кітап оқымайды» деген сөз бұрыннан айтылады. Оның ішінде «өлең оқылмайды» деген мәселе де бар. Қай кезде де айтылумен келеді. Бірақ өзің назар салып көр, менің өлеңдерімді қаншама буын өкілдері жатқа оқиды. Өлеңдерімді тіпті шетелде де жоғары бағалап, жатқа оқитындар жетерлік. 1960, 1970, 1980, 1990 жылдардағы менің оқырмандарым бүгінге дейін менімен бірге жасап келеді. Тіпті, төрт жасар бала да өлеңдерімді жаттап алғанын білесіздер. Сондай талапты жастың бірі менімен бірге жүріп, шығармашылық кештеріме қатысты. Республика сарайында өнер көрсетті. Сондай балаларды көріп тұрып, жастар кітап оқымайды деп айта алмаймын. Негізінен, оқылымды, халық іздейтін шығарманы өмірге алып келу керек. Шығарманың бағасын, төмендігін халыққа жауып, жалтарып кетуге болмайды. Тұшымды, рухани нәр алатын кітаптар әрдайым және жатқа оқылады.
Менің үйімнің екі қабырғасы толы кітап. Өмірімнің бүкіл белестерінде, жүрген жерлерімде алған кітаптарым үнемі назарымда болады. Өзім негізінен танымдық, философиялық ойларға құрылған кітаптарға назар саламын. Және өз шығармашылығымды да сол биіктен көруге тырысамын. Қаламгерлерді шығармашылығы тұрғысынан емес, оның ұлттық мүддеге қаншалықты үлес қосқаны тұрғысынан бағалаймын.
– Жастардың шығармашылығына көңіліңіз тола ма? Кімдердің өлеңдерін оқисыз?
– Әрине, жастарға назар салып тұрамын. Олардың өлеңдері «Жалын» журналына жарияланады. Ақберен Елгезек деген жігіттің шығармалары маған ұнайды. Өзінің азаматтық мінезі де, болмысы да ерекше. Мұратхан Шоқан, Батырхан Сәрсенхан деген азаматтар бар. Осындай жастардың біразы менің жаныма келіп жүреді. Жамбыл деген бала шықты. Оны кішкентай кезде маған алып келген. Жаныма келіп жатқан қалам иелерінің бәріне де елдің, ұлттық мүддеге қызмет етуіне, осы тұрғыда тәрбиеленуіне бағыт-бағдар беремін. Мені сол тұрғыда құрметтейтіндер де маған жақын жүреді. Солар барда қазақтың ақындық өнері жоғалып кетпейді. Поэзия қай кезде де қазаққа тән. Сондықтан, оның болашағына зор үмітпен қараймын.
– Көпшілік сіздің сырқаттанып қалғаныңызға алаңдаушылық танытты. Денсаулығыңыз қалай?
– Өткенде біреу мені қарттар үйіне өткізіп жіберіпті. Өз үйімнен мәлімдеме жасауға тура келді. Түркияда жүрегіме ота жасаттым. Қазір жағдайым жақсы. Аллаға шүкір. Қазір өз бетімше жүріп-тұрамын. Көлігімді айдаймын. Баратын жеріме барып келетін шамам бар. Енді Түркістанға жол жүргелі жатырмын. Соның барлығы денсаулықтың арқасы. Жұбайым өте парасатты жан. Менің жай-күйімді жасап отыр.
Шыңғыс Айтматов атын қойған Айшөрек қызым АҚШ-та медицина саласында оқиды. Оқуды бітіруге таяп қалды. Білікті маман болып оралады деп үміттеніп отырмыз. Ол да ұдайы телефон шалып, менің жағдайымды назарда ұстап отырады.
– «Шымкент келбеті» газетіне айтар тілегіңіз...
– Қазір жасыратыны жоқ, басылымдар бұрынғы таралымынан айырылып қалды. Жұрттың көзқарасы өзгерді. Қаншама мың тиражбен шығып жатқан кітаптар да азайды. Билік тізгінін ұстағандар баспасөзге деген көзқарастарын өзгертуі тиіс. Бұл мәселеге жаңа көзқарас керек. Басылымдардың таралымы, оқытып-тоқытуына мемлекет қолдау көрсететін уақыт әлдеқашан жетті. Өйткені, газет – идеология, мемлекетке қызмет етеді. Осы мәселе билік тарапынан дұрыс бағаланып, таразыланса деймін. Өздеріңе де сол биіктен көрінуге тілектеспін. Білімді де, білікті, сауатты журналистің орнын ешкім баса алмайды. Сондықтан, сіздерге тек абырой биігінен көрініп, елге-ұлтқа қызмет ете беріңіздер деп тілек айтамын.
– Сұхбатыңызға рақмет!