Аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп Избранное

Пятница, 09 Октябрь 2020 04:24 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 13972 раз

Алимент төлемей, алған несиені уақытынан кешіктіріп немесе мүлдем қайтарудан бас тартқан адамдардың бір күні жеке сот орындаушылармен жолы тоғысатыны белгілі. Сол сот орындаушылары заң аясында берешекті қайтаруға үлес қосып жатса, нұр үстіне нұр болар. Алайда борышкерлер кейде ақша өндірушілерді қоқан-лоқы көрсетті деп шағымданып жатады. Қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Орынбасар Тастановпен мемлекеттік және жеке сот орындаушылардың жұмысы туралы сұбаттасқан едік.

309

 

– Орынбасар Зайдинұлы, заңды білу заман талабы деп айтамыз. Жеке сот орындаушылардың заңмен бекітілген қызметі қандай және олардың атқаратын жұмыстарына нендей өндірістік құжаттар жатады?
– Сот орындаушысы – мемлекеттік қызметте тұратын және соттар мен басқа да органдардың қаулыларын орындау бойынша өзіне заңмен жүктелген міндеттерді орындайтын лауазымды адам. Сот орындаушыларының орындауына жататын атқару құжаттарының тізбесі «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңымен бекітілген. Ол заңда сот орындаушысы жүзеге асыруы тиіс нұсқамалар 13 тармақшада анық көрсетілген. 2011 жылдан бастап сот орындаушылар мемлекеттік сот орындаушы және жеке сот орындаушы деп екіге бөлінді. Мемлекеттік және жеке сот орындаушыларының мақсаты бір – атқарушылық өндірісті орындау. Мемлекеттік сот орындаушысының қызметін уәкілетті орган және оның аумақтық органдары бақылауында ұстайды. Ал жеке сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына уәкілетті орган берген лицензия (бұдан әрі – жеке сот орындаушысының лицензиясы) негізінде, заңды тұлға құрмай атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке практикамен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматы.
Жеке сот орындаушысы атқарушылық іс-әрекеттерді өтеулі негізде жүргізеді және жасаған атқарушылық іс-әрекеттерге ақы төлеу осы Заңда белгіленген мөлшерлерге сәйкес жүзеге асырылады. Қазіргі таңда елде мемлекеттік және жеке сот орындаушылары қызметі қатар дамып келеді. Мемлекеттік сот орындаушыларының атқаратын қызметтер аясы кең, жеке сот орындаушылардың дамуы ол жеке сот орындаудың қарқынды жұмысына байланысты болып отыр.
– Шымкент қаласы аумағында борышкерлердің өсімпұлдарын өндірумен айналысатын мемлекеттік және жеке сот орындаушылардың саны қанша? Биыл сот орындаушыларының араласуымен қанша ақша өндірілді?
– Тұңғыш Президент – Елбасы Н. Назарбаев айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы түбегейлі реформалар аясындағы 27-і қадам жеке сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту және сот орындаушыларының мемлекеттік қызметін біртіндеп қысқартуды қарастырған болатын. Саннан сапаға әрекет етудің арқасында елімізде жеке сот орындаушылары институты толық қалыптасқанын, тұтастай алғанда, олар қазірдің өзінде оң нәтижелерін беріп отырғанын көруімізге болады. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында 142 жеке және 5 мемлекеттік сот орындаушы қызмет атқаруда. Жылдың басынан жеке сот орындаушыларының орындауына мемлекет пайдасына 3,3 млрд тенге өндіру туралы 126 025 кұжат болған, оның ішінен қазіргі таңда 38 138 құжаты орындалып, мемлекет пайдасына 860,5 млн. тенге өндірілген. Ал мемлекеттік сот орындаушыларының орындауында 8,0 млрд. өндіру туралы 361 құжат болған, оның ішінен бүгінгі таңда нақты 169,3 млн. теңге өндіріліп, 107 құжат орындалған.
– Әлеуметтік маңызды санаттағы алимент өндіру туралы атқару құжаттарды айта кетер болсақ, Шымкенттің сот орындаушыларында алимент өндіру туралы 9 527 іс бар. Көрсеткішке тоқталсақ, 2019 жылы 3428 iс болған. Оның ішінде 3 692 iс бойынша алимент борышкердің табысынан өндірілуде. 4 239 борышкер алимент төлемдерін өз қалауымен төлеуде. 1 386 іс аясында 3 айдан асқан алимент қарыздары жинақталған. Барлық алимент төлемеушілердің шетелге шығуы шектелген. Шымкент қаласында 332 алимент төлемейтіндерге қатысты іздеу жарияланған. Өткен жылдан бері 215 борышкер жұмыспен қамтылған. Ал алимент төлемеген 281 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін 69 борышкер ұсынылған, оның 9 ісі сотқа дейінгі тергеулердің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Сот орындаушыларының шаралары нәтижесінде проблемалық алименттік істердің саны өткен жылмен салыстырғанда қысқарып отыр. Сандарды сөйлетсек, 2 348-ден 1 386-ға дейін төмендесе, жинақталған қарыз берешегі 856,7 млн. теңгеден 539 млн. теңгеге азайды.
– Жеке сот орындаушыларға шағым айтушылар кездесіп жатады. Борышкерлердің бірі банк картасын бұғатталғанын айтса, енді бірі шетелге шығуына тыйым салынғанын алға тартады. Жалпы сот орындаушысы өз өкілетін асыра пайдаланғанда не істеу керек?
– Жеке сот орындаушысы өз қызметінде Заң нормаларын қатаң сақтап және өз жұмысында азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуі тиіс. Жеке сот орындаушысы жасайтын атқарушылық әрекеттердің заңдылығын және оның іс қағаздарын жүргізу қағидаларының сақтауын бақылауды уәкілетті орган, оның аумақтық органдары, республикалық палата және жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталары жүзеге асырады. Бақылауды жүзеге асыру тәртібін уәкілетті орган белгілейді. Әділет департаменті әрбір өтініш жан-жақты қаралуын қамтамасыз ету үшін жоспардан тыс бақылау ұйымдастыруда.
Дегенмен жұмыс бар жерде кемшілік те болуы орынды. 2020 жылдың 2 тоқсанында атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің қарауына жеке және заңды тұлғалардың сот орындаушыларының іс-әрекеттеріне қатысты бірқатар арыз-шағым келіп түскен болатын. Келіп түскен өтініштердің ішінде азаматтардың консультациялық ақпаратқа жүгінген хабарламалары да бар. Олардың барлығы қарауға алынып, тиісті жауаптар берілді. Арызданушылардың өз шағымдарында көтерген мәселелерінің ішінде жеке және заңды тұлғалардың пайдасына сомаларды өндіруге қатысты, алимент өндіру бойынша, басқа да санаттағы сот актілерінің орындалмауы бойынша өтініштер келіп түскен. Жеке сот орындаушыларының іс-әрекетіне қатысты арыздың ішінен 75-і бойынша ЖСО-лардың іс-әрекетінде Заң бұзушылықтар анықталып, нәтижесінде Департаментпен Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына КСО-ның тәртіптік жауапкершілігін қарау үшін 72 ұсыныс енгізілген, 3 арыз бойынша Әділет министірлігіне жеке сот орындаушысының қызметімен айналысу құқығына берілген линцензиясын уақытша тоқтатуға ұсыныс жолданған. Департаменттiң ұсыныстары негізінде жеке сот орындаушылар «ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылғандары да бар. 2020 жылдың шілде айында күшіне енген жаңа заң талаптарына сай, алимент өндіру туралы іс бойынша 1 ай бойындағы әрекетсіздігі үшін жеке сот орындаушының лицензиясының қолданысы тоқтатылады. Әділет департаменті азаматтардың өтініштерінің уақытылы әрі нәтижелі орындалуын басты назарға алғандықтан сот орындаушылардың жұмысын жіті бақылауда ұстайды. Жұмыс нәтижесі жағынан көптеген айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп жатқан сот орындаушы қызметкерлер де бар. Сондықтан біз өтініштердің, арыз-шағымдардың туындау себебімен күресуді жөн санаймыз. Кейде елей бермейтін тағы бір нәрсені айта кеткен жөн. Сот орындаушысының заңды талаптарын орындамау, сот орындаушысын борышкердің ақшалай сомасының немесе мүлкінің бар-жоғын тексеруге жіберуден бас тарту, сұрату бойынша мәліметтерді бермеу, қорлау, қорқыту, күш көрсету немесе сот орындаушысының қызметтік әрекетіне байланысты өзінің немесе отбасы мүшелерінің өміріне, денсаулығына, мүлкіне қол сұғу, сот орындаушысының қызметтік міндеттерін орындауға кедергі келтіретін басқа да әрекеттер Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Сот орындаушысы өз қызметінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қысым жасалуына жол бермеуге міндетті.
Ал борышкерлерге оралсақ, ең көп кездесетіні бұғаттау яғни, борышкердің банктегі есеп шоттарына тыйым қою - ол сот орындаушының бірінші кезектегі шарасы. Көп адамдар сот орындаушының менің есеп шотымды жауып тастауға қандай қақысы бар деген сұрақтармен жүгінеді. Бұл ретте сот орындаушы мұндай шараны қолдануға міндетті екенін түсіндіргім келеді, себебі басты қағида – сот актілерін немесе басқа да атқарушылық құжаттарды орындаудың міндеттілігі үстем болады. Сондықтан, сот орындаушы қарызгер адамның есеп шотын тыйымға қоюға толық құқығы бар, ол заңда белгіленген тәртіп. Дегенмен, кейбір есеп-шоттары тыйымға қойылуға жатпайтындығын да түсіндіргеніміз жөн. Мұндай жеңілдік мемлекеттен әлеуметтік жәрдемақыларды алатын, алимент төлемдерін алатын және т.б. санаттағы адамдар үшін көзделген. Егер азамат осы көрсетілген түрдегі төлемдерді алатын болса, банктен арнайы шотты ашу керек. Жай шотқа жәрдемақы немесе алименттер түсетін болса, олар тыйымға түсіп қалуы мүмкін.
Сонымен бірге, жалақы шоттары тыйымға түсіп қалса, борышкер сол банктік шоттан үзіндіні алып, тыйымды қойған сот орындаушыға беру керек. Осы кезде есеп шоты тыйымнан шығарылады. Заңның 47 бабының 1 тармағы 7 тармақшасына сәйкес, атқарушылық құжаттың өндіріп алу немесе өзге де талабы толық көлемде орындалған жағдайда атқарушылық іс жүргізу тоқтатылады. Ал Заңның 47 бабының 2 тармағына сай, атқарушылық іс жүргізудің тоқтатылуымен бір мезгілде мәжбүрлеп орындату шараларының күші жойылуға тиіс.
– Алименттерді төлеу мақсатында қазақстандықтарға арнайы қордан бір миллион теңге беріледі деген ақпарат қаншалықты рас?
Алименттерді төлеу мақсатында қазақстандықтарға арнайы қордан бір миллион теңге бөлінуі туралы жоба Әділет министрлігінде қазір қаралып жатыр. Ол кімге және қалай төленетіні нақтылану сатысында. Заң жүзінде бекiтілмеуіне орай қазіргі таңда нақты мәлімет ұсыну мүмкін емес. Алдағы уақытта бұл туралы қосымша хабарланады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Азамат ЖАППАР

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.