Вакцина ектiрдiңiз бе?

Пятница, 06 Ноябрь 2015 05:29

Шымкентте туберкулезге қарсы вакцинадан бас тартатын ата-аналар қатары артып отыр. Мәселен бүгінгі күні 151 бүлдіршінге  екпе жасалмапты. Бұл туралы дәрігерлер қалалық туберкулезге қарсы диспансерінде өткен «дөңгелек үстел» барысында мәлім етті. Оған қаладағы емханалардың бас дәрігерлері, иммунологтар, бас медбикелер, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері мен Абдул Хамит Қаттани мешітінің имамы П. Әбдірахманов қатысты.


vakcine«Дөңгелек үстелге» жиналған мамандар бүгінгі таңда аурудың алдын алудың бірден бір жолы – вакцина егу екенін айтып, оның адам өмірі үшін маңыздылығына тоқталды. Перзентханада дүниеге келген нәрестеге төртінші күні БЦЖ, яғни туберкулезге қарсы вакцина салынатыны мәлім. Қазіргі уақытта екпе егу үшін дәрігерлер сәбидің анасынан қағаз жүзінде рұқсат алуға мәжбүр. Мұнан соң, 7 жасында егілетін вакцинадан көптеген ата-аналар бас тартып отыр. Қалалық туберкулезге қарсы диспансерінің фтизиопедиатры, балалар бөлімінің меңгерушісі  Гүлмира Есжанованың айтуынша, ата-аналар балаларына туберкулезге қарсы вакцина салдырғанды жөн көрмейді. Олардың діни ұстанымдары мен түрлі ақпарат көздерінен алынған мәліметтер – вакцина салдыруға деген көзқарастарын өзгерткен,  екпеге деген үрей мен қорқынышы басым. Абдул Хамит Қаттани мешітінің имамы П. Әбдірахманов ислам дінінде өз денсаулығына зиян тигізуге болмайтынын, өзінің балаларына да вакцинаны дер кезінде ектіретінін алға  тартты.
Дәрігерлердің айтуынша, әр адам жылына бір рет рентгенге түсіп, өкпесін тексертіп тұруы қажет. Олай етпеген жағдайда, науқас адам тек өзі ғана ауырмай, өзгелерге де жұқтыруы мүмкін екендігін есте сақтаған жөн.

«Өз емханаңды таңда!»

Пятница, 06 Ноябрь 2015 05:25

Еліміздің азаматтары медициналық ұйымдарды еркін таңдауға құқылы. Осы орайда, қала емханалары 15 қыркүйектен – 15 қараша аралығындағы кезеңде пациенттің медициналық ұйымды еркін таңдау қағидаты бойынша тіркеу және қайта тіркеу науқанын жүргізуде. Осы уақыт аралығында еліміздің кез келген тұрғыны өзіне ұнаған емханаға барып, емдейтін дәрігеріне дейін таңдай алады.

1048004483

Бұл акция шымкенттіктерді де бей-жай қалдырған жоқ. Олар өздеріне ыңғайлы емханаларға таңдау жасауда. Мәселен, қыркүйек айынан бері №6 емханаға 417 адам тіркелген. Емдеу мекемесі бас дәрігерінің орынбасары Гүлзәмира Әліқұлованың айтуынша, емханада барлық жағдай жасалған. Пациентердің көптеп таңдау жасауы да сондықтан.
– Бізде жеке сала мамандары, яғни хирургтер, кардиологтар, урологтар, иммунолог, неврапатолог, инфекционист, рентгенолог пен неанатолог жұмыс істейді. 109 дәрігер мен 200-ден астам орта буын қызметкерлері пациенттерге өз қызметін көрсетеді, – дейді №6 емханасы бас дәрігерінің орынбасары Г. Әліқұлова.
Айта кетейік, емханаға тіркелу үшін үй кітапшасы қажет емес. Әр азамат өзімен бірге жеке куәлігі алып барса болғаны. Тіркеуде тұрған бұрынғы емханадан шыққанын растайтын түбіртекті алуды ұмытпаған жөн. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде ұйымдастырылған шараға Денсаулық сақтау министрлігі әр адам басына 800 теңге көлемінде қаржы бөліп отыр. Бұл сомаға 50-ден астам медициналық көмек көрсетілетін болады.

Үйiңiз жылы ма?

Пятница, 06 Ноябрь 2015 05:03

Шымкентте 1762 көпқабатты үйдің 37-сі әзірге жылусыз отыр. Оның 21-інде жылу қосу кезінде жертөлелер мен пәтерлерде түрлі ақаулар орын алған. Осыған орай, «3-Энергорталық» АҚ мен «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК туындаған мәселелерді жою жұмыстарын қолға алды. Ал қалған үйлерге жылу трассаларының жарылуы салдарынан жылу берілмеген. Алайда мамандар қарашаның 10-ына дейін бұл ақаулы үйлер жылумен қамтамасыз етілетінін айтады.


028 01-1Қалалық коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Гүлнәз Шадманованың айтуынша, тозығы жетуі салдарынан жылу трассаларының  16 жерінде құбырлар жарылған. Мәселен, 16 шағынауданы, Ж.Шаяхметов көшесіндегі 6 үйде, «Шығыс» шағынауданы, №45 үйде және тағы басқаларын қосқанда жалпы 16 көпқабатты тұрғын үй жылусыз қалған.  
«3-Энергорталық» АҚ-ның жылу жүйелерінің (232,6 шақырым) 80 пайыздан астамының тозығы жетіпті. Бұл орайда, мамандар жылу тарифі соңғы жеті жыл бойы өзгермегендіктен, құбырлардың жөндеу көрмегенін алға тартады. Естеріңізде болса, биылдан бастап жылу бағасы қымбаттаған болатын. Бұрын жылудың 1 шаршы метрі – 89 теңге болса, қазір 1 шаршы метрі – 109 теңгені құрады. Г.Шадманова бұл мекемеге қарасты жылу жүйелері қаланың коммуналдық меншігіне өтетінін жеткізді.
Қазір қалада 30 бригада жұмыс істеп жатыр. Әр бригадаға қарасты  слесарь мен сантехник мамандар  жылуды қосып, түрлі техникалық ақауларды жою жұмыстарымен айналысуда. 10 қарашаға дейін шымкенттіктер 100 пайыз жылумен қамтылатын болады. Сонымен қатар, әр ауданда диспетчерлік қызмет жұмыс істеп жатыр. Абай ауданы бойынша – 21-46-94, 21-41-71, Әл-Фараби ауданы бойынша, 54-58-46, 54-96-54, Қаратау ауданы бойынша, 42-10-21 және Еңбекші ауданы бойынша, 51-79-33, 57-45-51 телефон нөмірлеріне хабарласуға болады.
Шымкенттегі әлеуметтік мекемелер де жылумен толық қамтылған. Айта кетерлігі, барлығында дерлік жылу есептегіш құралдары орнатылған.
Нәтижесінде, жылу бағасы екі есе арзанға түспек. Ал көпқабатты тұрғын үйлердің 25-сінде ғана жылу есептегіш құралы орнатылған.

 

«Менiң әлсiз болуға хақым жоқ»

Понедельник, 02 Ноябрь 2015 11:32

Өмірде бақытсыздығы мен сәтсіздігін алға тартып, болмашыға күйінгендер қаншама?! Он екі мүшесі сау адамдардың тау қопарар сәттері мен алтын уақыттарын
мұңаюға, біреуді кінәлауға, өзін аяуға және жалқаулыққа бой алдырып, текке отыруға жұмсайтындары баршылық. Өмірдің кейбір сәттері осындай көріністердің лажсыз куәсі болуға мәжбүрлейді. Тағдырға мойынсұнып, жығылу оңай. Бірақ, дер кезінде бас көтеріп, бойын тіктеп ұстау, жетістікке жету, қоғаммен бірге тең аяқ басу – ерлік. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдардың арасында жігерлі, өмірге деген құштарлығы ұшан-теңіз азаматтар аз емес. Солардың бірі Ермек Қалымбетовпен сұхбаттасқан едік.

DSC 0094–Ермек, Қазақстанның жеңіл атлетикадан ел біріншілігінің жеңімпазы екенің белгілі. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы спорт додаларында  алдыңа жан салмай жүрсің. Бұл сенің ұзақ уақыт еткен қажырлы еңбегіңнің жемісі. Соған қарағанда, спортқа деген әуестігің сонау бала кезден басталған ғой?

–Мен алты жасымнан Төлеби ауданы, Көксәйек ауылындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған интернатта 9 жыл тәрбиелендім. Өзіммен қатар балалармен бірге спортпен шұғылдандым. Спортқа деген әуестігім сол кезден басталды. Бір күні Шымкент қаласындағы мүгедектерді оңалту орталығында қазіргі жаттықтырушым Арыстан Орынбаевпен таныстым. Менің мүмкіндіктерімді байқаған ол мүгедектердің арасында қоларба жарысы деген спорт түрінің бар екенін және менің соған икемім барын айтқан болатын. Бұрын-соңды спорттың мұндай түрі туралы естіген емеспін. Оның ұсынысына бірден келісе кеттім. Содан 2008 жылдан спортпен шындап айналыса бастадым. Бір жылдан соң, Талдықорған қаласында өткен жарыста бірінші орынды жеңіп алдым. Биыл тамыз айында Павлодар қаласында өткен республикалық паралимпиадада 100, 200 және 400 метрге жүгіруден бірінші орын алдым. Енді шетелге шыққым келеді. Сол жақта өзімді көрсетпей мен өзімді чемпионмын деп есептемеймін.

– Неге?

– Өйткені, ұмтылыс бар, бірақ жағдай жоқ. Біріншіден күнделікті жаттығу керек. Спортшының ас-ауқатының құнарлылығы да маңызды. Ал ең бастысы – кәсіби қоларба болу қажет. Мендегі стандартқа сай емес. Сондықтан, нормативті орындай алмай жүрмін. Қазіргі арбамды мүгедектерге арналған спорт мектебі алып берген. Бағасы – 5 мың доллар шамасында. Ал кәсіби арба Германия мен Жапонияда шығарылады. Оның құны – 25 мың доллар.  Сондықтан, кәсіби арбаға қол жеткізбей, жеңіл атлетика спортында айтарлықтай  нәтиже көрсету мүмкіндігім өте аз. Егер демеушілер табылып жатса, қуанар едім.

– Өзің айналысып жүрген спорт түрі төзімділік пен қайсарлықты қажет етеді. Өмірден қажып, түңілетіндерге, түрлі сылтау айтатындарға не дер едің?

– Кез келген асуды алуға, қиыншылықты жеңуге болады. Барлығы да адамның өзіне байланысты. Сылтау айту–жалқаулық пен немқұрайлылықтың салдары. Әсіресе, дені сау адамдар үшін ұят нәрсе деп ойлаймын. Өзім секілді көптеген адамдар мүгедектігіне қарамастан, өзгелерден еш кем еместігін ісімен дәлелдеп жүр. Алла адамға барлық мүмкіндікті беріп қойған. Егер адам өз бойынан дарын мен қабілеттің барын байқаса, әрі қарай дамыту керек.

– Қабілет демекші, би билеуден де кенде емессің. Жүлделі орындарға ие болып жүрсің. Қазақстанға есімің таныла бастады. Биге деген құштарлық қалай пайда болды?

– Биге әуестігім ойламаған жерден пайда болды. Мүгедектерді оңалту орталығында іс-шара өтетін болып, қызметкерлер екі жұпты билетпекші болыпты. Олар ұялып, бас тартқан соң, маған ұсыныс жасады. Мен бірден келісе кеттім. Екі қыз, екі жігіт болып вальс биледік. Көрермендердің көңілінен шықты. Өзіме де ұнады. Содан түрлі іс-шараларда билеп жүрдім. Би қимылдарын өзіміз ойлап шығардық. Бұл өнерімді көрген жаттықтырушым Арыстан Орынбаев «сені мүгедектер арасында өтетін би жарысына да апарайын, бағыңды сына» деді. 2013 жылы Тараз қаласында спартакиадада алғаш рет үлкен сахнада би билеп, соңғы орындардың біріне ие болдым. Сол кезде жан-жағыма қарасам, өңшең тіс қаққан бишілер. Мұңаймадым, намысымды қайрап, жігерлене түстім. Мұнан соң, Алматы, Шымкент қалаларында француздың “Je t’aime” әніне қойылған биді көрсеттік. Биде серіктерім көп болды. Салтанат, Ләззат, Асылзат деген қыздарға алғысым шексіз. Биыл қаламызда республикалық жазғы би және өнер фестивалі өтіп, бірінші орынды жеңіп алдық. Арбада отырсам да, маған би қимылын жасау қиын емес. Өзім шығарған трюктерім бар. Қол арбамен әлі ешкім істемеген қозғалыстарды жасаймын. Қауіпті әрине. Образға кіріп билеуді үйрендім. Бірақ, әннің мағынасына қарай көңіл босайтын жерлері де бар. Ол менің қолымнан келмеді. Мен жылай алмадым!

– Сурет салуға да икемің бар екен. Неге ол өнеріңді де дамытпасқа?

– Интернат қабырғасында суретті көп салатынмын. Көрген нәрсемді айна-қатесіз ақ қағаз бетіне түсіріп жүрдім. «Суретші болсам екен» деген ой анда-санда қылаң беретін. Бір күні суретші Әбілхан Қастеевтің «адамның фантазиясы болмаса, ол – суретші емес» деп айтқанын оқып қалдым. Менің сурет салғанда өзіндік ойым мен қиялымның жоқ екенін түсініп, суретші шықпайтынын түсіндім. Содан қылқаламға деген әуестігіме нүкте қойдым.

– Ал өмірде тағдырға налып, жігерің жасып жылаған сәттерің болды ма?

– Иә... Қазір сол күндерді еске алмауға тырысамын. Денеңдегі кемістік бала кезде байқалмайды. Есейе келе, бәрін түсіне бастайсың. Интернатты бітірген соң, айналама қарай бастадым.  Сонда адамдардың маған деген түрлі көзқарастарын көріп, іштей талай рет қынжылдым. Аяқ-қолдары сау адамдарды көргенде ашуланып, жылайтынмын. «Миллиондаған адамның арасынан неге мені мүгедек етіп жаратты? Не үшін?» деген сауалдар жиі мазалайтын. Осы сұрақтарды ата-анама қойып, оларды да қинадым. Осындай сәттерде нағашы әжемнің айтқан ақылы менің есімді тез жидырды. Ол «Интернатта өздігінен ас іше алмай, баратын жеріне жете алмай отырғандарды көріп, неге тәубеңе келмейсің? Сен олардың қасында әлдеқайда бақыттысың!» деді. Менің жылауға, әлсіз болуға хақым жоқ. Керісінше, мықтылығымды іспен дәлелдеуім қажет. Бар арманым – ата-анамды қуанту. Отбасында үш баланың кенжесімін. Әкем – Ауған соғысының ардагері, анам – мұғалім.

– Ермек, жұмысыңа жаяу келеді екенсің. Неге инватакси қызметін пайдаланбайсың?

– Шымкенттегі мүгедектерді оңалту орталығында мәдени ұйымдастырушы болып жұмыс істегеніме төрт ай болды. Осы орталықтың директоры Гүлия Лесбекқызына алғысым шексіз. Бір ауыз өтінішімді жерге қалдырмай, мені жұмысқа қабылдады. Әзірге маған инватаксидің қажеті жоқ. Денсаулығым үшін көп қимылдауға тырысамын. Қоларбамен келгенім өзіме жақсы. Шыныға түсемін. Үйім жұмысыма жақын болғандықтан, 10-15 минут уақытым кетеді. Жол-жөнекей ыңғайсыздықтар көп кездесетіні рас. Жаяу жүргіншілер жолы кейбір көшелерде жоқ. Оған қоса, кейде зуылдаған көліктер де кедергі болып жатады. Көшенің қарсы бетіне өту үшін жолдың қақ ортасында тұрып қалатын сәттерім аз емес. Алайда, жол беретін көлік жүргізушілері де жетерлік. Көпке топырақ шашуға болмайды ғой.

– Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

Жылу берiле бастады

Понедельник, 02 Ноябрь 2015 11:06

Шымкенттіктерге 26 қазаннан бастап жылу беріле бастады. Бұл туралы ОҚО әкімінің орынбасары Сәкен Қаныбеков облыс әкімдігінде өткен мәжілісте мәлімдеді. Қараша айында күнннің күрт сууына байланысты, 1 қарашаға дейін барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріліп бітуі тиіс.


48157С.Қаныбековтің мәлімдеуінше, қаладағы барлық әлеуметтік нысандарға жылу берілген. Облыс орталығындағы 1762 үйдің  жартысы жылумен қамтылды.
Естеріңізге сала кетейік, Толстой және Ақпан батыр көшелерінің қиылысында магистральді жылу құбырының жарылуы салдарынан қаланың солтүстік бөлігіне 27 қазанда жылу берілу тоқтатылған еді. Бұл орайда қалалық коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров Шымкенттің солтүстік бөлігі 30 қазан күні жылумен қамтылатынын және бүгінде жылу магистраліндегі барлық жөндеу жұмыстары аяқталғанын мәлім етті.
Айта кетейік, биыл ұзындығы 5,8 шақырымды құрайтын жылу құбырлары күрделі жөндеуден өтті. Сала мамандарының мәлімдеуінше, жылу жүйелерін ауыстыру 15 қазанда толық аяқталған. Қаладағы көпқабатты 1762 тұрғын үйдің 1711-і және 346 бюджеттік мекемелер жылу қабылдауға дайын. Апаттық жағдайларды алдын алу үшін кезекші қызмет (телефондары–50-30-50, 44-82-37) жұмыс істейді. Қаланы жылумен қамтитын «Энергоорталық» АҚ мен «Қуатжылу орталық-3» МКК шымкенттіктерді биыл да жауратпайтынына сенімді.

Шымқала шамдары

Понедельник, 02 Ноябрь 2015 11:02

Шымкентте биыл 22 көше жарықтандырылды. Оған облыстық бюджеттен 384 миллион теңге бөлінген. Қазіргі уақытта «Самал» шағынауданындағы  Б.Нұрлыбеков көшесінде сымдарды тарту, шамдарды қою жұмыстары аяқталуда.


02Қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Есіркепов қала көшелерін жарықтандыру жұмыстарының жаз айларында басталғанын және алғашқы жұмыстар ең алдымен орталық көшелерде жүргізілгенін айтты.

Шымкенттің 20 көшесін жарықтандыру үшін тендерді жеңіп алған «Тимур и 777» ЖШС-нің инженері Осман Юсуповтың айтуынша, тиісті жұмыстардың барлығы атқарылған. «Самал» шағынауданы, Қаратөбе даңғылы мен «Оңтүстік» елді мекеніндегі жұмыстар осы аптада толық аяқталады. Жалпы жарықтандыру үшін мыңнан астам бағаналар тұрғызылып, «Тұлпар», «Достық», «Қайтпас» шағынаудандары мен Гагарин көшесінің бойына төрт трансформатор қойылған. Келесі аптада электр стансасымен келісім жасалып, көшелерге жарық беріледі.
Айта кетейік, биыл көшелерден бөлек, аулаларды да жарықтандыру жұмыстары қолға алынып, бұл мақсатта 50 миллион теңге бөлінген. Сонымен бірге, төрт ауданға қарасты алты ауланың криминогендік жағдайы назарға алынып, жарықтандырылыпты.

Қар тазалаушылар қысқа дайын ба?

Понедельник, 02 Ноябрь 2015 10:55

Ауа райын болжаушылар аптаның соңына қарай күн күрт суытып, қар жауатынын хабарлады. ОҚО бойынша «Қазгидромет» орталығының директоры Махамбет Жазықбаевтың айтуынша, аптаның соңына қарай қар аралас жаңбыр жауып, қараша айының 1,2,3 күндері ауа-райы суытады. Жаңбыр аралас жауған қардың соңы көктайғаққа әкеп соғуы мүмкін. Ал, Шымкент қаласының жол тазалаушы мекемелері құбылмалы ауа райына, қыс мезгіліне қаншалықты дайын?


snapshot20130211165112-360x288Шымкент жолдарын қардан тазалауға жауапты  үш мекеме бар. Олар –«ЛТД Тұрмыс», «Югдорсервис» және «Бәйтерек ЛБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. Бұл мекемелер жол тазалауға қажетті техникалар мен құрал-саймандар сақадай сай екенін мәлімдеуде. Былтырдан қалған инертті материалдар қоры да бар. Мәселен, «Югдорсервис» ЖШС-нің қорында қазіргі уақытта 1300 текше метр тұз бен құмның қоры сақталған. Биылға 4 мың текше метр инертті материал алу жоспарланған. Қар тазалаушы көліктер де жаңартылған. Осы жылы екі әмбебап қар тазалайтын көлік сатып алыныпты. Қар түскен кезде жол тазалауға 20 көлік пен 100-ге жуық жұмысшы жұмылдырылатын болады. «Югдорсервис» ЖШС-нің директоры Сабыр Асановтың айтуынша, техника тұратын бастырмалар жөндеуден өтіп, көліктердің доңғалақтары ауыстырылыпты. Ақ қар, көк мұзда еңбек ететін жұмысшылардың киімдері де жаңартылған.
Шымкент қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Есіркепов биыл 20 мың текше метр инертті материал алынады деп отыр. Құмды карьерлерден тасыса, ал тұз Созақ ауданы мен Қызылорда облысынан жеткізіледі. Қазір жолға себуге қажетті материалдарды әкелуге көліктер жолға шықты. Жалпы, өткен жылдан қалған 4 мың текше метр құм мен тұздың қоры сақталған.     

Қаламыздың барлық мектептерiнде соңғы қоңырау соғылып, 6519 бітіруші үлкен өмірге аяқ басқалы отыр. Олардың 156-сы «Алтын белгіге» үміткер. Ал, ҰБТ-ға қатысатыны – 3943. Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында өткен соңғы қоңырау салтанатына қатысып, түлектерге ақ жол тіледі. Салтанатты іс-шараға, сондай-ақ, Еңбекші ауданының әкімі Ғ.Ілиясов, қалалық білім бөлімінің басшысы Ы.Мәдиев қатысты.

– Бүгін мектеп түлектері үшін маңызды күн. Әрқайсыларыңыз қимастық пен қуаныш сезіміндесіздер. Бiлiмге құштар қарымды жастарымыздың қатарын толтыратын тағы бiр жаңа толқынның легi сіздерді алда алғашқы үлкен сын күтіп тұр. ҰБТ-да шымкенттік оқушылардың жақсы нәтижеге қол жеткізетініне сенімдімін. Өйткені, білім саласына көп көңіл бөлінуде. Мәселен, былтыр, 40 мектеп күрделі жөндеуден өтсе, 17 мектептің құрылысы басталды. Оның 7-уі биыл пайдалануға беріледі. Биыл Шымкентте 6519 жас түлек мектеппен қоштасты. Сіздерге сәттілік тілеймін!, – деді қала әкімі Дархан Сатыбалды.

Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясын 158 оқушы бітіреді. Оның 10-ы «Алтын белгіге» үміткер. Солардың бірі – Ерлан Белас. Оның үздік оқуына әжесі ықпал етіпті. Жастайынан әдеби кітаптарды оқуға баулыған. Ерлан Шығыс және Еуропа классиктерінің шығармаларын көп оқыпты. Жас түлек бағдарламашы мамандығын таңдап отыр. Алдағы ҰБТ-дан жоғары балл жинайтынына сенімді. Аталмыш оқу орнының директоры Қатира Қадырбаеваның айтуынша, мектеп оқушыларының барлығы да дарынды.

Мәселен, Болгария, Франция, Ресей және Санкт-Петербург қалаларында өткен математикалық жарыстардан жеңіспен оралған. Республикалық сайыстарда да жүлделі орындардан көрінуде. Бір ғана халықаралық олимпиаданың өзінен 300-ден астам оқушы грант жеңімпазы атанып отыр. Бес ұстаз үздік мұғалім атанған.

№45 мектеп-гимназиясы да соңғы қоңырау салтанатын түлектердің есінде мәңгі сақталардай етіп өткізуді дәстүрге айналдырған. Биыл мектеп бітіретін 35 түлекті құттықтап, сәт сапар тілеу мақсатында салтанатты іс-шараға қала әкімінің орынбасары Б.Жанбосынов, Әл-Фараби ауданының әкімі Ғ.Ілиясов, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары С.Байдаулетов арнайы қатысты. Мектеп-гимназия директоры Р.Пак ұжымды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, бітіруші түлектерге алдағы жауапты сынақ ҰБТ-ны жақсы бағалармен тапсыруларына тілектестігін білдірді. «Бұл күн – мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алатын күн. Елімізде сендердің сапалы білім алып, кәсіби мамандық иесі болуларың үшін барлық жағдай жасалған. Жоғары білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңа тілектеспін. Алдағы уақытта да жетістіктеріңмен қуантып, жоғары білімді азамат, білікті маман болатындарыңа сенемін», – деді мектеп директоры.

Адам өмiрiндегi жүрек толқытар, әсерлi де сәулелi сәт – мектеп қабырғасындағы соңғы қоңырау салтанаты. Бұл күн қаламыздағы барлық мектеп бiтiрушi түлектердiң өмiрiнде ерекше орын алып, есiнде мәңгі қалары анық.

Страница 19 из 27