Өркенді істер жалғасын табады Избранное

Пятница, 20 Февраль 2015 04:25 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4675 раз

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2014 жылы атқарылған
жұмыстар туралы халық алдында есеп берді

DSC 0423Облыс әкімінің есебі Шымкентте жаңа әкімшілік-іскерлік орталығындағы «Түркістан» сарайында өтті. Есеп беру кездесуіне жергілікті тұрғындармен қатар, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қ.Айтаханов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мамытбеков, ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ж.Естенов қатысты.

– Оңтүстіктегі индустриалды аймақ − республикадағы ең толыққанды жұмыс істейтін үлгілі аймақ. Жалпы, аймақта 71 жобаға 77 миллиард теңге тартылды. Нәтижесінде, бюджеттің бір теңгесіне 18 теңгеден жеке инвестиция келіп отыр, − деді
Асқар Мырзахметов есеп беру кездесуінде.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Оңтүстік» индустриалды аймағынан бөлек, Шымкентте қосымша 4 индустриалды аймақ ашылатынын хабарлады.
– Шымкенттегі бес индустриялық аймақ пен еркін экономикалық аймақта 140-қа жуық жоба іске қосылып, 22 000 жұмыс орны ашылады. Сонда кезінде «Фосфор», «Қорғасын», «Шина» зауыттарында болған 20 мың жұмыс орнынан асқалы отыр, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Шымкенттегі «Сауда-логистикалық орталығында» 8 ірі жоба жүзеге асуда. Былтыр мұнда халық-аралық стандарттарға сай «А» класты қойма іске қосылды. Дәл осы сынды орталықтар Түркістан мен Мақтааралда да салынуда.
Ерекше атап өтерлік жайт, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы индустрияландыру картасын іске асыру бойынша елімізде бірінші орынға шығып отыр. Қазір өңірде 1,2 триллион теңгенің 223 жобасы жүзеге асуда. Олардың басым бөлігі – ауылды жерлерде. Жалпы, өңірде 33 мыңнан аса жұмыс орындары ашылмақ.
Аймақ басшысы өз баяндамасында өзге салалардағы атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 324,6 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 28 млрд-қа көбейген. Жылыжай көлемі 910 га жеткен. Бұл республикадағы көрсеткіштің 87 пайызы. Жылыжай шаруашылықтарынан 150 мың тонна өнім жиналған. Сондай-ақ, «Балапан» бағдарламасы аясында өңірімізде мектепке дейінгі 160 ұйым ашылған. Нәтижесінде бүлдіршіндерді қамту көрсеткіші 67,2 пайыздан 76,8 пайызға өскен.
Әкімнің баяндамасында мәлім болғандай, облыста белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 128 мыңға жетіп, шағын және орта бизнес субъектілерінің шығарған өнімі 522,3 млрд. теңгені құраған. Сондай-ақ, жергілікті «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығы» арқылы 6,9 млрд. теңгені құрайтын 1395 жоба қаржыландырылған. «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары» 45 мың кәсіпкерге көмек көрсеткен. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 73 млрд. теңгені құрайтын 353 жоба мақұлданып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
DSC 0570Есепті кездесу барысында өңіріміздің әр аймағынан келген тұрғындар тұрмыстық және қоғамдық мәселелер бойынша облыс әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Оның ішінде Шымкент қаласындағы тұрғын үйге қатысты сауалдар да болды. Бұл мәселеде облыс әкімі өз пікірін білдіріп, нақты мәліметтерді келтірді.
– Әрине облысымызда тұрғын үйдің күрделі екендігі белгілі. Тұрғын үй ғана емес, сондай-ақ, жер мәселесі де өзекті. Дегенмен, жоспарымыз бар, мәселелер де өз уақытымен шешілуде. Жалпы, қала бойынша үй кезегіне тұрғандардың саны 14 мыңнан астам. Тұрғындардың кезек ретінің бәрі сайтқа енгізілген. Қазіргі таңда қалада 61 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның 8-і өткен жылы қосылды. Қалған 53 тұрғын үйдің құрылысы биыл қосылуы керек. Жоғарыдағы 53 үйдің барлығы мемлекеттік қызметкерлерге берілетін арендалық, ипотекалық үйлер. Нақтырақ айтқанда, 220 мың шаршы метр болатын тұрғын үй биыл пайдалануға беріледі. Осы 53 үйдің есебінен 5 мыңға жуық тұрғынның мәселесі шешіліп, баспаналы болады, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, жиында Шымкент қаласы «Қайтпас-2» шағынауданының тұрғыны Құралай Андасова өзі тұратын аудандағы электр жарығының сапасын жақсартуға қатысты ой-пікірін айтты. Бұл орайда облыс әкімі өзекті мәселеге байланысты былайша жауап берді.  
– Қаланы жарықпен қамтамасыз ету, жарықтың сапасын күшейту мәселелері біздің үнемі назарымызда, – деді Асқар Мырзахметов. – Бұл бағытта да атқарылып жатқан жұмыстар бар. Мысалы, Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтағы солтүстік подстанциясы, өткен желтоқсан айында шешімін тауып, іске қосылды. Енді екінші үлкен жобаның бірі – Бозарық подстанциясы. Қазір құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба іске қосылса қаланы электрмен қамтамасыз ету жағы жақсара түседі. Жалпы, қазір қаланың ауқымы ұлғайып жатыр, өздеріңізге мәлім, қалаға 40-қа жуық елді мекен қосылды. Осы елді мекендердегі көп трансформаторлар ескірген, яғни 300-ге жуық трансформатор талапқа сай емес. Біз оған зерттеу жүргіздік. Қазіргі таңда 500-ге жуық трансформатордың тізімі анықталып, «Оңтүстік-Жарық» мекемесімен жоспарын жасап жатырмыз.
Есепті кездесудің барысында аймақ басшысы барлық сауалдарға тыңғылықты жауап беріп, халықтың оң бағасын алды.

Последнее изменение Среда, 25 Февраль 2015 06:35
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.