Баламасыз бастама: Ел қалауы – Елбасы төңiрегiнде топтасу

Пятница, 20 Февраль 2015 04:56 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 3784 раз

Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастамасы жалпыхалықтық қолдауға ие болуда. Еліміздегі саяси партиялар, азаматтық қоғам институттары, жастар мен кәсіпкерлер қауымдастығы тарапынан қолдау білдірілген мәлімдемелер жасалды. Кеше халықтың қалауынан туындаған бастаманы сенаторлар да құптап, көзқарастарын білдірді. Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын өткізу туралы ұсынысын қарап, ҚР Президенті Н. Назарбаевқа Үндеу жолдады.

121121«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Парламент Сенаты Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс президенттік сайлауын өткізу туралы бастамасын толығымен қолдайды. Уақыттың өзі талап етіп отырған бастама барша халықтың қызу қолдауына ие болды, қазақстандық қоғамда оң пікірлер қалыптастырды», – делінген Үндеуде. Сенаторлар Мемлекет басшысынан Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кезектен тыс Президент сайлауын тағайындау туралы мәселені қарастыруын сұрайды. Сондай-ақ ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның 72-бабын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Кеңеске ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау мәселелері регламенттелген Республика Конституциясының 41-бабының 3-1 тармағын ресми түсіндіру туралы өтініш жолдады.
 Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы ұсыныс қаралып, палата депутаттары да Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына үндеу жолдап, президенттік сайлау өткізу туралы ұсынысты қолдауды және сайлау мерзімін белгілеуді сұраған болатын. Өткен аптаның
соңында бастау алып, жалпыхалықтық талқылауға түскен бастама жөнінде ретімен баяндасақ.
Өткен сенбіде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері ҚР Парламенті Мәжілісіндегі ҚХА депутаттық тобына, саяси партияларға, Мемлекеттік емес ұйымдарға және бүкіл Қазақстан халқына Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы Үндеу жолдады. Үндеуде әлемдік экономикалық дағдарыс пен күрделі халықаралық жағдай орын алып отырған тұста сайлау өткізу туралы жалпыхалықтық бастаманың көтерілуі уақыт талабы болып табылатыны айтылған. Сондай-ақ, Үндеу жолдаушылар жаһандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті
Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты берілуі қажет деп есептейді. Күрделі заманда барша қазақстандықтарды Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төңірегінде топтасуға шақырады. «Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу арқылы экономика өсімін нығайту, жүргізіліп отырған саясаттың сабақтастығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл бастамаға шын мәнінде басқа балама жоқ. Сонымен бірге ендігі 2016 жылы президенттік және парламенттік сайлаулар бір мезгілге сәйкес келеді. Конституция нормаларын бұлжытпай орындау мақсатында екі сайлауды әртүрлі кезеңдерде өткізген жөн» делінген Үндеуде.
«Нұр Отан» партиясы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын қолдайтынын алғашқылардың бірі болып мәлімдеді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партия мәлімдемесін Қазақстан халқына жария етті.
«Сайлау өткізу – бұл біздің ұзақмерзімді «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Мәңгілік Ел» идеясының жүзеге асырылуын қамтамасыз ете отырып, бұдан да қуатты, бұдан да тастүйін бола түсуіміздің тарихи мүмкіндігі. Бүгінгідей беласарлық тарихи межеде, «Нұрлы Жол» бағдарламасын іске асыру үшін бірлік пен келісімді, тұрақтылықты нығайтудың, қоғам мен мемлекеттің, еліміздің барша азаматтарының күш-жігерін жұмылдырудың маңызы орасан. «Қазақстан-2050» мақсаттарына сәйкес серпіліс жасай отырып, жұмыс орындарын сақтау, қарапайым азаматтардың әл-ауқатына қайнар болу, болашақтың инфрақұрылымын салу аса маңызды», – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары. Сондай-ақ, апта басында Президент сайлауын кезектен тыс өткізу жөніндегі бастаманы қолдайтындықтарын Астанада «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы және Қазақстан Коммунистік Халық партиясы мәлім етті. Сонымен қатар, бұл бастамаға орай еліміздегі көптеген қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер де өз мәлімдемелерін жасады.

Последнее изменение Пятница, 20 Февраль 2015 05:15
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.