ІШКІ КӨШІ-ҚОНДЫ ЫНТАЛАНДЫРУДЫҢ ЖАҢА ШАРАЛАРЫ ЕНГІЗІЛДІ Избранное

Среда, 14 Декабрь 2022 05:11 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 795 раз

Елімізде көші-қон саясатын жетілдіру, адам құқықтарын қорғау өзекті мәселелердің бірі саналады. Нарықтық экономикада адами капиталды дамыту, еңбек ресурстары күшін пайдалану, мигранттар арқылы өндірісті дамыту жаңа міндеттер жүктеді. Жуырда Шымкент қаласында Көші-қон жөніндегі жаһандық шарттың жұмысын жандандыру, БҰҰ Көші-қон желісінің елімізде сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша саланың өзекті деген мәселелері зерделенді.

85

 

Жиында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҮЕҰ өкілдері қатысып, пікір алмасты.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ильяс Испанов бұл бағыттың мақсаттары мен міндеттеріне жан-жақты тоқталып, негізгі атқарылған жұмыстарды баяндады. Жауапты басшы қазіргі таңда білікті кадрлар даярлау, жаңа технологияларды енгізу, шетелге шыққан азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелері өзекті болып отырғанын жеткізді.
БҰҰ Бас ассамблеясы халықаралық көші-қон саласындағы ынтымақтастықтың негізінде Көші-қон жөніндегі жаһандық шартты мақұлдаған еді. Онда көші-қон саясатын жетілдіру, мигранттар үшін жеңілдіктер қарастыру, өзекті мәселелерді барынша азайту көзделген. Қазір елімізде көші-қон саясатын жетілдіруге ерекше назар аударылуда.
– Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты тиімді шешімдер қабылданып, көші-қон саласында мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын реттеу қажет. Елімізде «Көші-қон туралы тұжырымдама» әзірленді. Ол көптеген бағыттарды айқындайды. Айталық, тұжырымдамада елімізге білікті мамандарды тарту, бәсекелестік орта қалыптастыру, жаңа технологияны дамыту, шетелдегі азаматтарымыздың құқығын қорғау, іштегі көші-қонды реттеу айқындалған, - дейді И.Испанов.
Ал Шымкент қаласында бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, шаһарда бұл салада жүзеге асқан жұмыстар жетерлік. Алайда бірқатар мәселелер де бар.
– Қазіргі таңда Шымкент қаласында сыртқы және ішкі көші-қон мәселелері өзекті бола түсті. Статистика бойынша қалада биыл 10 айда 36 мың шетелдік есепке алынған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, көрсеткіш екі есе ұлғайып отыр. 2022 жылдың 1 қарашадағы жағдай бойынша 1182 адам қандас мәртебесін алған. Жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеті – оларға жағдай жасау, уақытша тұрғын жай және жұмыспен қамту. Әрине, мемлекет тарапынан оларға тиісті төлемдер төленді.
Сондай-ақ, 2022 жылы шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша берілген квота саны 1,5 есеге көбейіп отыр. Жалпы шаһарда мұнай-газ саласы бойынша мамандар тапшы. Ендігі ретте қалада 500-ге жуық адамды осы салаға оқыту жоспарда, – дейді Ғ.Мәуленқұлов.
Ендігі кезекте ішкі және сыртқы көші-қон саласындағы қазіргі және келешектегі сын-қатерлерді назарға алып, мемлекеттік басқарудың тұжырымдамалық негіздерін қалыптастыру қажет. Көші-қон арқылы ел алдында тұрған демографиялық сын-қатерді еңсеріп, кейбір өңірлердегі еңбек ресурстарының жетіспеушілігін толықтыруға және жұмыссыздықты азайтуға болады. Көшіп-қонушылармен бірге жаңа білім, технологиялар, инвестициялар келетіні белгілі.

86


Шетел азаматтарының еліміздің аумағында болу және олардың еңбек қызметін жүзеге асыру қағидаларын жетілдіру, шетел азаматтарының рұқсатнама құжаттарын алу рәсімдерін одан әрі жеңілдету, ашықтығын қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыруын бақылау, ҚР аумағында жүрген, мәртебесі реттелмеген көшіп-қонушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге басымдық берілуде.
Сонымен қатар, көші-қон саласындағы барлық процестерді цифрландыруды жетілдіру басты назарда тұр.
Бұл орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон саясаты тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Құжат елдің экономикалық дамуын кадрлық қамтамасыз етуді қолдауға бағытталған. Ішкі көші-қонның басты мақсаты азаматтарды көшіру емес, оларды жұмыс күші тапшы өңірлерде жұмыс орындарын ашу және жұмыс күшінің өңіраралық теңгерімсіздігін шешу.
Қазақстанда ішкі көші-қонды ынталандырудың жаңа шаралары енгізіліп отыр. Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің көші-қон саясатының тиімділігін арттыру бойынша жаңа шаралар пакеті ұсынылды. Оларды іске асыру мақсатында көші-қон саясатының алдағы 5 жылға арналған жаңа тұжырымдамасы шеңберінде ішкі көші-қонды ынталандыруға бағытталған бірқатар шаралар көзделетін болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жаңа тұжырымдама аясында тарихи отанында қандастарды қабылдау және жайғастыру саясаты да қайта қаралмақ.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.