КӘРІЗ – шаһардың күре тамыры Избранное

Среда, 11 Январь 2023 06:12 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1171 раз

Шымкент қаласында 2022 жылдың қорытындысы бойынша кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60 пайызға жетті. Жалпы бұл көрсеткішті кезең-кезеңімен ұлғайту көзделуде. Кәріз жүйесінің су тазалау қондырғысының қуаттылығын арттыру, өндіріске жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынған. Жуырда шаһарда халықаралық стандарттар деңгейінде жұмыс істейтін жаңа тазарту қондырғысының құрылысы басталды.

606

 

ЖАҢА ЖОБА

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында өндіріске жаңа технологияларды енгізу, цифрландыруды ұлғайтып, желілер мен қуаттардың тозуын кем дегенде 15 пайызға азайту керек екенін айтқан болатын.
Осы бағытта қаланың солтүстік-батыс аумағында тәулігіне 50 мың текше метр су тазартатын жаңа қондырғының құрылысы бастау алды. Нысанның жалпы ауданы – 4,2 гектар. Бас мердігер – «Сарыағаш-Аман» ЖШС. Жаңа қондырғы іске қосылса, шаһарда су тазарту жағдайы 200 мың текше метрге жетеді.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов жаңа құрылысты бастап беріп, маңызды жобаның мүмкіндігімен танысты. Қазіргі таңда шаһарда әкімшілік іскерлік орталық, «Шымкент сити» шағынауданында, қаланың солтүстік бөлігінде көпқабатты үйлердің құрылысы қарқын алған. Жаңа елді мекендер қосылып, жеке секторлар құрылып жатыр. Осыған орай халықты кәріз жүйесімен қамтып, халыққа қолайлы жағдай жасау басты назарда тұр. Мұрат Дүйсенбекұлы кәріз жүйесімен қамту, су тазарту құрылғыларының әлеуетін арттыру мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.

607


– Шаһарда кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 60 пайызға жетті. Қаланың алдағы дамуын ескеріп, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-мен бірлесе алдын ала жаңа тазарту құрылғысы нысанының құрылысын бастап отырмыз. Жаңа жоба мемлекеттік бағдарламаға енгізілді. Қаржының 50 пайызы мемлекет тарапынан бөлінсе, жартысы Еуропалық қайта құру және даму банкінің несие қаржысы есебінен тартылды. Құрылысты 2024 жылы аяқтап, нысанды іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы елдімекендер мен шағынаудандарды кәрізбен қамтуды 2025 жылға дейін 75 пайызға жеткізу жоспарда, – деді шаһар басшысы.
Жаңа жобаға тапсырыс беруші «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің бас директоры Анарбек Орманның айтуынша, жобаның жалпы құны – 3,6 млрд теңге. Аталған мекеме көп жылдан бері Польша елімен әріптестік байланысын арттырып келеді. Осыдан он жыл бұрын 100 мың текше метр суды тазарту жобасына қолға алынған болатын. Қаланың кеңеюіне байланысты үш жыл алдын бұл көрсеткіш 50 мың текше метрге ұлғайды. Енді міне, тазалау үдерісінің қуаттылығын одан әрі арттыру міндеті тұр.
– Қазір тәулігіне 150 мың текше метр су тазартып отырмыз. Осы жоба арқылы бұл көрсеткішті 200 мың текше метрге жеткіземіз. Сонымен қатар, біз кәріз қалдықтарынан бигоаз алып, одан электр энергиясын өндіреміз. Осында пайдаланып жатқан электр энергиясының 95 пайызын өзімізде өндіру мүмкіндігі бар. Қосымша жаңа нысанның құрылысына қала әкімдігі қолдау көрсетті. Енді құрылысты 1,5 жылда аяқтаймыз деген жоспар бар, – дейді компанияның бас директоры.

60 ПАЙЫЗҒА ЖЕТТІ

Қазіргі таңда пайдаланған суларды экологиялық, санитарлық талаптарға сәйкес, тазартып, табиғатқа қайтару – басым бағыттардың бірі. Кәсіпорындар, өндіріс орындары, көпқабатты үйлер, жеке секторлардан шығатын шайынды сулардың көлемі жылдан-жылға артып келеді.
Осыған байланысты өндірісті арттыру, тазалау қондырғыларының әлеуетін ұлғайту міндеті тұр. Жалпы қалада кәріз мәселесі қаланың жаңа Бас жоспарына сәйкес толыққанды шешіледі. 2030 жылға дейін 350 мың текше метр қуаттылығы бар тазалау қондырғысы салынады. Ол жоба іске асса, халық 100 пайыз кәріз жүйесімен қамтылмақ. Қазіргі уақытта жаңа жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.
Шаһардың кәріз жүйесімен қамтылу көрсеткіші 2021 жылы 54 пайызға, 2022 жылы 60 пайызға жетіп отыр. Қаланың даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткішін 75 пайызға жеткізу жоспарға қойылған.
Қалада өткен жылы 20 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2 магистралды кәріз коллекторының (Арғынбеков кол, Тұран ішкі магистрал), 1 кәріз сорғы станциясы (Достық КНС) және Самал-3, Солтүстік шығыс, Солтүстік батыс, Жұлдыз елді мекендері мен Айша бибі және Хлопзавод-Шолохов көшелеріне кәріз құбырын тарту құрылысы аяқталды. Жыл қорытындысымен 2022 жылы қалада 65 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесімен қамтуға мүмкіндік алды.
Желілердің тозуын 15 пайызға азайту тапсырмасына сәйкес, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС тарапынан зерделеу жұмыстары жүргізілген. Қала әкімі бұл бағытта инвест бағдарламаларды өз мерзімінде орындау, мемлекеттік бағдарламалар бойынша тиісті жұмыстар атқаруға тапсырма берді.

68 ҚАЛАДА КӘРІЗ ТАЗАРТУ ЖҮЙЕЛЕРІ ТОЗҒАН

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023-2028 жылдар аралығында елімізде кәріз тазарту жүйелері құрылысын жүргізіп, желілерді жаңғырту жоспарланған. Зерделеу нәтижесінде, республикада 68 қалада кәріз-тазарту жүйелерін салу қажеттігі туындаған. 41 қалада оның тозу деңгейі 60 %-ға жетіп отыр. Бұл бағытта былтыр Сарыағаш, Атырау және Форт-Шевченко қалаларында бірқатар жобалар жүзеге асырылған. Биыл Ақтау, Ленгер және Шымкентте тағы 3 жобаны іске асыру көзделіп отыр. ҚР Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өкілдері осылай деп мәлімдеген еді.
Қалалардағы экологиялық ахуалды ескере отырып, кәріз-тазарту жүйелерін жаңғыртудың іске асыру кезеңдері мен қаржыландыру көздеріне байланысты аталған жобалардың тізбесі қалыптастырылды. Қаржыландыру мәселесі бойынша, негізінен, Еуропа қайта құру және Даму банкі мен Азия Даму банкімен белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
Айта кетсек, кәріз-тазарту жүйелері жобаларын іске асырудың жолдары тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында қарастырылған.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.