Елеулі мәселелерді екі жылда еңсерген аудан Избранное

Пятница, 03 Март 2023 04:31 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 685 раз

Абай ауданының аумағына 2014 жылы 10 елді мекен қосылды. Салдарынан шаһардағы төрт аудан ішінде аумағы үлкен Абай ауданына қосылған елді мекендерде инфрақұрылым мәселесі қордалана берді. Тұрғындардың талап-тілегі Шымкенттің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді даму жоспары мен қала әкімі Мұрат Әйтеновтің халықпен кездесуінен кейін кезең-кезеңімен шешіле бастады. Соңғы екі жылда ауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары бұрын-соңды болмаған қарқынмен іске асты. Абай ауданының тыныс-тіршілігі мен 2022 жылы атқарылған жұмыстар жайлы аудан әкімі Бұхарбай Парманов тілшімізге егжей-тегжейлі баяндап берді.

90

 

— 2020-2022 жылдары ауданға ауыз су құбырын тарту жұмысына 14,2 миллиард теңге қаржы жұмсалды. Бұл қаражатқа 2020 жылы - 4, 2021 жылы - 5, өткен жылы 1 елді мекен ауыз сумен қамтылды. Ал, электр қуаты үшін 7,2 миллиард теңге қаралып, 2021 жылы - 5, 2022 жылы 3 елді мекен сапалы жарыққа қол жеткізді. Бюджеттен қаралған 5,4 миллиард теңгеге 2021 жылы -1, 2022 жылы 7 елді мекен табиғи газ жүйесіне қосылып, 2023 жылы 3 шағын ауданда құрылыс жұмысы басталды. Кәріз жүйесін жүргізу жұмысына 2,5 миллиард теңге қаралып, 2021 - 2022 жылдары 2 елді мекенге орталықтандырылған құбыр тартылды. Ал, 2025 жылға дейін 6 елді мекенді кәрізбен қамту жоспарланып отыр. Жол құрылысы үшін екі жылда 5,1 млрд теңге бөлінді. Жалпы атқарылған ауқымды іске 34,4 млрд теңге жұмсалды, - деді аудан әкімі.

88


Абай ауданына қарасты 34 елді мекенде 322,9 мың тұрғын бар. Осы елді мекендердің 33-і ауыз сумен, 31-і электр энергиясымен және 27 елді мекен табиғи газбен қамтылған. 2022 жылдың соңында ауыз суды тасымалдап ішетін Құрсай шағын ауданына су құбыры тартылып, мердігерлер жұмысты толық аяқтады. Бұдан бөлек, сапалы энергияға қолжетімділікті арттыру бойынша да атқарылған тірлік аз емес. Айталық, жекеменшік трансформатордан жарық алып отырған Нұрушақ, Батыс шағынауданы мен Жаңаталап тұрғын алабына электр желісі жүргізіліп, сапалы электр қуатымен қамиылып отыр. Ал Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас, Ақтас-2 шағын аудандарына газ құбыры тартылып, абоненттер кезең-кезеңімен жүйеге қосылып жатыр.
Ауданда 453 көпқабатты тұрғын үй 258 аулаға біріктірілген.Аумақ тұрғындардың жүріп-тұруына, қауіпсіздігіне, балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған.
Б.Пармановтың айтуынша, 2014 жылдан бері 222 аула абаттандырылып, 56 спорт алаңшасы салынған. Өткен жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы шеңберінде жергілікті бюджеттен 956,1 млн теңге қаржы қаралып, оған 5 үйдің ауласы жөнделіп, елді мекендерде 27 спорт алаңша орнатылған. «Халық қатысатын бюджет» жобасының үлесі мен тұрғындардың белсенділігі 2021 жылмен салыстырғанда өткен жылы 5,1 пайызға өскен. Ал биыл 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жолы бұқаралық спортты дамыту және тұрғындардың салауатты өмір салтына баулу мақсатында 15 әмбебап спорт алаңы, 3 ойын және спорт алаңшасы салынбақ. Осы мақсатқа 497,5 млн теңге жұмсау көзделген.
Мұнан кейін аудан әкімі аумақтың ирригациялық жүйемен қамтылу мәселесіне тоқталды. Аумақта су басу қауіпі бар 63 орын (48,8 шақырым) анықталыпты.
— Анықталған орындардың ирригациялық жүйесін қалпына келтіру және жаңасын салу жұмысы 2024 жылға дейін толық атқарылады Ауданда 451 көшенің суағары бар. Жауынды күндері су басудың алдын алу мақсатында былтыр 11,4 шақырымды құрайтын 21 орынға ирригациялық жүйе салынды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыратын боламыз. 2023 жылы 5 көшеде ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын ирригациялық арық құрылысы қолға алынбақ. Бұл үшін бюджеттен 68,4 млн теңге қаржы бөлініп, қазір мердігерді анықтау бойынша конкурс өтіп жатыр. 2024 жылы 9,2 шақырымды құрайтын 15 көшеге суағар салу жоспарланған, - деді Бұқарбай Рысқұлұлы.
Өткен жылы мегаполисте бесінші аудан құрылды. Осы өзгерістерден кейін ауданға 8 елді мекен қосылды. Олар – Қайнарбұлақ саяжайы, Қайнарбұлақ тұрғын алабы, Достық, Асар, Асар-2, Шымсити, Ақжайық және Бозарық шағын аудандары. Бұл елді мекендерді су, жарық, газбен қамту – күн тәртібіндегі мәселе.
— Ауыз су кезекпен берілетін Қайнарбұлақ тұрғын алабы жыл соңына дейін сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Электр энергиясын жекеменшіктен алып отырған Асар-2 шағын ауданы мен Қайнарбұлақ тұрғын алабында қазір бағана орнату, сым тарту жұмыстары жүріп жатыр. Ел игілігіне берілсе, екі елді мекендегі 2 мыңға жуық абонент сапалы жарықпен қамтылады. Ал, қатты отынды пайдаланып келген 6 елді мекенде биыл құрылыс жүріп жатыр. Атап айтсақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен Қайнарбұлақ саяжайы, Асар-2 шағын ауданында құрылыс жұмыстары биыл аяқталса, Ынтымақ-2 тұрғын алабындағы құрылыс келер жылға өтпелі. 2024 жылы «Тәуелсіздікке 20 жыл» және Бозарық шағын ауданында газ құбыры тартылды. Жалпы, Абай ауданында табиғи газ мәселесі 2024 жылы толық шешімін табады, - деді аудан әкімі.

89


Бұхарбай Рысқұлұлы аудандағы жол құрылысына тоқталды. Аумақта 1028,1 шақырымды құрайтын 1 274 көше бар. Оның 48,5 пайызы, яғни 543 көше асфальт. Ал, 691 көшеге шағал тас төселсе, 17,9 шақырымды 40 көше топырақ жол.
— Өткен жылы 39 көшеге жөнделді. Биыл 60 көше орташа жөндеуден өтеді. Осы мақсатқа бюджеттен 3,1 миллиард теңге қаралып отыр. Одан бөлек, 40,4 шақырым топырақ жолға шағал тас төселеді деп жоспарланып отыр, - дейді аудан әкімі.
Ауданда 2020 жылы 71 көше, 2021 жылы 40 көше жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 10,8 пайызға жетті. Ал, 2022 жылы мелекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жарықтанған көше саны 160-қа жеткен. Биыл жарық шам орнатылған көше санын 214-ке жеткізу жоспарланған. Жалпы, 2025 жылға дейін шам орнатылған көшелер 410 болмақ. Бұл көшені жарықтандыру көрсеткішін 40 пайызға жетеді.
Халықтың өмір сүру сапасын жақсартуды мақсат екен Бұхарбай Парманов аудан аумағы 2025 жылы толық инфрақұрылыммен қамтылатынын тілге тиек етті. Ал, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жұмыстар әлі де жалғаса бермек.