Шымкент медицинасына әлемнің озық тәжірибесі енгізіледі

Среда, 31 Май 2023 03:19 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 406 раз

shymkent-med

Шымкентте медициналық ұйымдарда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің әлемдік озық практикасы енгізіледі. Бұл бойынша қаладағы 4 медициналық ұйымның бас дәрігері сәуір-мамыр айларында оқудан өткен. Өткен аптада озық тәжірибені қолдану бойынша Шымкент қалалық №6 емханада 3 күндік семинар өтті.

Жиынға «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төлебай Қосиябекұлы келді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев және бірқатар дәрігер-профессорлар шаһардағы №1, 3, 6, 7 емханаларды аралап, дайындығын бақылады.

–Жобаның мақсаты – халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, науқастарға сапалы және жедел көмек көрсету, озық инновациялық технологияларды пайдалану, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру. Бұл жобада пациент және оның отбасының қажеттіліктері төңірегінде барлық медициналық қызметтер біріктіріліп, көрсетіледі. Еуропаның 53 мемлекетінде модельді платформа болып жарияланған бұл жобаның берері көп. Жоба аясында халықтың да медициналық білімі артпақ. Бүгінгі таңда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету стандарты әзірленді. Стандартта халықтың денсаулығын жақсартуға бағытталған «Адам – Бағдарланған тәсіл» МСАК озық тәжірибелерін енгізу, ерлер денсаулығы, салауатты тамақтану, денсаулық мектептері, балаға мейірімді қарым-қатынас, ақыл-ой денсаулығы енгізілген,–деді профессор Т.Қосиябекұлы.

Бұған дейін тәжірибе ретінде енгізілген платформа жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Дәрігерлер жобаның мақсаты аурудың алдын алу шараларын күшейту дейді.

–Бұл Қазақстан бойынша Алматы, Жамбыл облыстарынан кейін Шымкент қаласында ашылатын үшінші орталық. Пациенттермен жұмыс істеудің жаңа моделін енгізу алдында өңірдің медициналық ұйымдарымен тәжірибе алмастық. Бүгінде – республикада оңды нәтижесін беріп отырған жоба. Біздің емханамызда орталық жұмысы пилоттық жоба ретінде енгізілген. Нәтижесінде емханаға келушілер саны көбейіп, пациенттердің қанағаттану деңгейі артты, шағымдар саны азайды, - деді емхананың бас дәрігері Айгүл Орынбасарқызы.

Айта кетейік, 2022 жылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының МСАК – алғашқы медициналық-санитарлық көмектің озық тәжірибелерін көрсету бойынша алғашқы демонстрациялық алаңы ашылған болатын. Еңбекшіқазақ ауданы қазіргі уақытта озық тәжірибелерді енгізудің табысты нәтижелерін көрсетуде. Халықтың МСАК медбикелері мен әлеуметтік қызметкерлерге жүгіну саны артып, отбасылық дәрігерлерге жүгіну саны үш есеге, ал бейіндегі мамандарға жүгіну саны 50 пайызға азайған.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.